• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:57:05
Алматы
+35°

Фото: Ашық дереккөз

Азын-аулақ көмектің өзі біреулер үшін үлкен демеу. Жақсы ниетпен жасалған сый-құрмет кез келген адамның жанын жадыратады. Сондай жандардың бірі Наурызбай аудандық пробация қызметінің тіркеуінде тұрған Аманжол есімді азамат. Тағдырдың тәлкегімен жаза басып істі болған ол қазір бала-шағасымен шағын жер үйді жалдап отыр.

Аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Замир Бейсенбетов бастаған топ Аманжолдың үйіне ат басын бұрып, оларға азық-түлік қоржынын табыс етті. Аға инспектормен бірге онда «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорының мүшелері және аудандық пробация бөлімінің басқа да қызметкерлері барды. Делегация сый-сыяпатты үй иелеріне салтанатты түрде ұсынған соң, аға инспектор оларға келу себебін түсіндірді. «Ел арасында шен таққан азаматтар біреудің үйіне сұрақ-жауап алу үшін немесе полиция участігіне алып кету үшін келеді деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. Алайда біз қайырымдылық жұмыстарымен де айналысып тұрамыз.  Наурызбай ауданы бойынша осы кезге дейін көптеген жанұяларға қол ұшын создық. Сол игі істердің жалғасы ретінде, міне, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерімен бірге сіздердің шаңырақтарыңызға да бас сұғып отырмыз» деді З.Бейсенбетов.

Оның үкіметтік емес ұйым деп отырғаны – «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры болатын. Ұйымның жетекшісі Б.Нәлібаевтың сөзінше олар бұл істі Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асырып отыр екен. «Түрмеден шыққан азаматтарды қоғамға әлеуметтік бейімдеу оңай іс емес. Ол жақтан босағаннан кейін де оларды алда түрлі қиындықтар күтіп тұрады. Мысалы, жұмыссыздық, құқықтық білімнің аздығы, тағы басқа әлеуметтік проблемалар. Осы мақсатта аз да болса дем болсын деп, осындай шараны атқарып отырмыз», дейді ұйым жетекшісі.

Шаңырақ иелері де келген қонақтарға ризашылығын білдірді. «Мен қазір төрт баланың әкесімін. Балаларымның алды мектепте оқып жатыр. Сіздердің көмектеріңіз тек менің емес, бала-шағамның да көңілін көтеріп тастады. Әсіресе, аудандық пробация қызметіне рахмет. Олардың арқасында көптеген түйткілді мәселелерім біртіндеп шешіліп жатыр. Барлықтарыңыздың істеріңізге береке тілеймін» деп алғысын білдірді отағасы.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: алматы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір