Алаяқтық бабы бойынша төрт рет істі болып түрмеге қамалып, бірақ мерзімінен бұрын босап шыға берген, ондаған іс бойынша берешегін өтемеген келіншек Алмагүл Баширова туралы time.kz сайтында мақала шықты. Мақала авторы Михаил Козачковтың сөзінше, бұрынғы қылмыскер бүгінде белгілі әртістер келетін Le Femme сұлулық салонына иелік етушілердің бірі. Алмагүл Баширова салонның екінші иесі әнші Дильназ Ахмадиева екенін айтуда.

Басылым Башированың алғаш 2007 жылы алаяқтық жасағаны үшін сотты болғанын жазды. Ол кезде айыпталушы Семей қалалық сотында маман ретінде жұмыс істеп жүрген. Сот айыпкердің жас әрі жалғызбасты ана екенін ескеріп, 5 жылға колонияға қамау шешімін шығарады. Алайда баласын өсіруге мүмкіндік беру үшін жазаның күшіне енуі 10 жылға шегерілген.

Баширова бұл оқиғадан соң Алматыға келіп, үш әйелді 16 миллион теңгеге алдап кеткен. Банктен 1,2 миллион теңгенің жоғалуына да Башированың кінәсі бар делінеді.

Бұл жайт құқық қорғау органы назарынан тыс қалмай, алаяқ 9 жылға сотталады. 

Баширова түрмеде жүріп "абақтыдан шығаруға көмектесетін таныс адвокатым бар" деп әйелдер колониясындағы көршісінен 7,5 мың доллар ақша алған. Ақшаны ата-анасына бергізген. Ұзамай алаяқтың әрекетін білген колониядағы көршісі тиісті органға арызданған.

Қылмыскердің түрмеден қалай шыққаны белгісіз, тек 2010 жылы бостандықта жүріп, тағы алаяқтыққа анықталған. Бұл жолы ол 8 жылға сотталып, оның 4 жылын отырып шығады.

35 жасында түрмеден шыққан Баширова заңгерлік фирма мен "Консалтинг Азия-Юрколлегия" компаниясын ашады. Әлеуметтік желіге жарнама беріп, заңгерлік көмекке мұқтаж адамдардан қызметі үшін ақша ала бастайды. Алдымен 300 мың, кейін 1 жарым миллион артынша 2 миллион теңгенің қызметтеріне тапсырыс қабылдап, бірде-бір істі соңына дейін жеткізбеген.

Сондай-ақ ол адвокаттық қызметтен бөлек, "қызметке тұрғызып берем", "жер телімін алып берем" деген уәдемен адамдардан ақша алып отырған.

2017 жылы көптеген арыз бойынша ұсталғанында оның ешқандай заңгер емес екенін, 3 рет мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққаны белгілі болған. 2018 жылы Алматы қаласы Бостандық аудандық соты оны 7 жылға соттаған. Артынша қалалық сот жазаны 5 жылға төмендеткен.

Бүгінде Башированың бостандықта жүргенін айтқан журналист оның қайта-қайта босап шыға беретініне таңданыс білдіріп, бүгінде айыпкер 10 өндірістік іс бойынша берешекті өтемегенін жеткізген. Оның ішінде 2 қарыз соңғы қылмыстық іс бойынша қозғалған.

Мақалада 40 жастағы келіншектің қарызды қайтармай жүргеніне соттың көз жұмып қарап отырғаны, 2019 жылдың 25 қазанынан бері Баширова Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының шешімімен 5 жылдың тек 1 жарым жылдан астамын ғана түрмеде өткізіп, босап шыққаны жазылды.

"Алмагүл Башированың жағдайы бүгінде жақсы сияқты. Инстаграмда ол өзін Le Femme сұлулық салоны иелерінің бірі деп таныстырып жүр. Оның айтуынша, салон иелерінің бірі әртіс Дильназ Ахмадиева көрінеді. Алмагүл бикеш түзу жолға түсіп, алаяқтықтық құрбаны болғандарға өтемақыны қайтаратынына сеніммен қараймын. Бастысы шашын әрлеуге келген клиенттер әкімшілікке жұмысқа тұрғызу секілді басқа қызметке келісіп қоймаса болды. Ал Дильназ Ахмадиеваға сәттілік тілеймін" дейді журналист Михаил Козачков.

Ілмек сөздер: Алмагүл Баширова

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір