• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 02:14:16
Алматы
+35°

Келесі жылы академик, қазақ заң ғылымын қалыптастырған тұлға Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толады. Алайда айтулы дата алдағы жылы аталып өтетін мерейтойлар тізбесінен тыс қалған. Осыған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған бір топ сенатор үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

Сауалда академиктің тәуелсіздігімізді заңдық тұрғыдан бекітуге сіңірген еңбегі, білікті де білімді заңгерлер даярлаған ұстаздық қызметі және Ұлы Отан соғысындағы ерен ерлігі айтылған.

– Салық Зиманов 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, Комитет төрағасы әрі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-нің "Мемлекеттік егемендігі туралы" Декларациясының жобасын даярлаған депутаттық комиссияның басшысы болды. Кейін 1991 жылы 14-16 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" конституциялық заңын қабылдау барысында келісім комиссиясының құрамына кіріп, тарихи құжаттың қабылдануына заңгер депутат ретінде зор үлес қосты", – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар сенатор академик Зимановтың Желтоқсан оқиғасы кезіндегі қайсарлығын ерекше атап өтті.

– Аға буын өкілдері қаһарман Салық Зимановтың азаттығымызға жарқын жол ашқан Желтоқсан көтерілісінен кейін зиялы қауымның ерік-жігерін басу үшін 1986 жылдың 29 желтоқсанында Ұлттық Ғылым академиясына келген М.С.Соломенцев пен Г.В.Колбиннің алдында ақырып теңдік сұраған ақсарағат сөздерін де ұмытқан жоқ, – деді сенатор өз сауалында.

Шын мәнінде, өмір бойы қайтпас қайсарлығынан, принципшілдігінен жазбаған Салық Зиманов барша қазақтың қабырғасын қайыстырған қаһарлы Желтоқсан оқиғасы кезінде Мәскеуден жедел жеткен сол кездегі КОКП орталық комитетінің хатшысы сұрқай Соломенцев пен "қаңғып келген шүрегей" Колбиннің алдында қасқая қарсы сөз сөйлеп, жастарымыздың іс-әрекетін қорғап қана қоймай, оны ғылыми тұрғыдан дәлелдеген азамат екенін ұмытпаған жөн.

Бүгінде бір кездері Желтоқсан оқиғасына қатысқан жазықсыз жас ұландарды соттауға, жазалауға, қудалауға атсалысқандар арасында өздерін батыр ретінде насихаттап жүргендер бар. Ал нағыз батыр – Салық Зиманов, Сафуан Шаймерденов және Жұбан Молдағалиев сияқты ағаларымыз.

Осыған орай, академик Салық Зимановтың ғасырлық мерейтойын лайықты атап өту үшін: қаһарман ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция, таным-тағылымдық шаралар өткізу, оның есімін Атырау мен Алматы қалаларының көшелеріне және Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан салынған мектептердің біріне беру, туған жерінде оның еңселі ескерткішін орнату мәселесін қарастыруды сұраймыз", – делінген сауалда.

Біз де сенатордың сауалын орынды деп есептейміз және онда айтылған ұсыныстарды толық қолдаймыз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір