«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Арқалықта болып, партияның сайлауалды бағдарламасының жобасында ескерілетін қаладағы түйінді мәселелерді талқылады. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

«Арқалыққа келдім. Тұрғындармен бірге «Nur Otan»-ның қалалық сайлауалды бағдарламасының жобасын талқыладық.

Өздеріңіз білетіндей, партия Лидері Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен әрбір елдімекеннің ерекшелігі мен мәселелерін ескере отырып, «Nur Otan» тұңғыш рет әр өңір, қала мен аудан бойынша 216 сайлауалды бағдарламаның жобаларын әзірледі.

Елбасы атап өткендей, «Nur Otan» – нақты істердің партиясы, біздің сайлауалды уәделеріміздің барлығы тыңғылықты есептелуі тиіс». Сондықтан 5 жылдық бағдарламаларда көрнекі индикаторлар көрсетілді, бюджеттің мүмкіндігімен сәйкестендірілген нақты басымдықтар реті көзделді. Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырыла отырып, партияның барлық сайлауалды бағдарламалары азаматтардың талап-тілектері ескеріліп пысықталады.

Сонымен, Арқалық қаласында партияішілік праймериз барысында 117 нақты ұсыныс түсті. Тұрғындарды аула алаңдарын абаттандыру мен көшелерді жарықтандыру, білім мен денсаулық сақтау нысандарын, жолдар мен инженерлік желілерді жөндеу секілді мәселелер толғандырады.

Партия филиалы басшылығының мәліметінше, осы мәселелердің барлығы бағдарламаларды пысықтау кезінде ескерілген. Сонымен бірге бағдарламаның бірқатар бағыттары қосымша пысықтауды қажет етеді деп санаймын.

Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

Мысалы, қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – 13 елдімекенде ұялы байланыспен қамтамасыз ету және интернеттің жылдамдығын арттыру. Бұдан басқа, қала тұрғындары балалардың ойын алаңдары сапасының нашарлығына шағым айтып, ескі автобустарды ауыстыру мәселесін көтеруде.

Торғай боксит кен басқармасының жабылуы жоспарлануына байланысты 500-дей адамды жұмыспен қамту қажет. Сайлауалды бағдарлама аясында бұл мәселе партиялық бақылауға алынады. Бұл ретте босатылатын адамдардың бір бөлігі қазіргі кезде басқа кәсіпорындарға жұмысқа орналасты.

Солардың бірі – «Торғай Ет» ет өңдеу кешені. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен бірге қалада 120-дай жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген өндіріс алаңын араладым», - деп жазды партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Сапар барысында Бауыржан Байбек қаланың жылу жүйесін жағарту барысымен де танысты. Алдағы уақытта Арқалық ЖЭЦ-і мазут орнына көмір қолданады. Соның арқасында 2 миллиардқа дейін бюджет қаражаты үнемделіп, оны қаланың басқа қажеттіліктеріне жұмсауға мүмкіндік туады. Жобаны 2021 жылы аяқтау міндеті «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген.
Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары Арқалық аймақтық ауруханасының ұжымымен кездесті.

«Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев таяуда сөйлеген сөзінде пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі ауыртпалықтың тағы да дәрігерлерге түсетінін атап өткен болатын. Оның тапсырмасы бойынша екінші жартыжылдықта төлемақыға 150 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары биыл медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін көтеру мен қорғауға бағытталған жаңа «Денсаулық туралы» Кодексті қабылдады», - деді Б.Байбек.

Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

Сондай-ақ, ол медицина қызметкерлерімен бірге партияның сайлауалды бағдарламасын талқылады. Онда денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту және халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты индикаторлар қамтылған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір