• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 22:01:09
Алматы
+35°

Қазақстан үкіметі зейнет жасын төмендету мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов онлайн брифингте мәлімдеді. 

– Зейнет жасын төмендету жөнінде ұсыныстар келіп жатыр. Жалпы, зейнет жасын ұлғайту мен төмендету мәселесі бір мезетте шешілетін дүние емес. Кез келген елде, әлемде бұл мәселеге қатысты шешім қабылданғанда – үлкен зерттеулер, ұзақ мерзімді болжамдар жасалады. Бұл жерде экономикалық, демографиялық факторлар ескеріледі. Жұмыс істеп жүрген азаматтар мен зейнеткерлердің санының арасындағы ара қатынас мөлшері, халықтың жалпы қартаю қарқыны, сондай-ақ басқа да көрсеткіштер ескеріледі, – деді министр.

Ол елде зейнетақының үш жүйесі қалыптасқанын айтты.

– Мемлекет тарапынан екі түрі төленеді: жасына байланысты зейнетақы мен базалалық зейнетақы бар. Сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорынан жиналған қаржы есебінен зейнетақысы бар.

Кез келген зейнетақының түрі еңбек өтіліне тікелей байланысты. Яғни неғұрлым еңбек өтілі жоғары болса, соғұрлым зейнетақының мөлшері де жоғары. Бұл тұрғыда экономикалық та, еңбек нарығының мәселесін ескеру қажет. Мысалы, жұмыс істеп жүрген азаматтар мен зейнеткерлердің арасындағы арақатынас мөлшері қаралады. Осыдан 10 жыл бұрын зейнеткерлеріміздің саны жұмыс істеп жүргендерге қатысты 20 пайыз болса, яғни 5 адам 1 зейнеткерге сәйкес келетін. Қазір 30 пайыздан асып жатыр. Екіншіден, халықтың қартаю динамикасы дейміз, бізде 65 жастан асқан аға буын саны көбейіп жатыр. Бес жыл бұрын 6,8 пайыз болса, бүгінде 7 пайызға жетті.

Әлемдегі трендтерді ескере отырып, бүкіл дүние жүзіндегі елдер қайта зейнет жасын ұлғайтуды ойланып жатыр. Әрине, Еуропада және басқа да дамыған елдерде зейнет жасы біздікінен бұрын да жоғары еді. Ал көршілес елімізді қарасақ, мысалы Ресейде 2019 жылдан бастап ерлер мен әйелдерге зейнет жасын 5 жасқа үлкейту шаралары қолданыла бастады. Әзербайжан да 2017 жылдан бастап осы шараны қолданып жатыр, – деді Нұрымбетов онлайн брифингте.

Министр үкіметтің тарапынан зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоғын атап айтты.

– Әлемдік тәжірибені де ескеріп, өзіміздің экономикалық, демографиялық жағдайға сүйене отырып, бүгінгі таңда үкіметтің тарапынан зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ – деді Б.Нұрымбетов

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: зейнет Нұрымбетов

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір