• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 19:20:27
Алматы
+35°

Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы жабылатын болды.

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Шешім 10 жұмыс күні өткеннен кейін заңды күшіне енеді, ал одан кейін жоғары оқу орны білім беру саласындағы қызметін тоқтатуға міндетті болады. 

Білім және ғылым министрлігінің ресми мәліметінде көрсетілгендей, академияда жыл бойы жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, білім беру саласындағы өрескел бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, оқу процесі профессорлық-оқытушылық құраммен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеді, бұл түлектердің жұмысқа орналасуына да әсер етті. 

Сондай-ақ, академияның білім беру бағдарламаларының шамамен 60%-ы жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейтін көрінеді.

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова академияның жабылуына қарсылық танытатындардың бары мүмкін екендігін және олар Комитет шешіміне сот тәртібі бойынша шағымдануға құқылы екенін айтады:  

Біз мемлекет басшысының сапалы білім беруді қамтамасыз етпейтін жоғары оқу орындарын жабу бойынша қойған міндеттерін іске асыруға тиіспіз. Білім алушылар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады, сондай-ақ ақылы негізде оқығандар үшін де оқу құны артпайды. Ауысу үшін оларға семестрдің аяқталуын күтудің қажеті жоқ, біз қазірден бастап басқа ЖОО ауысуға рұқсат бердік... Профессорлық-оқытушылық құрамды жұмысқа орналастыру бойынша да жұмыс жүргізілетін болады, – деп атап өтті .

Ал Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, оқу орнының төмен жағдайға түсуіне басшылық кінәлі. Академияға қатысты көптеген шағымдар түсіпті:

– Өкініштісі сол, қазіргі таңда бұл білім ордасында болашақ мамандарды тиісті деңгейде даярлау бойынша түйткілді мәселелер жетерлік. Мұндай жағдай елдің экономикасы үшін стратегиялық маңызды саласына маман дайындау барысында орын алмауы тиіс. Білім беру бағыттары ұқсас оқу орындарының күш-жігерін біріктіру қажет шығар, – деді.

Академиядағы бакалавриаттың 8 бағыты, магистратураның 6 бағыты, докторантураның 4 бағыты бойынша лицензиялар Алматы қаласының басқа 30 жоғары оқу орнында бар.

Қазіргі уақытта  М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында 5 мыңнан астам адам оқиды. Академияда оқу құны – білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейін.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір