• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 20:21:02
Алматы
+35°

Аристотельден кейінгі "екінші ұстаз" атанған Әбу-Насыр әл-Фарабидің туғанына биыл 1150  жыл. Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Қазақ жерінде бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді.  

Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті, оның бақытына қарай сол заманда Отырарда аса бай кітапхана бар еді. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқиды. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң әл-Фараби өз білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. Фарабидің дүниетанымының қалыптасуына Мерв мектебінің ғылыми дәстүрлері мен философиялық бағдарлары өз әсерін қалдырды. Бағдадта әл-Фараби ғылым мен әртүрлі пәндерді оқиды. Білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Сол қалаларда оқыды, еңбек етті. Шығыстың осы шаһарларында ол өз дәуірінің ең көрнекті ғалымдарымен, көркем сөз деректерімен танысады. Олардан тәлім-тәрбие алады.   Ол 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырды. Ғалым философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеді. Күллі түркі әлемінің мақтанышына айналған Фараби еңбектері әлемнің көптеген елдеріне аударылып, мектеп бағдарламасынан бастап ЖОО лардың көпшілігінде қолданыста. Биылғы жылы пандемия жағдайына қарамастан әл-Фараби 1150 жылдығын дәріптеу тоқтаған жоқ. Тек Қазақстанда ғана емес ЮНЕСКО көлемінде тойлап жатқан торқалы тойды Алматы қаласы да қалыс қалмады. Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Мәңгілік Қазақстан» қорының ұйымдастыруымен бірқатар шаралар өткен еді. Сол жобалардың бірегейі Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған конференция жиналыстары. 

Жақыпбек Алтаев: "Әл-Фарабиді бренд ретінде әлемге таныту – міндетіміз"

Алматы қаласының ең ірі аудандарының бірі Әуезов ауданындағы кездесу, Қазақтың көрнекті философы, Фарабитанушы, профессор Жақыпбек Алтаевпен болған еді.  «Бірде» деп бастады бізбен әңгімесінде Жақыпбек Алтаев. «Дамаскіде ғалымдар жиналатын жер болған. Сол жерге алғаш келген Әл-Фараби жиналған жұртшылықтан "Қай жерге отырайын?" деп сұрайды. "Өзіңіз қай жерге сәйкес келемін десеңіз, сол жерге отырыңыз" деседі ел. Сөйтсе Әл-Фараби Дамаск қаласының билеушісі Сейд-ад-Дуаль Хамданидің қасына барып отырыпты. Жұрт аң-таң, билеуші өз тілінде: "Осы жиын біткен соң, сұрақ қоямын, жауап бере алмаса, жазасын беріңдер" дейді. Сонда Фараби: "Тақсыр, әліптің артын бағайық" депті сол тілде. Әлгі кісі: "Бұл тілді қайдан білесіз?" деп таңырқапты. Әл-Фараби: "Мен 70 тіл білемін" депті. Сонда барып орталарында тұрған адамның кім екенін таныған жұрт "Әә, сіз Фараби екенсіз ғой", – деп ғалымға құрмет көрсетіпті. Фараби өз атынан 200-ге жуық трактат жазған. Бірақ оның көбісі бізге дейін жетпеген. Мәселен, поэзия, медицина жайлы мұралары сақталмаған. Әл-Фараби Шығыс пен Батысты байланыстырған алтын көпірге айналды. 2020 жылы ЮНЕСКО деңгейінде Әл-Фарабидің 1150 жылдығын ел болып атап өткелі отыр. Ұлы ғұламаның есімі берілген университетіміз Әл-Фарабиді кеңірек насихаттау мақсатында "Әл-Фараби – 2020" атты ақпараттық-насихаттық жұмыстарын бастады. Бұл жобаның ауқымы кең және ол үш жылды қамтиды. Яғни осы уақыт аралығында түрлі шараларды елімізде және шет елдерде кезең-кезеңімен ұйымдастырып, өткізу жоспарланып отыр. Біздің міндетіміз – Әл-Фарабиді бренд ретінде күллі әлемге таныту»-деп сөзін түйіндеген ғалым..

                               Тұраннан түлеп ұшқан Әбу.

 Кезекті кездесуді Жетісу ауданында жалғастырып, аудан жұртышылғы мен аудан қонақтарына бұл жолы Фараби еңбектерінің біз білмейтін қырлармен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бөлімінің меңгерушісі, филолгия ғылымдарының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр таныстырып өтті. «Тұран өркениетінің ошағына айналған Отырар шаһарында туып-өскен Әбу Насырдың жүрегіндегі ғылым қуатын оятқан байырғы бабалар жыры мен ақиқат дін сырлары екені даусыз»- дейді онлайн кездесудегі әңгіме барысында. . «Осы қуат оның талабын түлетіп, Бағдат, Шам сынды ғылым-білімнің жалыны маздаған ілім ордаларына жетеледі. Әлемнің хикмет құмар данышпандарының ой маржандары мен асыл сөздері жинақталған кітапханаларда жылдап отырып, тірнектеп ғылым жинауына ұйытқы болды. Сан алуан ғылым саласын меңгеріп, екі жүзге жуық трактаттар жазуына жол ашты. Бұлардың игілігін бүгінге дейін Батыс, Шығыс елдері тең көріп келді. Әл-Фараби ілімін бағдар етіп алған елдердің дамуға бет алып, әлемнің көшбасшысына айналып отырғаны шындық. Оның астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия саласына арналған еңбектерінің сол кездерде-ақ көптеген тілдерге жаппай тәржімалануы бүгінде өзінің өнімін еселеп беріп жатыр». Иә, арада қанша ғасыр өтсе де Фараби еңбектері болашақта да өзектілігін жоғалтпақ емес. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарғаны сөзсіз...

Аида Кожмамбетова

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: әл-фараби

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір