• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:50:34
Алматы
+35°
29 қыркүйекте Алматы горнизонының әскери сотында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы ұлтаралық жанжалдан соң күдікке ілінген 50-ден астам адамның жетеуіне үкім шықты.

Үкімге сай, Абзал Нұраханов "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (Қылмыстық кодекстің 272-бабы) және "ұрлық жасады" (Қылмыстық кодекстің 188-бабы) деген айыппен сегіз жылға сотталды. Судья үкім шығарғанда Нұрахановтың "екінші рет ауыр қылмыс жасағанын" ескерген.

Сот Бақытбек Ибрагимовты "аса ірі көлемде ұрлық жасады" деп жеті жылға соттады. Сот үкім шығарғанда оның "екінші рет ауыр қылмыс жасағанын" ескерген.

Нұраханов жазасын қатаң әрі ерекше тәртіптегі түрмеде, Ибрагимов жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өтейді.

Бұдан бөлек, Мырзағали Дүйсенбаев "аса ірі көлемде ұрлық жасады" деген айыппен бес жылға сотталды. "Жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталған Рүстем Бежібаев төрт жылға, Ерлан Бұралқынов 3 жыл 20 күнге, Ұлан Атамбаев пен Алмат Тілеуғалиев үш жылға түрмеге қамалды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түрмеде өтеуі тиіс.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Айыпталушылар үкіммен келіспейді және апелляциялық шағым түсірмек.

Бес жылға сотталған Дүйсенбеков сотта "Мен таксист болғаным үшін соттап жатыр. Үйде бала-шағам бар, бала-шағамды бағатын жалғыз адаммын. Келіншегім ауырады, қызымның жүрегінде ақау бар, Сот маған ешқандай жеңілдік қарап жатқан жоқ. Мен [жанжал болған жерге] таксист болып бардым, негізі ұрлық жайында ештеңе білмеймін. Соның бәрін тергеп, біліп тұрса да соттап жіберді" деді.

Үш жылға сотталған Алмат Тілеуғалиев "Біз өз мәселемізді ойлап, ұрлық, тонау мақсатында барған жоқпыз, біз тек әлеуметтік желіден келген видеоларды көріп, қазақтарға көмектесейік деп, жанашырлық танытып барғанбыз. Ал енді мынандай үкімнен кейін қандай әділет сұрайсыз?" деді.

7 ақпанда түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Жанжалдан соң 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 59 адамға айып тағылған. Айыпталушылардың соты әр қалада өтіп жатыр.

Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам экспертиза жүргізіліп, мың жарымнан астам адам сұралған.

Қордайдағы жанжал кезінде негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қордай жанжалы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір