• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:14:55
Алматы
+35°

Батыс Қазақстан облысында танымал саксафоншы Дәулет Шәмелов жол апатынан қаза тапты. Бұл туралы "Уральская неделя" басылымы хабарлады.

Оқиға 25 қыркүйек күні Индер-Орал тас жолында Көнекеткен кентінің маңында болған. Жол апатынан бес адам зардап шегіп, Дәулет Шәмелов жедел жәрдем көлігі келгенше оқиға орнында қайтыс болған.

Досы, "Теректі жаңалығы" газетінің бас редакторы Әділет Орынбасаровтың айтуынша, ұялы байланыстың нашар болуынан жедел жәрдем көлігін ұзақ уақыт бойы шақыра алмаған. Ол өзінің Facebook желісіндегі парақшасында болған оқиға жайлы ойын жазды.

"Ия, ажал айтып келмейді. Бірақ бүгінгі оқиға менің тарапымнан заңды сауалдар туындатты.

Алдымен, баяғы ұялы байланыстың болмауы. Ойбай, дамыған Қазақстан, онлайн оқу, әлемнің үздік 30 мемлекетінің қатары деп ұрандатамыз. Қаншама ауылдар ғаламтор былай тұрсын, кәдімгі сапалы ұялы байланысқа зәру. Мұқтаж! Адам жаны қыл үстінде тұрғанда жедел жәрдемге телефон шалып, көмекке шақырайын десең байланыс жоқ! Жоқ! Жан дауысың шығады. Бірақ таппайсың!

Одан кейін жыр болған медицина мәселесі. Айналайын, жоғарыдағы көкелер! Еститін мемлекеттің қызметкерлері! Ауылдағы медицинаның хәлін білесіздер ме сіздер? Сағаттап күткен жедел жәрдемнің хәлі нашар адамды салып, көлікке дейін жеткізер қарапайым зембілі жоқ. Дем алуы қиындаған адамға салатын дәрілік препараттар таба алмай байғұс дәрігерлер сарсаңға түсті. Бір жедел жәрдем көлігі оқушыларды тасып жүр. Міне, дамыған ел! Медбикелердің шарасыздығын, қолдары байлаулы екендігін көріп бүйткен медицинаң құрсын деп айқайлағым келді" деп жазды марқұмның досы, Әділет Орынбасаров.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жол көлік апатының болғанын растады.

"2020 жылдың 25 қыркүйегінде сағат 13:40-та Индер-Орал тас жолында Көнекеткен кентінің маңында жедел жәрдемге жол апаты туралы хабарлама келіп түсті. Онда бес адам болды. 1995 жылы туған ер адам, Чапаев ауылының тұрғыны жедел жәрдем келгенше қайтыс болды" делінген хабарламада.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір