26 Қыркүйек, 2020 Алматы облысы

Оқушыларды қуантты

Фото: Облыстың баспасөз қызметі

"Жерде бір жетім жыласа, көкте періште мұңаяды" дейді дана халқымыз. Мұқтаждың басындағы жағдайды сұрап біліп, қажетін өтеу әрбір саналы азаматтың бұлжымас міндеті. Осы қағиданы жақсы білетін мейірімді жандар Жаңашаруа ауылдық орта мектебіне баратын оқушыларға демеушілік көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтар мен көрнекіліктер әперді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған республикалық "Мектепке жол" акциясына белсене қатысып жүрген Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаты Жангелді Осан ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген жанның бірі.

Аудандағы білім саласының дамуына, оқушылардың қашықтан оқу кезінде білім нәрімен сусындауына қолдау көрсетуден танбаған ол биыл 1-сыныпқа келген 11 бүлдіршінге мектеп құрал-жабдықтарын, көпбалалы, аз қамтылған, толық емес 6 отбасына ноутбук әперіп, COVID-19 індетінің таралуының алдын алуға қажетті дезинфекциялық құрылғыны мектепке сыйға тартты. Қолындағысын игілікті іске, қайырымдылыққа жұмсап, мұқтаж жандардан көмегін аямай тын Құрманжановтар әулеті де әлеуметтік жағдайы төмен 14 отбасының балаларына 11 дана LENOVО планшетін және 3 дана SAMSUNG планшетін тарту етті. Одан бөлек, Қалижан Алпысбаев, Әділбек Орынбаев, Сәкен Таубалдиев, Нұргүл Сейкумова, Ерлан Рақымжанов, Дәурен Кенжебеков, Мақсат Рысбақов, Серік Әтежанов сынды ауыл азаматтары «Мектепке жол» акциясы аясында ізгілікті іске ұйытқы болып, оқушылардың лайықты білім алуына жәрдемдесіп отыр.

Көмек көрсеткен барлық азаматқа мектеп ұжымы атынан алғыс білдіреміз! Жасаған жақсылықтарыңыздың қарымы еселеп қайтсын дейміз!

Ілмек сөздер: Алматы облысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір