• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 16:19:51
Алматы
+35°

Бүгін Алматыда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан субсидия алып, кәсібін жүргізіп отырған компаниялардың өндіріс орындарына баспасөзге арналған тур ұйымдастырылды.

«Даму» қоры Алматы қалалық филиалының директоры Светлана Назарюк ел үкіметі кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға өзгеріс енгізіп жатқанын мәлім етті.

«Даму» қоры Алматы қалалық филиалының директоры Светлана Назарюк

 

– Бизнестің жол картасы – 2025 мемлекеттік бағдарламасына енгізілген өзгеріске сай, моноқала, шағын қала және ауылдық елдімекендегі кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын қолдау бағыты қысқартылды. Енді бағдарлама кәсіпкерлерге портфельдік субсидиялау түріндегі қаржылай қолдау шараларын жасайды. Ол бойынша инвестициялық мақсаттағы кредиттің максималдық сомасы – 20 млн теңге. Құрал-жабдық сатып алуға 5 млн теңгеге дейін қаржы беріледі. Сыйақы мөлшерлемесін тағайындау барысында ұлттық банктің 8,5 пайыз көлеміндегі мөлшерлемесі қоса есептеледі. Борышкер тек 6 пайызбен төлейді. Инвестициялық жобаларға алынған қаражатты 3 жылға дейін, құрал-жабдық қаржысын 2 жылға дейінгі мерзімде қайтару керек. Бағдарлама аясында Даму қорынан 85 пайыз кепілдік беріледі. Портфельдік кепілдендіру мен субсидиялау бойынша несие беру мәселесін екінші деңгейлі банктер мен шағынқаржылық ұйымдар шешеді. Бүгінде Сбербанк Ресей, Халық банк, АТФ банк, Нұрбанк, Альфа банк, Банк ЦентрКредит, Ислам банкі, әл-Хиләл банкі, RBK банк секілді қаржылық ұйымдармен келісім жасалған, – деді Светлана Назарюк.

 

«Даму» қоры Алматы қалалық филиалының кеңсесі

Оның айтуынша, екінші бағыттағы өзгерістерге сай, ірі кәсіпкерліктің ықтималды салаларының тізімі кеңейген. Сондай-ақ өзге банктерден, лизингтік компаниялардан алынған мерзімі 8 жылдан аспаған кредиттерді қайта қаржыландыру мүмкіндігі туған.

Бизнестің жол картасы бағдарламасы бойынша Алматының 2020 жылғы бюджеті 9,7 млрд теңгені құрайды.

 

– Қазіргі таңда Алматы Бизнестің жол картасы – 2020 бағдарламасы аясындағы қолдау және субсидиялау мен кепілдендіру бойынша көш бастап тұр. Жыл басынан бергі 9 айда 59 млрд теңге сомаға 168 субсидиялау келісім-шарты жасалды. Өсім 2019 жылғы 3 тоқсанмен салыстырғанда 39 пайызды құрады. Кредиттің жалпы сомасы 11,5 млрд теңге болатын 139 жоба 3,8 млрд теңгеге кепілдендірілді. «Басым жобалар механизмі» бағдарламасының қаржыландырылуы арттырылып, 1 трлн теңгеге дейін жетті. Бағдарламаға енетін тауарлар тізімі артты. 3-тен 5 млрд теңгеге дейін кредит алынғанда кепілдендіру көлемі 30 пайыз болады. Төтенше жағдай режимі «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдау алуға еш кедергі келтірмегенін айта кеткен жөн. Субсидиялау мен кепілдендіру бойынша өтінімдер онлайн түрде Egov, Онлайн Даму порталдары арқылы жүргізіледі, – деді «Даму» қоры Алматы қалалық филиалының директоры.

 

2020 жылы қор тарапынан Алматы қаласындағы кәсіпорындарға 221 жоба бойынша несиенің жалпы сомасы 191 млрд теңгеге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсетілген.

«Даму» қорының қаржылық қолдауына ие болған жас компаниялардың бірі – «Astro Engineering». Компания 2018 жылдан бері TCL сауда маркасының теледидарларын құрастырумен айналысады. Компания зауытында теледидарлар құрастырылып, олардың бағдарламасы орнатырылады. «Astro Engineering» өнімі бүгінде Алматы қаласындағы тұрмыстық техника сататын барлық ірі желілерде ұсынылған.

TCL теледидарларын құрастыратын «Astro Engineering» компаниясының зауыты

TCL теледидарларын құрастыратын «Astro Engineering» компаниясының зауыты

 

– Биыл компания «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауға ие болды. Қажетті шикізатты сатып алуға «Қазақстан Халық Банкі» арқылы 600 млн теңге жеңілдетілген несие алдық. Қарыздың мөлшерлемесі жылдық 6 пайызды құрайды, – дейді өнеркәсіп директоры Валерий Сон.

 

«Astro Engineering» компаниясының директоры Валерий Сон

Оның сөзінше, TCL бренді теледидар сатудан әлемде 2-орынға шыққан. Алматыдағы зауытта өндірілетін өнім әзірге тек Қазақстан аумағына таралады. Жақын келешекте тауарды экспорттау жоспарланып отыр. Компанияның биылғы межесі – жыл соңына дейін 50 мыңнан астам теледидар өндіру. Кәсіпорында 80-ге жуық адам жұмыс істейді.

«Даму» қорынан қолдау алған келесі компания – кәріз құбырлары мен терезе профильдерін өндіретін «Novus Polymer» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания нарықта 12 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жылына 30 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Компания 300 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 97 пайызы – Қазақстан азаматтары.

«Novus Polymer» компаниясының зауыты

«Novus Polymer» компаниясының зауыты

 

– Біздің кәсіпорын «Даму-Өндіріс» бағдарламасының қатысушысы. Соның арқасында «Қазақстан Халық банкі» арқылы 300 млн теңге сомасына несие алды. Аталған қолдау компанияның айналымдық қаражатын толтыруға мүмкіндік берді, – деп атап өтті компания директоры Энгин Шемшек.

 

«Novus Polymer» компаниясының директоры Энгин Шемшек

Компания осы күнге дейін Қазақстан экономикасына 50 млн доллардан астам инвестиция құйған. Компания басшысының сөзінше, «Novus Polymer»-дің Қазақстанның барлық ірі қалаларында ресми дилерлері бар. Сондай-ақ өнім Қырғызстанға, Тәжікстанға, Өзбекстанға және Ауғанстанға экспортталады.

«Даму қоры арқылы кәсіпкерліктің түрлі салалары жеңілдетілген несие алып отыр. Солардың қатарына «Сұңқар» емдеу-диагностикалық орталығы да енеді.

Орталық медициналық қызмет көрсету нарығында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жабдықтар сатып алуға жеңілдікпен несие алған.

«Сұңқар» емдеу-диагностикалық орталығы

«Сұңқар» емдеу-диагностикалық орталығы

 

– «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде біздің компания екінші деңгейлі банктен 14% жылдық мөлшерлеме бойынша 550 млн теңге сомасына несие алды. Оның 8,4%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Несиеге алған қаражатқа компания МРТ және КТ аппараттарын сатып алды. «Даму» қоры компанияны 5 жылдан бері қолдап келеді, – деді «Сұңқар» емдеу-диагностикалық орталығы директорының орынбасары Қуаныш Керімқұлов.

 

«Сұңқар» емдеу-диагностикалық орталығы директорының орынбасары Қуаныш Керімқұлов

Оның сөзінше, орталықта ел бойынша 5 мыңға тарта адам жұмыс істейді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір