• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:47:46
Алматы
+35°

Жақында қазақ кино әлемінде "Жайна+" сериалы жарыққа шықты. Жоба продюсері Перизат Мырзахметтің айтуынша, сериалдың бас кейіпкері Жайна – жиынтық образ. Жұрттың сөзі мен көзінен ұялып өмірлерін тозаққа айналдырған, абырой, бақыт, қуаныш, тыныштықтан айрылған қаракөздердің бейнесі. Перизат Мырзахмет Қамшы тілшісіне қазақ қоғамындағы таптаурындар, әйел образы, бала тәрбиесі туралы ойымен бөлісті.

– Біздің халық үлкен комплекске толы ғой. Оған өзі кінәлі емес. Патша үкіметі мен кеңес үкіметі 300 жылдан аса уақытта бізді ұлттық идентификациядан айырып тастады. "Сен жаман, надан халықсың. Малдан басқа ештеңе керегі жоқ" деп басынды. Қазір ұрпақ сол идеямен өмір сүреді. Қорғаныс ретінде "Біз ғана жақсымыз. Бізде кемшілік жоқ. Біз ұлы халықпыз" деген ой қалыптасқан. "Құсайыновтар" сериалын көрген көрермендер кейіпкерлердің бір-біріне көмектеспейтініне таң қалды. Бірақ шын өмірде халықтың бәрі бір-біріне қол созып жатқан жоқ қой. Адамдар өмірдің қарапайым шындығына тіке қарағысы келмейді. "Жоңғардың басын шабамыз. Алға, қазақтар!" деп ұрандатқан киноларға еті үйренген. Халқымызды киелі деп ойлайды. Алайда бізде де түрлі наным-сенімдегі топ өкілдері, түрлі көзқарастағы адамдар бар.

Қазақ қоғамында Л@БТ топтары бар. Өкінішке қарай, "қазақтың арасында олар жоқ" деген ешқандай білім-ғылымға негізделмеген теория бар. Бірақ өмірде бәрі басқаша. Көгілдірлер өзінен-өзі отырып "бүгіннен бастап жігіттерді жақсы көремін" демейді ғой. Гендік мутация да болуы мүмкін. Кино көргеннен, "Ninety one"-ды тыңдағаннан Л@БТ өкілі болып кетпейді. Осыны әлі түсінбейтіндер де бар. "Жайна+" сериалындағы Азамат деген кейіпкерді г@й қылғаным көрерменді стереотиптен арылту еді. Үстіне костюм-шалбар киіп алған небір қазақтың мықты жігіттерінің г@й екенін көрдім. Олар шоу-бизнесте де кездеседі, көбісінің әйелі, бала-шағасы бар, – деді сценарист.

Продюсер г@й рөліне бекітілген актердің орта жолда кейбір сөздерден бас тартқанын да айтты.

– Стереотипті жою үшін спортпен айналысатын, түрі қазақы жігітті іздестірдік. Райым есімді актер кастингке келді. Оған қандай рөл берілетінін түсірілімнің алдында ғана ескерттім. Басында ойланып қалғанымен артынан келісті. Бірақ "Көгілдірмін, қыздарды ұнатпаймын" деген сөздерді айтпаймын деді. Оған актер – қоғамдағы түрлі образдарды көрерменге көрсететін адам екенін түсіндіріп көрдім. Сонда да көнбеді. Ди Каприо, Том Харди, т.б. әртүрлі рөлдерді ойнаған актерлерді тізіп айтып шықтым. "Дәрігердің жұмысы адамды емдеу болса, актердің жұмысы – өзге адамның образына кіріп, жан дүниесін көрсете алуы. "Не будь казахом, будь профессионалом" деп ұрыстым. Ақырында келісті. Ол жігіттікі ерлік болды деп есептеймін. Ойнамаймын деп бұрылып кетіп қалса да, ештеңе істей алмайтын едік. Біздің актерлердің басты проблемасы – біреудің рөлін ойнап жатқанын ұмытып кетеді, – деп атап өтті продюсер.

Перизат Мырзахметтің сөзінше, "Құсайыновтар", "Жайна+" сериалдарында қазақ қыздарының қоғамдағы бейнесі ашық көрсетілгендіктен, кейіпкерлердің образынан көптеген қыздар өздерін танып жатыр.

– "Құсайыновтар" сериалынан түсінгенім, біздің халық "әйелдің басында үйі, ішер тамағы, киер киімі болса, басқа ештеңе керегі жоқ. Не жетпейді бұған?" деп ойлайды. Қалайша не жетпейді?! Алла Тағала өмірді қыз бола салсын демей, бір идеямен берді ғой.

"Жайна" сериалының алғашқы бөлімінде журналист қыздың басынан өткен оқиға баяндалады. Сюжет бойынша жақсы көрген жігіті Л@БТ өкілі болып шығады. 2-бөлімдегі оқиға өз басымнан өткен. Бір жігіт мені ұнатып, бар жағдайымды жасап жүрді. Кейіннен оның үйленген, бала-шағасы бар екені анықталды.

Әдетте біздің қазақ сериалдары өзінше бөлек әлем, қазақ қоғамы өз алдына бөлек әлем сияқты болып жүреді. Ал  "Жайна+" сериалының кейіпкерлерінен қыздар өзін, құрбыларын, әпке-жеңгелерін танып жатыр. Сол оқиғалардың өмірде кездесетінін бәрі білсе де, мойындағысы келмейді. Кей қазақтар қыздарына "аузыңды жап та, тыныш отыр. Күйеуге кет" деп жиі айтады. Бала күнінен "бастап қуыршақпен ойнауың керек, тамақ істеп үйрен, болашақ келінсің" деп те санасына сіңіреді. Тұрмысқа шыққан соң күйеуінен "мен саған тамағыңды, киіміңді тауып беріп отырмын, басқа не керек" деген әңгіме естиді. Құдды қыз бала тұрмысқа шығып, үйде тып-тыныш отыру үшін жаралғандай. Оны қарнының тоқтығы ғана ойландыруға тиіс сияқты.

Ал іс жүзінде қазақ қыздарының проблемасын, жан жарасын ешкім тыңдамайды. Оны шешуге ұмтылмайды. Қыздарымыз психологқа барайын десе, "аурусың ба?" дегенді естиді. Шешесіне айтуға "бұл тақырыпта сөйлесу ұят болар" деген ойы кедергі келтіреді. Ағалары қыздардың басында проблема бар дегенді тіпті естігісі де келмейді. Сондықтан қыздар бар сырын құрбыларына ғана айтады. Оң жақта отырып аяғы ауыр болған қызының баласын асырап алған әке-шешелер қоғамымызда көп кездеседі. Олар қартайғанда туып алдым деп балаға өз атын беріп жатады. Ал бала тірі жетім болып өседі. Олай дейтінім, ол бала ана мен баланың рухани байланысы, жан байланысы дегенді сезінбей өседі, – деді сценарист.

Продюсер өзінің 4 жасар қызын еркелетіп, еркін өсіріп жатқанын жеткізді.

– Еврей, жапон, қытайлардың философиясымен баланы 5 жасқа дейін емін-еркін өсіруге тырысамын, шектеу қоймаймын. Жегісі келгенін жейді, кигісі келгенін киеді. Мен үнемі жұмыста болатындықтан, балама мен жетіспейтінімді түсіндім. Кейде "мама, қасымда болшы" дейді. Сенбі-жексенбі күндері жұмысқа шығып кетсем, әкесі екеуі қыдырады, ойнайды. Кішкентай күнінен бері көйлегін өзі таңдап сатып алады. Жыл сайын оған шапан тіктіретін едім. Биылғы шапанды мүлде кимей қойды. Перизаттың қызы қазақы киінуі керек деп, өзімнің ережемді оған таңғым келмейді.

Жасы төртте. Психологтармен кеңесіп, сабаққа бердік, әріп үйреніп жүр. Кей ата-аналар жасы 6-ға толды екен деп мектепке береді. Алайда әр баланың психологиясы әртүрлі. Кейбір балалар ол жаста білім алуға дайын болмайды.

Қазақтар балаларын көп еркелетпейді. Бала сырттан жылу іздемес үшін, кішкентай күнінен бар махаббатты беріп өсіру керек. Мен бауырларым мен баламды үнемі еркелетіп отырамын. Олар маған ғана сенсе, мен арқылы әлемді таныса деп ойлаймын. Баланың анасымен қарым-қатынасы өзіне деген қарым-қатынасы екені психологияда дәлелденген. Анасын жақсы көрсе, оған сенсе – өзін де жақсы көреді, өзіне сенеді. Ал әкемен қарым-қатынасы жақсы болса, ортасымен де жақсы қарым-қатынаста болады. Менің әке-шешем кішкентай күнімде ажырасқан. Нағашы ата-әжемнің қолында өстім. Уақыт өте адамдарға сенуімнің қиындығы әкеммен қарым-қатынастың дұрыс болмағанынан екенін түсіндім, – дейді ол.

Продюсер п@дофилдерге өлім жазасы қабылданса, үкімет өзіне ұнамаған тұлғаларға осы жазаны "таңып" жіберуі мүмкін деп санайды.

– Халқымыз тарихи кезеңдерден шала-жансар болып өтті. Философиялық ой ойлауға, рухани баюға хал-қадіріміз қалған жоқ. Бұқар жырау, Абылай хан, Әлихан аталарымызды мақтан тұтамыз. Біздің буынды кім мақтан тұтар екен? Шекарасы белгіленген, қонышы байлыққа толы дайын жерді ата-бабамыз тастап кетті. Біз оны не істеп жатырмыз? Сатып жатырмыз. Ол біткен күні біздің ұрпақ не істейді? "Біздің ата-бабамыз керемет саудагер болған, бәрін арзанға сатып жіберген. Өздеріне вилла салып алған" деп отыра ма? 

Жол апаты болса да, біреуді ұрып кетсе де, ұрлық істесе де, заңды қатаң қылу керегін айтады. Сонда заң болмаса да, біреуге зиян тигізбейін деген ой жоқ па? Социология ғылымында қандайда бір қылмыс түріне заң қатаңдатылса, сол қылмыс өрши түсетіні дәлелденген. Мысалы, бүгінде халық "п@дофилдерді ату жазасына кесу керек" дейді. Қазір билік өзіне қарсы келген, жай митингке шыққан халықты ұрып-соғып, зорлап, қамап жатыр. Қаншама саяси тұлғалар түрмеде отыр. Олар кінәлі ме, кінәсіз бе, нақты білмейміз. БАҚ "олар миллиардтарды ұрлаған" дейді. Біз соған сенеміз. Кім оның ақ-қарасын ажыратып жатыр? Егер елде өлім жазасы болса, үкімет кез келген жерде "Мына саясаткер педофил екен" деп, дәлел ретінде фотошоптың, видеошоптың неше түрін жасап береді. Оған қоғам сенеді. Жазықсыз біреуді өлтіріп тастайды. Шын мәнінде, ол елге жаны ашитын, бірақ билікке ұнамайтын адам болуы мүмкін.

Халық түрік, үнді сериалдарымен шектелмей, "Карточный домик", "Скандал" секілді шетелдік сериалдарды көрсе, саяси қитұрқы әрекеттердің түр-түрін білер еді. Тап-таза, кінәсіз адамды қалай лас адам қып шығарудың неше түрлі техникалары бар. Кеше ғана жақсы көріп тұрған адамыңды ит қып шығарған кезде, сен көргеніңе сенесің. Біз ақпарат айдынының соңында жүрген сорлы халықпыз. Қазір халық Whatsapp-қа сенеді. Ал Whatsapp арқылы таратып отырған кім? Үкімет. Өйткені осы әлеуметтік желілердің кілті үкіметтің қолында. Youtube-те біреу үкіметті жамандаса, оған да сенеді. Оған да рұқсат беріп отырған үкімет. Рұқсат бермесе, олар баяғыда-ақ жоқ болар еді (басын шауып тастар еді), – деді ол.

Сұхбат соңында Перизат Мырзахмет жастардың қоғам талап-тілегіне сай болу үшін өз таңдауынан бас тартпауын, мемлекеттің жастардың тегін білім алуы үшін жағдай жасағанын қалайтынын жеткізді.

– Біздің қазақ жастары қоғамдық талап-тілекке сай боламын деп, өздерінің шынайы болмысын тұншықтырып жүр. 25-тен асқан кейбір жігіттерден неге үйленгенін сұрасам, "үйлену керек болды" деп жауап береді. Өйткені әке-шешесі "Не істеп жүрсің? Оқуға түс. Әскерге бар. Үйлен" деп отырады. "Әке-шешенің айтқанына қарсы шық" деп отырған жоқпын. Олардың айтуы – міндет, бірақ таңдау жасау – өз қолыңда.

"Біз 50 елдің қатарындамыз, бақыттымыз" деп мақтанғанымызбен, өзіне сенімсіз, қолынан ештеңе келмейтін, депрессивті ұрпақты тәрбиелеп отырмыз. Шетелге шыққан жастар жетістіктерге жетіп, биіктерден көрініп жатады. Олар елде неге сондай биікке шықпады? Өйткені қазақтарымыздың өзі жастарға еркіндік бермейді.

"Дипломмен ауылға" деген бағдарламаны мүлде түсінбедім. Бүкіл білім-ғылымның орталығы қала екенін біле тұрып, неге ауылға жібереді? Ендеше қаладан ауылға әкелгілері келсе, жағдай жасасын! Қазақстанда білім тегін болуы керек. Оған жағдайымыз жетеді. Қаншама депутаттың бүкіл коттеджінің орнына университет сал. Мұғалімдерді қамтамасыз ет. Сонда ғана білім өседі, талпыныс болады. Тегін білімді алмаса, онда адамның жауапкершілігіне байланысты. Ал біздің үкімет жастарға жағдай жасамай тұрып, оларға көп нәрсені міндеттейді. Тегін білімді беруге мемлекеттің қауқары 100 пайыз жетеді, бірақ істегісі келмейді, – дейді ол.

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір