17 Қыркүйек, 2020 Алматы облысы

"Мейірімді Жетісу": Еріктілер – жақсылық жасауға жаратылған жандар

Фото: Еріктілер жақсылық жасау кезінде

 

Елімізде COVID-19 індеті өршіп тұрған уақытта өз еркімен ақысыз қызмет көрсетіп, қоғамдық жұмысқа белсенді қатысып жүрген еріктілерді ер демеске болмайды. Сайып келгенде, қазақ халқының қанында бар қайырымдылық қасиеттің ұрпақтан ұрпаққа осындай игі істер арқылы жалғаса беретіні сөзсіз. Қайтарымсыз қайырымдылық жасаудан қол үзбеген халқымыз биыл еріктілердің ерен еңбегіне бас иді. Жаны мейірімге толы еріктілер әлемде мейірімсіз жан болмайтынын іспен көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, адамдарға шын ниетімен көмектесіп, оны науқанға айналдырмау керектігін айтқан болатын. Еріктілердің бойындағы қайрат-жігер бұл ілкімді істің ғұмырын ұзартты.

Мейірімді Жетісу

Еліміздің ұлттық құндылықтарын сақтай білген тұлғасын қалыптастыруда Жетісулық еріктілердің еңбегі ерлікпен тең. Облыс аумағында «Мейірімді Жетісу» еріктілер фронт-кеңсесінің жұмысы жүзеге асырылып келеді. Жыл басында жалпы саны 1 мың 43 болған облыс еріктілерінің саны күн санап өсуде. Қазіргі таңда облысымызда 2 мың 77 ерікті жастар тіркеліп, көптің алғысына бөленіп келеді.

Республикалық «Біз біргеміз» акциясы аясында 2 мың 300 қайырымдылық акциялары мен іс-шаралар өткізілді. Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 17 мың отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Облыс еріктілерінің атсалысуымен бүгінгі күнде 64 мың медициналық бетперде тігіліп, 12 мың  литр антисептик тұрғындарға жеткізілді.

Коронавирус инфекциясының анықталуына байланысты карантинге жабылған 20 мыңнан астам тұрғыны бар «Асыл арман» тұрғын үй кешені облыс жастары мен еріктілерінің назарынан тыс қалған жоқ. «Мейірімді Жетісу» еріктілері тұрғын үйдің карантин жағдайында болғанына қарамастан тұрғындарға медициналық бетперде, гигиеналық заттар және азық түлік жеткізіп тұрды. Түркістан облысы Мақтаарал ауданына Алматы облысынан 15 жүк көлігімен 260 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген сәтте облыс еріктілері көш басында жүрді. Жетісу жұртшылығының ақжолтай аманатымен өңірден 20-ға жуық ерікті жастар барып, бір апта бойы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен отбасын азық-түлік және өзге де қажетті заттармен қамтамасыз етіп отырды.

Ерікті жастар гуманитарлық көмек жиналған қоймаларға күніне 300-350 тонна азық-түлік, 250 тонна құрылыс заттарын түсіріп қана қоймай мектеп-интернаттарға орналастырылған тұрғындардың, балалардың көңілін аулау мақсатында мультфильм және кино көрсетілім ұйымдастырды. Балаларға базарлық та таратылды.

Қазіргі таңда облыс еріктілері күш біріктіріп, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге атсалысуда. Сонымен қатар, дәрігерлерге қымыз тарату, автоеріктілер тұрғындарға дәрі-дәрмек жеткізу ісі де қолға алынған. Бүгінгі күні өңірде 70-ке жуық автоерікті бар. Олар күн демей түн демей науқастарға қажетті дәрі-дәрмекті, ас-ауқатты жеткізіп беруде.

         Жақсылық жасап жарысайық

Жасыратыны жоқ, елде карантин жарияланған сәтте-ақ азық-түлік тапшылығы болады деген халықтың базар мен дүкеннен жаппай тамақ сатып алу үшін кезекке тұрғанын көргенбіз. Үкімет пен жергілікті атқарушы билік тарапынан айтылған түсіндіру жұмыстарына құлақ аспаған халықтың алаңдаған көңілін өз пайдасына жаратып, тауарын қымбаттатқан сатушылар қатары да көп кездесті. Осындай сын сәтте жетісулықтардың атқарған ерен еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн. Еріктілер рейдке көп шығып, тұрғындарға тығыз шаруасы болмаса үйлерінде отыруға кеңес беріп, бетперде тағып жүрудің маңызын түсіндіруді өз міндетіне алған.

«Ер қолында мал тұрмайды, елек ішінде су тұрмайды», – дейді дана халқымыз. Жомарттық – көркем мінездің бір көрінісі. Мұқтаж жандарға қол ұшын беру – дін тілімен айтқанда үлкен сауап, пендешілік тілмен айтқанда жұртшылықты ризашылыққа бөлейтін өте жақсы іс. Иә, кең далада дарқандықты бойына сіңіріп өскен қазақы асыл қасиеттің бірі  – қайырымдылық.  Басынан қандай заман өтсе де жетім мен жесірін жылатпай, мұқтажға жәрдемдесіп, жығылғанға сүйеу бола білген ұлтымызды өзгелерден ерекшелейтін де осы қасиеті. Ерікті болу – ерлікпен тең. Сөз соңында айтарымыз,  еріктілердің ерен еңбегі ақталып, азаматтық қоғам дамуында белсенділік жаңа деңгейге көтерілетініне сенім мол. Әрбір қазақстандықтың бойында белсенді өмір сүруге дағды қалыптасса алынбайтын асу жоқ.

 

Ешқашан ұмытпаймыз

Көгершін КЕНЖЕБЕКОВА, көпбалалы ана

– Талдықорған қаласының еріктілеріне қиын кездегі көмектері үшін аналық жүрегіммен алғыс айтқым келеді. Көмек сұрап хабарласқанымызда азық-түлік, медициналық бетперде, антисептік және тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттарды алып келіп, бәрімізді қуантқанда жүрегім елжіреп, жылап жібердім. Аз қамтылған, мен сияқты жалғызбасты көпбалалы аналарға, қарттарға қол ұшын созып, барынша бізге көңіл бөлуге тырысып жүрген жастардың болашағы ашық болса екен деп тілеймін. Бір-бірімізге осылай қолдау көрсету арқылы біз бірлігі жарасқан ел екенімізді көрсете алдық деп ойлаймын. Осы бірлігімізге, сыйластығымызға сызат түспесін. Ниеттеріне ризамын. Бұл кішкентай көмек адамның көңілін көтеріп, қуаныш сезімін сыйлағаны рас. Жергілікті тұрғындар карантин талаптарын сақтаса бәрі жақсы болады. Біздің қолымыздан ештеңе келмесе де тәртіпке бағынып, еліміз үшін дұға жасап отырамыз. Сегіз баланың анасы ретінде жанашыр азаматтардың бәріне алғыс айтамын. Біз бұл жақсылықты ешқашан да ұмытпаймыз.

Батамаен көгереміз

Нұркен ҚОЙШЫБАЕВ,

«Мейірімді Жетісу» еріктілер ұйымының мүшесі

– Көпшіліктің ерікті болудың маңызын, ел қамы үшін атқарылар үлкен іс екенін осындай қиын мезетте білгені рас. Мен де солардың қатарындамын. Еріктілермен бірге осы аз ғана уақытта қанша жанның батасын алып, алғысына бөлендік. Халқымыз «Батаменен ел, жаңбырменен жер көгерер» деп текке айтпаған. Қазақтың әр баласы ақ батаға лайықты. Бата, алғыс алып өссе, өнсе, көгерсе деймін. Әрине, мәселе алғыс алуда емес. Азамат ретінде қиын кезде еліме сүйеніш болу менің басты міндетім. Аналарымыздың жанары жасқа толмай, әкелеріміз мұңаймай, бауырларымыз аман болса деймін.

 

Ілмек сөздер: жетісу

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір