• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:14:19
Алматы
+35°

Нұр-Сұлтан қаласындағы брифингтердің бірінде спикер мемлекеттік тілде қойылған сұрақты орыс тіліне аударғаннан кейін ғана түсінгені бейнеленген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Видеодағы адамның Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Абзал Мыхыбаев екені белгілі болды. Ал видео орталық коммуникациялар қызметінде "Қазақстандағы бұқаралық спортты дамыту" тақырыбымен 15 қыркүйекте өткен брифингте түсірілген. Қамшы тілшісі оқу-әдістемелік орталыққа хабарласып, оқиғаға байланысты түсінік алуға тырысты.

Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының сайты толықтай орыс тілінде жүргізіледі. Тіл ауыстыратын тұста қазақ тілін таңдау батырмасы жоқ.

Орталықтың Facebook және Instagram желілеріндегі ақпараттың басым көпшілігі орыс тілінде жарияланған.

Қамшы тілшісінің қоңырауына директордың орынбасары Нұрболат Бексұлтанов жауап беріп, орталық басшысы Абзал Мыхыбаев жиналыста болғандықтан, телефон тұтқасына жақындай алмайтынын жеткізді.

Нұрболат Бексұлтанов орталық директорының мемлекеттік тілге шорқақ екенін жасырмады. Алайда оның сөзінше, Абзал Мыхыбаев қазақша сөйлей алмағанымен, түсінеді. Тек тікелей эфирдегі брифингке алғаш рет шыққандықтан абдырап, ойын жинақтай алмай қалған.

 

– Абзал Тұңғатарұлы принципті түрде қазақша сөйлемейтін адам емес. Тек өскен ортасы орыс тілді болғандықтан, ойын қазақша жеткізуге қиналады. Бірақ тырысады. Қазір үйреніп жүр. Жұмыста барлығымызға қазақша сөйлеуімізді, сол арқылы тілді тезірек меңгеруге көмектесуімізді сұрайды, – деді Нұрболат Бексұлтанов.

 

Директор орынбасары орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларында мемлекеттік тілдегі ақпараттың аздығын кейбір бөлімдерде өзге ұлт өкілдері істейтінін, олардың ақпаратты орыс тілінде беретінін айтып, оны аударуға аудармашы жоқтығымен түсіндірді.

– Әлеуметтік желілердегі парақшаларға жарияланатын ақпарат түрлі бөлімдерден келіп түседі. Олардың арасында қазақша да, орысша да бар. Орысша ақпарат беретін бөлімдерде негізінен өзге ұлт өкілдері істейді. Ал орысша ақпаратты қазақшаға, қазақшаны орысшаға аударатын аудармашы бізде жоқ. Кейде жеке аудармашыларға жүгініп жатамыз. Бірақ үнемі жүгінудің мүмкіндігі бола бермейді. Ал сайттың қазақ тіліндегі нұсқасы бар. Тек қазір жетілдірілу үстінде. Кейбір қате аударылған сөздерді дұрыстап, жуық аралықта қайта іске қосамыз. Сол кезде сайт қос тілде бірдей ақпарат тарататын болады, – деді ол.

Қамшы тілшісі "орталықта негізінін жұмыс барысында қай тілге басымдық беріледі" деп сұрағанында Нұрболат Бексұлтанов мекемеде жұмыс тілінің қазақ тілі екенін айтты.

Оның сөзінше, орталық пен министрлік арасындағы хат алмасу тек қана қазақ тілінде жүреді. Іс қағаздардың барлығы қазақ тілінде. "Бізден бұйрықты орысша шығару сұралса, бере алмаймыз. Өйткені бұйрықтың орысша нұсқасы жоқ, жасалмаған" деген ол орталықта мемлекеттік тілге шорқақ қызметкерлермен қатар, орысша шала білетін мамандар да бар екенін атап өтті.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір