• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 15:38:49
Алматы
+35°

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін шамамен 2 трлн теңге қажеттігін атап айтты. Бұл туралы ол үкімет отырысында өткен брифингте мәлімдеді.

– Жолдауда айтылған Президенттің тапсырмалары тиісті қаржылық қолдауды қажет етеді. Жолдауда айтылған бірқатар тапсырманы орындау үшін биылғы республикалық бюджетте белгілі бір сома қарастырылып қойған. Мәселен, жаңа 13 инфекциялық аурухананың құрылысына 30 миллиард теңге көзделген. Үкіметтің резервінен әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балаларына компьютерлік жабдықтар сатып алуға қазірдің өзінде 70 миллиард теңге бөлінді, – дейді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 2020 жылғы бюджетті нақтылау аясында осы жылдың шығындарын қосымша қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу, дәрі-дәрмек сатып алу және т.б. Алдын ала есептеу бойынша биыл қосымша қажеттілік 300 миллиард теңгені құрайды.

– 2021 жылдың бюджетінде президенттің жолдауда айтқан тапсырмаларын орындауға 1,6 триллион теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржы бірінші кезекте, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын көтеруге, ШОБ кредиттерін субсидиялауға, республикалық жолдарды жөндеуге, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасын іске асыруға жұмсалады. Жекелеген тапсырмалар бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп қазір шығыстар нақтылануда. Жолдауды орындауға қажет қаражат, негізінен, бюджеттің шығыс бөлігін оңтайландыру, көлеңкелі экономиканы азайту жұмысынан түсетін түсімдер, салық салу базасын кеңейту, жеке инвестциялар және кәсіпкерлікті дамыту есебінен қамтамасыз етіледі, – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір