• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 19:53:27
Алматы
+35°

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жариялаған жолдауында 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы жинақтың бір бөлігін баспана сатып алуға, қажетті ем-домға және қаржы компанияларына жұмсай алатынын айтқан. Кейіннен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мемлекет басшысының жолдауында айтылған бастама тек зейнетақы қорында жеткілікті қаржысы бар азаматтарға берілетінін жеткізді. "Қамшы" тілшісімен сөйлескен GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық еңбек министрлігінің "жеткіліктілік шегін" көрсеткені дұрыс әрі батыл шешім екенін айтты.

– Бұл бағдарлама көпшілікке тиімді деп айтуға әлі ертерек. Бірақ жалпы халықтың игілігі үшін қадам жасалды. Қазіргі уақытта көпшіліктің зейнетақы қорындағы ақшасы 1 млн-ға да жетпейді. Ол халықтың жалақысының төмен болуымен байланысты. Сондықтан ендігі кезекте халықтың жалақысын арттыру үкіметтің негізгі міндеті болуы тиіс.

Еңбекке жарамды халықтың саны 10 млн болса, соның ішінде қордағы жинақты пайдалануға 721 мың азаматтың мүмкіндігі бар. Шамамен 8 пайызына қолжетімді, ал 92 пайызы ала алмайды. Бірақ саналы түрде ойланып қарайтын болсақ, қаңтар айындағы еңбек және халыққа әлеуметтік қорғау министрлігінің бағдарламасында 30 жастағы азаматтың есепшотында 6,7 млн теңге, ал 50 жастағы адамдардың зейнетақы қорында 10 млн-ның үстінде болуы қажет болған. Сол кездегі талаптарда тек қана 113 мыңнан астам адам қордағы қаражатты пайдалануға құқығы бар еді. Ал, қазір ол көрсеткішке қарағанда жеткіліктілік шегі 3 есеге түскен. Сонда 721 мың адамның қордағы қаражатты пайдалануына мүмкіндігі бар, – деді ол.

Оның айтуынша, аталған бағдарламаның халыққа тиімді жағы өте көп. Олар қордағы қаражатты баспана сатып алуға, қажетті ем-домға, қаржы компанияларын басқаруына жұмсай алады.

– Еңбек министрлігі әртүрлі жастағы адамдар үшін "жеткіліктілік шегі" қанша болуы керегін көрсетті. Бұл батыл әрі дұрыс шешім болды. Ұсынылған "жеткіліктілік шегі"  ақылмен ойластырлып, дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын. Өткен жылы қаңтар айындағы ұсынылған бағдарламада әйелдерге әділетсіз болған. Оларға үлкен жеткіліктілік шегі қойылған. Яғни, әйелдер мен ерлерді бөлек қарастырған. Неліктен бұлай жасағанын сұрағанымда әйел адамдардың жасы ұзақ, олар көбірек өмір сүреді, сондықтан да солай талап қойылғанын айтты. Бұлай бөліп-жару дұрыс емес. Менің ойымша ескі бағдарламадағы олқылықтар ескеріліп, қазіргі жаңа бағдарлама барлығына тиімді етіп жасалған.

Маған кей азаматтар зейнетақы қорындағы жинақ орта таптың адамдарына ғана  қолжетімді, ал қарапайым халыққа қолжетімсіз деп айтуда. Жалпы еңбекке жарамды халықтың ішінде "орта тап өкілі" 1 пайызды ғана құрайды. Оның өзі 100 мыңға да жетпейді. Сондықтан 721 мың азаматтың ішінде орта тапқа да жетпейтін адамдар да бар. Яғни олар ерте зейнетақы қорын ашып, көбірек қаржы салып отырған адамдар. Олардың саны көп емес. Осы тұста мен Еңбек министрлігі бекіткен жеткіліктілік шегі 4-5 жылға дейін өзгермеуі керек деп есептеймін. Жалпы халық осындай талап қойып, жинақтарын арттырып алуға мүмкіндік жасауы керек. Өйткені азаматтарымыздың көпшілігіне жеткіліктілік шегіне жету үшін уақыт қажет, – деп атап өтті сарапшы. 

Экономист үш күннен бері қызу талқыға түсіп жатқан зейнетақы қорындағы қаражатқа қатысты азаматтардың да наразылықтары барын жеткізді.

– Бағдарламаға өзгерістер енгізілгеннен кейін көптеген азаматтар зейнетақы қорындағы қаражаттың қанша екеніне үңіле бастады. Қордағы қаржысы баспана не ем-домға жетеме жетпейме деген сияқты. Сонда көпшілігінің жинақтағы қаржысы жетпей наразылықтарын білдіруде. Әрине, зейнетақы жинағына қатысты халықтың пікірін білдіріп жатқаны өте орынды. Олардың ойымен санасқанды құптаймын. Бірақ айта кететін жәйт бұл мәселенің көтерілгеніне 1 жылдан аса уақыт өтті, осы уақыт аралығында талай талқылап, талай ұсыныстар айтуға болатын еді. Қазіргі жеткіліктілік шектер ойластырылып, сараланып, халыққа тиімді етіп жасалынған, – дейді ол. 

Мақсат Халық зейнетақы жинағындағы ақшаны қарапайым халық ала алмайтындай етіп, үкімет кедергі келтіріп отыр деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.

– Зейнетақы жинағындағы ақшаны қарапайым халық алу үшін әдейі кедергі келтіргендер болды. Олар министрліктің құрамындағылар еді. Солардың айтқан ұсыныстарын "әдейі" кедергі келтірді деп айтуға толық негіз бар. Ал, қазіргі жағдайда үкімет әдейі кедергі келтіріп отыр деп айта алмаймыз. Өйткені жаңадан жасалынған бағдарламаның халыққа жақын болуына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстамдылығы мен талапшылдығы әсер етті – дейді экономист.

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір