• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

28 Қазан, 13:17:05
Алматы
+11°

Ашылу салтанаты кезінде түсірілген

Қазақстанның тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастама» атты халыққа үндеуінде: «2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын» – деді. Осыған орай Талдықорғандағы «Қаратал» шағынауданында  І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты Студенттер үйі ашылды.

Салтанатты шараға қатысқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: «2001 жылы Талдықорған облыс орталығы мәртебесіне ие болып, қаланы көтеру мақсатында осында көшіп келгенімізде құрылысы аяқталмай қалған бұл ғимарат бірден-ақ көзге түсті. Ұзақ уақыт бітпей тұрғандықтан ондағы құрылыс материалдары сапасының да нашарлай түскені анық. Құрылысты одан ары қарай жүргізу үшін сараптамадан өткізу қажет болды. Ретін тауып ғимаратты мемлекет меншігіне алып, сараптама жүргізіп, 2019 жылдан бастап құрылысты қайта жандандырдық. Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасына» сай студенттерге арналған жатақхана болсын деген шешімге келдік. Енді жетісулық жастар бүгінгі уақыт талабына сай салынған Студенттер үйіне орналасып, білім алатын болады», – деп Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаевқа жаңа ғимарат кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков атамыз ақ батасын берген соң ғимараттың лентасы қиылып, жиналған көпшілік жаңа нысанның ішін аралап көрді.

Лента кесу

Жоба құны - 222,3 млн.теңге. Нысанның құрылысына  жауапты болған бас мердігер компания «Астана құрылыс» ЖШС болып табылады. Ал ғимараттың сұлбасын сызған сәулетші марқұм, Ақмырза Рүстембеков. Он үш қабатты үйде 96 жатын бөлме бар. Әр бөлмеге үш студенттен орналасады. 288 орынды жатақхананың бірінші қабатында  жастардың уақытын тиімді өткізуге арналған түрлі танымдық-спорттық бөлмелер, шағын кинотеатр, кафе, би алаңы орналасқан. Сондай-ақ, әр қабатта ас бөлме, кітапхана, компьютер бөлмесі, демалыс орындары бар. Жатақхана алаңы да жастардың демалып, түрлі шара өткізіп, спортпен айналысуына  лайықталып жасалған.

Бүгінгі таңда Жетісу  университетінде 6 мыңға жуық жас білім алуда. Оқу орнына қарасты 525 орынды екі жатақхана бар. Жастар тарапынан бұған дейін жатақханалық 500 орынға сұраныс болған. Міне, енді ол да бар.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір