02 Қыркүйек, 2020 Барлық аймақтар

Н.Нығматулин: Мәжіліс жұмысының басым бағыты - Президент Жолдауын заңнамалық қолдау

Нұр-Сұлтан, 2 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Мемлекет Басшысының Жолдауын заңнамалық қамтамасыз етуге кірісті. Бұл туралы жалпы отырыста Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді.

Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж.Құспанов

Н. Нығматулин кеше ғана Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезекті сессияны ашып, Парламент қабырғасында халыққа арнаған Жолдауын жариялағанын алға тарта келіп:

- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің  Жолдауында  уақыт талабына сай даму бойынша негізгі бағыттарды және батыл қадамдарды көрсетіп берді. Ол – еліміздегі барлық салаларға арналып отыр. Сондықтан, осы бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету - депутаттық корпустың негізгі міндеті болып табылады, - деді.

Мәжіліс Төрағасы ең алдымен, жыл соңына дейін мемлекеттік қызмет жүйесін қайта жаңғырту үшін мемлекеттік қызмет туралы заңға түзету енгізу қажеттігі туралы айтты. 

Сонымен қатар, Президенттің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдаланып, Ұлттық экономикалық стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту керектігіне тоқталған Нұрлан Нығматулин бұл жерде «Өнеркәсіп саясаты туралы» заңның маңыздылығына ерекше назар аударды.

Экономикалық өсімді қалпына келтіру туралы заң жобасы аясында Мәжіліс Төрағасы депутаттардың назарын Мемлекет Басшысының жаңа құрал-стратегиялық инвестициялық келісімді  енгізу бастамасын заңнамалық қолдаудың өзектілігін айтты.

  • Жыл соңына дейін Үкіметке квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алуларын қамтитын бірыңғай заң әзірлеу тапсырылды. Бұл тақырыпты депутаттар бірнеше рет көтерген болатын. Сондай-ақ, Президент біздің алдымызға Үкіметпен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірге Салық кодексі мен заңға тәуелді актілерді қайта қарау туралы міндет қойды,- деді Нұрлан Нығматулин.

Қолданыстағы заңнамалық актілердің қатарында Экологиялық кодекс жобасы бар. Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы ұлттық саябақтар мен Қазақстанның басқа да табиға байлықтарын заңнамалық қорғау қажетті туралы айтып, осы салада құқық бұзған азаматтарға қылмыстық және әкімшілік жазаны қатаңдату керектігіне көңіл бөлді.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, депутаттарға құқық қорғау және сот жүйесін реформалау, бизнесті құқық қорғау органдарының шамадан тыс араласуынан қорғау, сондай-ақ азаматтарды, әсіресе балаларды кибербұзушылықтан қорғау үшін заңнамалық негіз қажет. Сонымен қатар, Мәжілісте қаралып жатқан «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң жобасы осы жылдың соңына дейін қабылдануы керек. Президенттің қоғамдық бақылау туралы, сондай-ақ «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңды әзірлеу және қабылдау туралы тапсырмасы да өзекті.

  • Біздің алдымызда көптеген ауқымды жұмыстар тұр. Басты бағыт –Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыруды заңнамалық қолдау, - деді Нұрлан Нығматулин.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір