• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 08:18:28
Алматы
+35°

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамында бірқатар өзгерістер болды. Ротация аясында қоғамдық кеңестен бес адам шығарылып, кеңес мүшелігіне жаңадан азаматтар қабылданды. Жалпы кеңес құрамының өзгеруіне байланысты қоғамдық пікір екі тарапқа бөлінді. Бір тарап кеңес мүшелігінен шығарылған азаматтар халықтың үмітін ақтамады деп түсіндірсе, екінші тарап халық пен билік арасын жақындастыратын көпір екенін жеткізді. "Қамшы" тілшісі бірнеше саясаттанушылармен сөйлесіп, Ұлттық кеңестегі өзгерістер туралы пікірін білді. 

"ДАТ" оппозициялық басылымының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи Ұлттық кеңестің қоғамға да, елге де, халыққа да пайдасы жоғын атап өтті.

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғалы ешқандай да миссия орындалған жоқ. Бұл комиссия көз алдау комиссиясы болды. Әу бастан қоғамның оған сенімі болмады. Себебі олар структурадан тыс, ешқандай да өкілеттігі жоқ құрылған комиссия болатын. Айтылған ұсыныстардың көпшілігі қабылданбай қалды. Оның құрамында болған азаматтарға сенімсіздік болды. Сондықтан кезекті ротация, өзгеріс дегеннің барлығы бос тірлік. Ұлттық кеңестің қоғамға да, елге де, халыққа да пайдасы жоқ. Әншейін бір алдаусырату амалымен жасалған әрекеттер. Ешқандай да жаңашылдық болмайды. Өйткені кеңес мүшелігінде бар азаматтарды еститін құлақ жоқ. Мәселен алғашқы отырыстарда біраз мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Бірақ оның бәрі сөз жүзінде қалды. Сондай-ақ, митингке шыққан қоғам белсенділерін қамауға алып, біраз азаматтарымызды соттап жатса да бұл комиссия үн қатпайды. Тіпті қоғамдық қудалаулар әлі де жалғасып жатқаны белгілі. Егер де бұл комиссияның заңмен өкілеттігі болып, оған биліктің тарапынан шынында да қоғаммен келісім жасауға ынта-ықыласы болса оның нәтижесі болар еді, – деп айтты Ермұрат Бапи.

Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Самат Нұртазаның айтуынша, Ұлттық кеңеске жаңадан кірген азаматтар сөздің емес, істің адамдары. 

– Ұлттық кеңестен шыққан адамдар туралы ештеңе айта алмаймын. Өйткені олардың бітірген шаруасын көрмедім. Ал кеңес мүшелігіне қабылданған азаматтарға оң көзқарастамын. Қазіргі кеңес мүшелігіндегі адамдар сөздің емес, істің адамдары. Шыны керек осы уақытқа дейін ұлттық кеңесте болған кей азаматтар артылған үмітті ақтамады. Қазір кеңес мүшелігінде 44 азамат болса, солардың 80-90 пайызы ғана өз миссиясын орындап отыр деп айтуға болады. Ал, кейбір адамдардың сол орынға қалай барғаны мені таңқалдыратынын да жасырмаймын. Мен ол адамдарды мүшелікке кіргізбес едім.

Қоғам белсендісі "Ұлттық кеңес – халық пен билікті жақындастыратын көпір" деп есептейді.

– Жалпы ұлттық кеңес біздің қоғамға қажет. Ол – президент пен елді жақындастыратын рухани көзге көрінбейтін көпір. Мұнда олар халықтың мұң-мұқтажын, проблемасын жеткізіп отырады. Егер де халықтың проблемасы билікке жетіп, ол өз шешімін тауып жатса онда нәтижені көруге болады. Кеңес мүшелігіндегі 44 адамның өз миссиясын орындап отырғаны оның сол жұмысынан көрінеді, – деп сөзін түйіндеді Самат Нұртаза.

Ал оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалин "Ұлттық қоғамдық  сенім кеңесінен пайдалы дүние, өзгеріс күту – бекершілік" деген пікірде.

– Ұлттық кеңес – менің пайымдауымша өлі дүние. Бастан-ақ оның жағдайы белгілі болған. Кеңес мүшелігіне кіргендер билікке ұнамды, қолайлы, жағымды адамдар. Бұлар ешқандай да өзгеріс алып келмейді және еш өзгеріс орын алмайды. Бұл кеңес қоғам мүддесіне жұмыс істемейді, яғни бұларға жоғарыдан қандай тапсырыс, бұйрық келеді соны орындап қана отырады. Олардан пайдалы дүние, өзгеріс күту – бекершілік. Кеңес мүшелерін қанша ауыстырса да өзгеріс болмайды. Бұлар елді, қоғамды, халықты алдаусыратып, әрекет етіп жатқандай түр көрсететін қуыршақ, жалған кеңес, – деді ол.

"Халыққа адал қызмет" (ХАҚ) партиясын құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі Тоғжан Қожалиеваның сөзінше, кеңес мүшелігінде болған азаматтар өз миссиясын орындай алмаған.

– Ұлттық кеңесте болған азаматтар өздерінің миссиясын орындай алмады. Өйткені оларды тыңдайтын адам, еститін құлақ жоқ. Оларды үкімет те, мәжіліс те тыңдамайды. Мысалы Айдос Сарым сынды азаматтар митинг туралы заңға қаншама ұсыныстар айтты. Бірақ бірде-бір ұсыныс мәжілістен өткен жоқ. Жалпы кеңес мүшелігінде бар адамдардың айтқан ұсыныстарын орындайтын мәжіліс болмаса қанша адам кеңеске қабылданса да, олардың ешқандай да қоғамда рөлі болмайды.

Жалпы осы уақытқа дейін Ұлттық кеңестің пайдасы да болмады. Оның бірден-бір дәлелі, митинг туралы, партиялар туралы заңға ешқандай өзгерістер енгізілмеді. Бастапқыда өзгеріс болатынына сендірді. Бірақ ол іс жүзінде қалды. Тек бірең сараң өзгерістер енгізілгені болмаса, оның біздің саяси жүйемізге ешқандай да пайдасы болған жоқ. Жаңадан келген азаматтардан ештеңе де күтпеймін, бәрібір де нәтиже болмайды, – дейді Тоғжан Қожалиева.

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір