• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:37:37
Алматы
+35°

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Владимировичке

Аманат

Құрметті Алексей Владимирұлы!

Сізге көмек болсын деген ниетте, біраз ұсыныстарымды ұсынамын. Қабылдау немесе қабылдамау Сіздің құзырыңызда. Сонымен ең бірінші, неге көңіл аударған жөн, деп санайсыз?

Біріншіден, қазіргі қазақ дәрігерлеріне МЕЙІРІМ жетпейді. Көбінің радикулиті бар. Белдері бүгілмейді. Мейірімсіз дәрігерлер мен шала-пұла медбикелер қаптап кетті. Бұл жерде айтарым, ауырған адамға алдымен укол мен дәрі емес, бас дәрігердің, оның орынбасарларының, емдеуші дәрігердің, аға медбикенің жылы қабағы мен мейірімі және "жазылып кетесіз" деген жылы сөзі ауадай қажет.

Сондықтан бүкіл Қазақстан дәрігерлеріне осы қағиданы айтып, саналарына жеткізіңіз. Кезек күттірмейтін мәселе.

Екіншіден, КСРО кезімен салыстырғанда біздің елдің дәрігерлерінің кәсіптік біліктілігі мен білімі көп төмендеген. Үш күнде үш дәрігер ауысса, үшеуі үш бөлек ем-дом жасайды. Әлі екпе сала алмайтын дәрігерлер кездеседі. Бұл не сұмдық! Осы жағдайды да қатаң бақылауға алу керек. Медицина мамандарын даярлайтын барлық жоғары оқу орындары мен медколледждердің профессорлары мен доценттерін аттестациядан өткізіп алуды ұсынамын. Кәсіби білімді жетілдіру курстарының сабақтарын өткізуді министрлік қатты бақылауға алғаны жөн. Бізге, тұтынушыларға мамандықтарын жақсы білетін, нағыз профессионал, мықты дәрігерлер мен медқызметкер керек. Надан, сауатсыз дәрігерлердің жұмыс істегенінен істемегені дұрыс. Бір сөзбен айтқанда, тазалаңыз. Жүйрік дәрігерлерді қалдырып, кісі өлтіретіндерді медицинаға жолатпаңыз.

Үшіншіден, бұрынғы Кеңес одағы кезеңіндей дәрігерлік "обход" жасау практикасын барлық ауруханалар мен госпитальдарда енгізу қажет. Оған міндетті түрде, бас дәрігермен оның орынбасарлары қатысуы қажет. "Обходтың" орны өте зор.

Төртіншіден, медицинадағы жемқорлыққа баса назар аударуыңыз керек. Біртанов басында бастады да, кейін тастап кетті. Ол үлкен қателік болды. Сіз соны қайталамаңыз. Ең алдымен кейбір бас дәрігерлер мен хирургтердің іс-қимылына мұқият тексеру жүргізу керек.

Бесіншіден, күзде пандемияның "екінші толқыны" болады деген әңгіме жиі айтылуда. Біздің ұсынысымыз, тез арада "медициналық мобилизация" өткізіп, үлкен кадрлық РЕЗЕРВ жасаңыз!

Құрметпен, Сәдібек Түгел

"Ұлы Дала Қырандары" халықтық қозғалыстың төрағасы,

Нұр-Сұлтан қалалық "Антикор орталығының" ақпараттық ағарту ШТАБЫНЫҢ басшысы, жазушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір