Фото: ШҚО ақпараттық орталығы
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов екі апта бойы өңірдегі коронавирус инфекциясын емдеу барысында медициналық және консультативтік кеңес берген Татарстаннан келген дәрігерлермен кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, бұл топтың құрамында ресейлік анестезиолог-реаниматолог, рентгенолог, пульмонолог сынды мамандар мен дәрігерлер және инфекциялық аурухананың қызметкерлері бар. Топты Татарстандағы республикалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің бірінші орынбасары Марсель Миннулин басқарады.
Облысқа келген Татарстан дәрігерлері екі күн бойы шығысқазақстандық әріптестеріне онлайн-консультатив жүргізді. Келесі екі аптада ресейлік мамандар провизорлық және инфекциялық стационарлардың бөлімшелерінде болып, медицина қызметкерлеріне кеңес беріп, тәжірибелерімен бөлісті.
Бұдан бөлек, дәрігерлер телемедицинаны да қолданып үлгерді. Арнайы чат құрылып, оған Татарстанның жетекші мамандары мен Шығыс Қазақстанның дәрігерлері қосылды. Чатта коронавирус инфекциясының ауыр түрін қалай емдеу керектігі туралы талқыланды. Алдағы уақытта Татарстаннан келген дәрігерлер елдеріне қайтқан соң да бұл чат жұмысын тоқтатпайды.
Екі апта ішінде провизорлық стационардағы науқасты емдеу механизмі көрсетілді. Ресейлік мамандар Шығыс Қазақстандағы ауруханалардың жабдықталуы мен дәрі-дәрмек қорының тұрақтылығына жоғары бағаларын берді. Айта кетейік, өңірде төсек қорын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмысы алға қойылған. Бүгінгі күні өкпені жасанды желдететін 196 құрал, 57 цифрлық рентген аппараты мен қосымша өкпені жасанды желдететін 50 аппарат пен 10 рентген аппараты бар. Сондай-ақ 465 концентратор бар, жуық арада дәл осындай 277 құрал сатып алынады. Сонымен қатар 200 монитор, 200 инфузомат, 3 ЭКМО, 178 пульсоксиметр, өкпені жасанды желдететін 12 құрал, оның ішінде 2 балаларға (ӨЖЖҚ) арналған, 1 компьютерлік томограф пен 216 бірлік жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарланып отыр.
– Шығыс Қазақстандағы дәрігерлер дұрыс алгоритм бойынша еңбек етуде. Біз тек олардың тәжірибесін жақсартуға көмек көрсеттік. Қуантарлығы сол, бұл жақта дәрігерлердің білімін арттыруға, тұрақтандыру қорын құруға көп көңіл бөлінетіндігінде. Мұның бәрі аурудың күздегі маусымдық толқыны кезінде кәдеге жарайды. Ең бастысы – провизорлық стационарлар жедел қызмет көрсетеді. Олар алдыңғы шепте еңбек етеді. ПТР мен КТ тесттері қортындысының тез арада дайын болуы дәрігерлерге диагнозды анықтап, ем жасауға септігін тигізеді, - деді Марсель Миннулин.
Аймақ басшысы татарлық және шығысқазақстандық дәрігерлердің ортақ тәжірибесі негізінде арнайы технологиялық құжат әзірленетінін атап өтті. Кейін осы құжат бойынша емдеу жүргізіледі.
Даниал Ахметов Татарстаннан келген дәрігерлерді бір айдан соң біздің өңірге қайта келіп, тағы бір мәрте тәжірибелерімен бөлісуге шақырды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір