• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:38:26
Алматы
+35°

Фотода Жетпісбай Бекболатұлы

Әлқисса... Еңку-еңку жер шалған ерлердің егеулі найзасының ұшымен жиылған қазақтың ұлан-байтақ даласына ұрпақ қамы үшін «ел қондырған, жағалай жатқан сол елге мал толтырған», Жеті Жарғыны бұлжытпай ұстанып, қара қылды қақ жара билік айтқан даналарымыздың арқасында Алаш жұрты ғасырлар бойы ғаделетпен басқарылып келген-ді. Ал, Ресей бодандығының қанқұйлы кезеңін бастап берген Лениннің елді, мемлекетті әркім, «тіпті қазан ұстаған құл мен күң де билей алады» деген зымиян теориясы қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан бағзы билік жүйесінің тамырына балта шапты.

Оқығандар, «молда мен байлар қамшымен қойдай» қуылған бұл саясатқа сәйкес елге билік жүргізетін атқамінерлер таптық белгілерге орай «теріс селекция» бойынша іріктеліп алынды. «Сай сайға, бай байға құяды» дегендей, осы қағидатпен жетпіс жыл бойы қалыптастырылған номенклатура зейнетке шықса да, биік орынтақ пен жылы орынға өз мұрагерлерін отырғызып кетті. Енді міне, елдің елдігі, ердің ерлігі сын тезіне түсіп жатқан күрделі кезеңде идеология мен экономикаға, әлеуметтік өмірге «жауапты кадрлардың» сенімді ақтамағанын, олардың біліксіз-білімсіздігі, адамның емес, атаның ұлы, параның құлы болып отырғанын, мұндай жетесіздерді мемлекеттік билікке бұдан былай бір қадам да жақындатуға болмайтынын жалпақ жамиғат көріп, жағасын ұстауда. Сондықтан да болар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекеттік басқаруды қайта құрудың», түбегейлі реформалаудың керектігін айырықша атап көрсетті. Осынау шұғыл шешімге билік басына отыз жыл бойы сенімділік «сүзгісінен өткізілген» тоғышарлардың топтасуы себепкер болды.

Жоғары Бас қолбасшы: «Біз-соғыс жағдайындамыз!»

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген, осыған орай Мемлекет басшысы, Жоғары Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қазіргі ахуалын «Біз-соғыс жағдайындамыз!» деп түйіндеді.

Қамсыз жатқан бейбіт жұртқа тұтқиылдан жау тигенде қайратына мініп, «қасарысқан дұшпанға қанды көбік жұтқызатын» сарбаздар, жер қайысқан қалың қолды бастайтын сардарлар, қара қылды қақ жарып, қаһарлы қолбасшыға жөн сілтеп, жол көрсетер данагөйлер арқасында ел елдігін, егемендігін сақтап қалады.

Енді міне, бүгінге дейін дүмбілез, парақор шенеуніктерге «е, өзіміздің бала ғой, жас қой, алып кетеді ғой» деп, ал қоғам мүлкіне, қазынаға қол салған, қол салғанда мол салған алаяқтарға «қолынан келді, қонышынан басты» деп кешіріммен қараған кеңқолтық қазақ ел басына күн туғанда Президенттің «Біз соғыс жағдайындамыз»! деген ұранына ден қойып, етек-жеңін жинауға кірісті, қайғы жұтып, ах ұрған қайран жұртына тіреу болар тұлғаны, тұлпар мініп, ту ұстайтын оғланды, қол бастайтын баһадүрді іздей бастады.

Ақиқатын айтқанда, ел мен жердің тағдырына жауап беретін мемлекет басшысы арқа сүйер арлы да ақылды азаматтар саусақпен санарлық болып шықты. Президенттің өз сөзіне сүйенсек, «масайраудың қақпанына түскен министрлер де, әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмауда». Сөйтсек, ойын-күлкі, дыр-думанмен өткен отыз жылда орда бұзар отыз азамат ортаға шықпапты, әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның, «ноғайлы ұлының адасқанын жолға салар» абыз ақсақалдың жоқтығынан балақтағы бит басқа өрлеп, жылы-жұмсаққа тұмсық тыққан құл-құтанның, қауға ұстар қойшы-қолаңның зәузәті ел байлығын емін-еркін сорып, сайран салып келіпті. Абыздың орнын кешегі кеңестің шидем шекпенін шешпеген, пайғамбар жасынан асса да қадір-қасиеттен жұрдай, ақсақал деуге аузың бармайтын айыр құйрық шаяндар басқан. Осыдан бес-алты жыл бұрын жергілікті баспасөзден мына бір хабарды оқып, жағамды ұстағаным бар. Наурыз мерекесінде жап-жас әкім ауыз тиген көжеге таласқан «ақсақалдар» кеседегі ақты үстеріне ақтарып, елге күлкі болған. Ал, Алматы мен Астанадағы күн көсемге теңеу таба алмай, шаштары ағарған шимай-шатпақшылар «Көкте күннен нәр алған, Көпке нұр боп таралған», «Халқына оқтың даусын естіртпеген» лауазым иелері жайлы құлаш-құлаш өлең жазып, тіпті пайғамбарымызбен тілдестіруге көшкен.

Тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіруде жіліктің майлы басы бұйырған осынау көжеге таласқыш ардагерлер әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі Қазақстанды қор қылып, қайыршының халіне түсірсе, олардың бел балалары аспаннан алтын жауған екімыңыншы жылдары миллиондаған қаржыны жымқырып, шетел асты, ал немерелері бүгінде тендер арқылы ұпайын түгендеп, атышулы «Медициналық сақтандыру қоры» мен «СК-Фармация» сияқты «сауын сиырларды» төңіректеп жүр. Сөйтіп, жыртқыштардың егемендіктің елең алаңынан бастау алатын тұтас бір үш ұрпағына арамзалық қасиет қан арқылы, отбасындағы опасыз тәлім-тәрбие арқылы беріліп келіпті. Ресейде «жаңа дворяндар» деп аталатын бүгінгі қазақтың жатыпішер бай-бағлан, мырзалары мемлекеттік билік пен экономиканы толықтай дерлік жаулаған.

Осының айғағындай, сұғанақ мемлекеттік қызметшілердің пара алу үстінде ұсталғандары жайында теледидар мен газет-журнал қазір күн құрғатпай таратып жатқан жайсыз хабарларға құлағымыз қанығып, етіміз үйренді. Мемлекеттік аппаратты жемқорлардың ордасы санайтын болдық. Ал, жемқорлық-сыбайласқан заң бұзу өзегі десек, қылмыскерліктің бір ұшы билікке келіп тірелетінін амалсыздан мойындаймыз. Сөзім уәжді шығу үшін ғаламторда күні кеше ұшыратқан мына деректі қаз-қалпында беріп отырмын: «Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының лауазымды тұлғаларының бюджет қаржысын жымқыру, жекелеген тұлғалардың ірі көлемде медициналық бетперделерді сату, сондай-ақ, медицина мекемелерінің жекелеген басшыларының аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқыруға тырысу деректері бойынша үш қылмыстық істі тексеріп жатыр... Коронавируспен күреске бөлінген аса ірі көлемдегі мемлекеттік қаржыны алаяқтық жолмен жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тексерілуде. Қауіпсіздік кеңесінің аппараты мен президент әкімшілігінің ұсынысы бойынша шетелдік гуманитарлық көмектің жұмсалуы тексеріле бастады. Дәрі-дәрмектерді жасыру жолын кесу, емдеу мекемелерінен ұрланған дәрі-дәрмектерді қайта сату сияқты әрекеттердің алдын алу шаралары жалғасуда».

Осы «Медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тәрізді, сондай-ақ журналист Гүлбану Әбенованың қаламгерлік қайраты арқасында айдай әлемге әйгілі болған Самұрық-Қазына қоры жанындағы «Фармация» фирмасы сияқты мыңдаған мешкейлер ұялары қымқырған қаржыны отыз жылға көбейтіп көрсеңіз, төбе шашыңыздың тік тұрарына иланамын.

«Алыстан дәм татуға» сұранып-ақ тұрған бүгінгінің еркелері мен серкелерінің, «сенген қойым сен болсаң» дейтін біздің басшы-қосшыларымыздың, ел қамын жейтін Едігелеріміздің сықпыты осындай.

 «Біз-соғыс жағдайындамыз!» деп ұран тастаған Жоғары Бас қолбасшы осынау азғын тобырға арқа сүйей ала ма? Әскери тілмен айтқанда резерві қайда? Оның жоқтығына көзіміз жетті деген ойдамын.

Қорқау қасқырдай ел ырыздығын опырып жеген опасыздардың кесірінен «халықтың жергілікті және орталық билікке сенбейтінін» атап өткен Президент «мемлекеттік басқаруды қайта құру керек» деп мәлімдегені сондықтан. Өйткені, билік орындарын жемқорлық, заңсыздық, біліксіздік жайлаған. Бетке шығар министрлер мен әкімдердің көбі «өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді», себебі көбінің ғылыми дәрежелері мен атақтары сатып алынған!

Ұлы Абайдың сауалы

Сонымен, мемлекетке, ел-жұртқа адал қызмет ететін жанашыр кадрларды қайдан табамыз? Данышпан Абайдың «зинһар, сендерден сұрайын деп жүрген» сауалының бір парасы осынау білікті, білімді азаматтарға қатысты болса керек. Өз дәуіріндегі «алыс-жақын қазақты» сын тезінен өткізген хакім «өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап, өсірмек пе екен?» деп налыған болатын. Иә, жоғарыда айтқанымыздай, парақор атадан, жемқор әкеден одан асып түскен «перзент» туса керек. Тұтас бір ұрпақ ауысып үлгеретін отыз жыл бойы қоғам өмірінің барлық саласында теріс іріктеу жүргенін, билік басына алаяқтар орнығып, өзінің ақылы мен қайратына ғана сенген жігіттер мен қыздар мұхит асқанын жақсы білеміз. Мұны биліктің өзі мойындап отыр.

«Тіпті басшылық лауазымдарды айтпағанның өзінде, министрлікте қарапайым қызметке тиісті маман табу өте қиын» дейді бұрынғы ауыл шаруашылық министрі, көзіқарақты қауымның пікірінше Балташ Тұрсынбаевтан кейін сала ахуалын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсаған тұлға, профессор Ақылбек Күрішбаев. Ал, маман жоғары оқу орнында тәрбиеленеді. Сіз осы тәрбиенің мәні мен мағынасына үңіліп көрдіңіз бе? Өзгені қайдам, өзімді айран-асыр қылған мына жәйтті алдарыңызға жайып салмақпын. Бұдан екі-үш жыл бұрын халықаралық FIBAA ұйымы оқу бағдарламаларын аттестаттаудан өткізген болатын. Германиялық профессорлар Тибор Климент, Эрхард Рокхол, Оливер Ханн «енді магистранттар мен докторанттармен пікірлеселік» деген соң, оншақты болашақ мамандарды ортаға шақырдық. Әңгіме барысында шетелдіктердің ағылшынша қойған сұрақтарына шәкірттердің ешқайсысы ләм-мим дей алмаған соң тілмаштың жәрдеміне сүйендік. Ал, Ереже бойынша магистрантура мен докторантураға шет тілін еркін меңгерген, сөйлей де, жаза да білетін талапкерлер түсуі тиіс... Мұны көрген кірпияз немістер бастарын шайқап, таңданыстарын жасырмады. «Бүйтіп жүріп, қалай ел боласыңдар, өздеріңді өздерің неге алдайсыңдар?» дегенде, кірерге тесік таппадық.

 «Идеологиялық аппаратқа білім, тәжірибе, ой ұшқырлығы, батылдық жетіспейді» дей келе, Президент «бізге басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу керек. Елдің мүддесін ойлайтын мамандар болмаса, бастамаларымыз нәтижесін бермейді» деп тұжырды. Әй, қайдам? Еліміздің маңдайалды оқу орнындағы жағдай жоғарыдағыдай болса, өзгелеріндегі ахуалдың қандайлығын топшылай беріңіз. Түрлі жолдармен магистр, доктор дипломдарына қол жеткізген алаяқтар ертең министрліктің, әкімдіктің, «СК-Фармацияның» көлденең табысы мол, биік орынтағына қонжиып, параға берген қаржысын оп-оңай өндіріп алады. Бірер секіріп, басшылық лауазымға қол жеткізген соң төңірегіне өзі сияқты құзғындарды жинай бастайды, сөйтіп орысша «порочный круг» деп аталатын, арасына адам түгіл шыбын ене алмайтын табиғи тұйық орта түзеді.

Ұлы ойшылдың сауалы әлі жауапсыз қалып отыр...

Елді әркім билей ме?

Қазақ тарихында дәл мұндай азғындаудың орын алып отырғаны соңғы отыз жыл беделі. Бұл арнайы зерттеуге өзек болатын тақырып. Өткенді безбенге салсақ, Қазақ хандығын құрған көсемдер де, азаттық идеясын бекемдеп, әдебиеті мен ғылымының негізін қалаған Алаш азаматтары да ұлт үшін бастарын бәйгеге тіккен. Тіпті бертінде, тың игеруге қарсы болғаны үшін орнынан алынған Жұмабай Шаяхметов те, солтүстіктегі бес облысты республика құрамында сақтап қалған Жұмабек Тәшенов те халық есебінен күн көруді ойламаған тұлғалар. Олар халықтың мұңы мен зарын жан жүрегімен сезініп, ел ертеңіне елеңдеген. Осы ретте «Ханның қызы халықтың жолын жаппасын!» деп әлеуметтік желіде моральдық-этикалық түйткілдің шетін шығарғаны үшін қудаланып жатқан Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының тұрғыны Сандуғаш Тұрлыбекованың тағдыры ойлантады. Әкім Гүлшара Әбдіхалықова мемлекеттік қызметші Кодексіне лайықты әрекет қылмағандықтан аталған келеңсіз оқиға орын алып отыр. Мемлекет басшысының «тұрғындармен жұмыс істеу керек. Әкімдер мемлекеттің саясатын азаматтарға түсіндіруі тиіс» деген тапсырмасы дәл осындай деңгейде орындалып жатса, өзге лауазымдылардан не үміт, не қайыр.

Қай құбылыстың да бағасы салыстыру, салғастыру арқылы беріледі ғой. Осы Қызылорда облысын кеңес заманында Еркін Нұржанұлы Әуелбеков деген парасатты тұлға басқарған болатын. Белгілі ұлтжанды азамат Сәдуақас Аңсат сол кезеңді былайша еске алады: «Ерекең келгенде басшылар жаппай мемлекет есебінен өздеріне коттедж типтес үйлер салуды үрдіске айналдырып, оларын биік қоршаулатып, жасарып-жайнап жүріп жатқан тұс еді. Ерекең барлық облыс, қала, аудан көлеміндегі басшыларға артық аумағы бар тұрғын үйлерін балалар бақшасына, емханаға беруді талап етті, биік қоршауларын кестірді, кеңшарларға қонақ үй, асхана, жоқ жерлерге монша салғызды. Қала басшыларының әр шағын аудандарда тұруы сол жердегі тұрғындардың қам-қарекетін білуіне, оны шешуіне көмектеседі деп, біздің солай етуімізге ықпал етті. Өзінен бастап, облыс, қала басшыларына қала көшелері бекітілді. Мәселе көшелердің тазалығы, көгал болуы ғана емес, сондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын, көңіл-күйін зерттеу, мүмкіндігінше көмек беру. Қаладағы үлкенді-кішілі мекемелердің бәрін дерлік өзі бірнеше рет аралап, жақсыларын басқаларға үлгі етті, кемшіліктері барларынан түзету міндетті түрде сұралды.

Сыр елі Еркін Нұржанұлы Әуелбековті қашанда құрмет тұтады. Қызылорда қаласының теміржол вокзалынан басталып, «Мәңгілік алау» жанынан өтетін көшеге қайраткердің атының берілуі де тегін емес. Енді, міне, дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатқа оның есімі беріліп, ауласына Ерекеңе мәрмәр тастан мүсіні қойылды. Биыл Ерекеңнің 90 жылдығы да ерекше аталып өтпекші болып, іс-жоспар жасалды». Сәдуақас Аңсаттың пікірінше, ел үшін аянбай еңбек еткен азаматтың есімі ел есінде сақталып қалған, өзі өмірден өтсе де қадірі асқақтай түскен. Ал, облыстардың қазіргі керенау, кердең басшыларының аты-жөндері кейін елдің жадында сақталар ма екен, соны ойладыңдар ма?

Сонымен, елді әркім билемеу үшін бұрынғы-соңғы тарихты түгендеп, өткен өмірдің дәрісін алып, қорытындысын шығарып отырымыз ләзім.

Не істеу керек?

Кеңес заманының осынау өткір сауалы тағы да алдымыздан шықты. «Елімізде заң үстемдік етуі тиіс. Заң алдында билік өкілдері де, азаматтар да бірдей» деген Президент «біз қолға алған саяси реформаларды жалғастыра береміз» деп түйді. Яғни, тоқетерін айтсақ, сайлау жүйесін өзгерту қажет, ал Парламент Сенатын, Қазақстан Халқы Ассамблеясын тарату қаржы тапшылығы жағдайында ұтымды шешім болып табылады.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне көшу арқылы жауапкершілік жүгін Үкіметтен ел азаматтарына артып, олардың күш-жігерін болашаққа бағытталған жасампаз жоспарларға бағдарлауға болады.

Өйткені, дерек пен дәйекке үңілсек, ел бюджеті биыл 1,7 трлн теңге қаржы жоғалтқан. Президент мәлімдеуіне сәйкес «бюджетті Ұлттық қордағы трансферттер ғана ұстап тұр». Яғни, ел бюджетінің үштен бірі 20 жыл бұрын болашақ ұрпаққа деп құрылған Ұлттық қордың трансфертіне тиесілі. Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 1,8 пайызға төмендеген, қызмет көрсету саласы 5,6 пайызға қысқарған. Маусымның қорытындысы бойынша, жылдық инфляция 7 пайызға төмендеген. Билік жыл соңына дейін инфляция 11 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұл үрейлі цифр. Сондықтан да экономика мекемелері монетарлық саясаттан Кейнс моделіне көшуі керек. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді деген, жүздеген бағдарламалар мен жоба-жоспарларды аудиттен өткізбесе, бақылауды, контроллингті қалпына келтірмесе болмайды. Ұлы тоқырауда Американы сақтап қалған қоғамдық жұмыстарды қолға алу қажет. Пандемияда ұлттық тағамдарға сұраныс артып отырғандықтан, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдауды күшейткен абзал. Жер пайдалануда шеті шығып отырған түйіндерді тарқатқан жөн. Мұның бәрі қиындықты елмен бірге еңсеруге септесер еді.

 «Үміт еткен достарым...»

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев бір сұхбатында «Елім дейтін ерге ерім дейтін ел болу керек» депті. «Ел басына күн туған уақытта, тән ауыруымен бірге жаны күйзелген елді сабырға шақырып, салиқалы сөз айтатын зиялы қауым, ғалымдар, өнер қайраткерлері емес пе еді. Жар астында жау барын алыстан болжап, елге ақыл айтатын сол зиялыларымыз осындай да ел шетіне шығып, ел басқару жолында салиқалы сөз айтса деймін. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған заманауи кешенді басқару жолын халыққа түсіндіруге ат салысатын ел ағалары көбейсе игі». Арпа ішінде бір бидай деген, жақсылардың көзін көріп, сарқытын ішкен, ақсақал жазушы, профессор Құлбек Ергөбектің де «Халықтан артық жаным жоқ! Халық болмаса Сіз де, біз де кімге керекпіз?» деп, азаматтық ұстанымын танытқанын ғаламтордан оқыдым. Тұғырлы тұлғалардың үндеуін іліп алып кеткен көптің қарасы қораш. Әдетте топтың алдын бермейтін халық қалаулылары бүгінде үнсіз.

«Елу жылда ел жаңа» дейді халқымыз. Қытымыр қыстың ізін ала жадырған жаз келетініндей, саяси, рухани бодандықтың сірескен тоңы жібитініне, қоғам санасын тұмшалаған белгісіздік тұманының сейілетініне, әлеумет ағзасын індеткен дерттен айығатынымызға иланатын жанның бірімін. Саналы, салиқалы ұрпақтың келетініне, қаймана қазақтың бұрынғы ер мінезімен қайтадан қауышатынына, «елім дейтін ердің» атқа мінетініне кәміл сенемін. Қайран жұртына тіреу болатын, тұлпар мініп, ту ұстайтын оғландар, қол бастайтын баһадүрлер-сіздер мен біздердің балаларымыз, немерелеріміз шөберелеріміз. Ұлы Ыбырай «үміт еткен достарым, сіздерге бердім батамды» деп, Ахмет пен Міржақып бастаған мыңдаған шәкіртке Ақ жол нұсқаған. Біз де өнегелі ұрпағымызға қол жайып, бата берелік! Бүлдіршіндеріміз «Әліппе» мен «Ана тілін» қайтадан қолдарына алатын болды, жоғалтқанымызбен қауыштық, соның өзі сүйініш! Ал, әл-Фараби бабамыздың өсиетіне сай «өнегелі білімді» жолға қоюға күш салып жүрген жас министр Асхат Аймағамбетовты дүйім елдің бәле-жаладан қызғыштай қорғауы жаңа заманның ақ таңындай әсер береді.

Мемлекетіміздің келешегі үшін жалғыз Президент емес, біздің бәріміз жауаптымыз. Келешек ұрпақ алдында жауаптымыз.

Жетпісбай Бекболатұлы,

профессор, мемлекеттік қызмет ардагері

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір