04 Тамыз, 2020 NEWS

Жанболат Мамай: Халықтың аманаты орындалды

Видеодан скриншот

Кредит амнистиясын жариялау бастамасын көтеріп, 100 мыңға тарта адамнан қол жинаған қоғам белсендісі Жанболат Мамай мен оның жақтастары жиналған арыздарды президент әкімшілігінің канцеляриясына өткізді.

Бұған дейін демократиялық партия құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай пандемия кезінде халықтың тұрмысы төмендеп, әлеуметтік жағдайы нашарлағанын айтып, осыдан бірнеше ай бұрын бірреттік несие амнистиясын өткізу бастамасын көтерген. Бастаманы ел бойынша 100 мыңға жуық адам қолдаған.

Қоғам белсендісі 4 тамыз сағат 11:00-де Ақордаға 100 мың адамның арызын тапсыруға баратынын бірнеше күн бұрын хабарлаған. Мамай мен оның жақтастары кеше Нұр-Сұлтан қаласына келген.

Уәделі уақытта Ақордаға қарай беттеген белсенділерді полиция қызметкерлері президент резиденциясына қарай өткізбей тұрды.

Артынша Ақордадан билік өкілі шығып, белсенділермен келіссөз жүргізді. Келіссөз нәтижесінде белсенділерден 5-6 адам президент әкімшілігінің канцеляриясына кіріп, арыздарды өткізді.

Жанболат Мамайдың facebook-тегі парақшасында жүрген тікелей эфирден белсенділердің ғимарат ішінде арыздарды түгендеп, өткізгенін көруге болады.

Белсенді Жанболат Мамай "арыздарды Ақордаға тапсырдық! Халықтың аманаты орындалды" деп айтты.

 

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір