• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 11:03:04
+35°

Қазақстанда бала зорлау оқиғалары неге жиілеп кетті? Ата-ана өз баласын жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін қалай тәрбиелеу қажет? Психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова Қамшы тілшісіне берген сұхбатта осы және басқа да мәселелерге қатысты кеңесімен бөлісті.

– Анна Мергенбайқызы, педофилия мәселесі қазіргі қоғамда ашық талқыланып жүр ме?

– Қазіргі қоғамда педофилия мәселесі туралы айту маңызды. Болған жайтқа көз жұмып, айдан анық нәрсені мойындамау, өзінің отбасында немесе үйінен бірнеше қадам жердегі осындай жағдайларды адамдардың "көрмеуі" қауіп төндіреді. Консервативті ойлайтын адамдардың бір бөлігі үшін мұндай құбылыс, тіпті, жоқ сияқты да. Ал мен, менің кабинетімде клиенттер осы туралы әңгімені жиі айтатындықтан, бұл құбылыстың бар екенін жақсы білемін.   

– Дәл осындай жағдаймен сіздің қызметіңізге жүгінетіндер көп пе?

– Маған келетін клиенттердің басым бөлігі – қазақтар. Қазақ ауылында өскендер. Жақында келген бір клиентім маған өзінен үлкен бірге туған ағалары бірнеше жыл бойы жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлегенін айтты. Олар сол үшін оған ақша, шоколад, балмұздақ алып берген. Ағалары оған "білесің бе, сен бұл нәрсеге үйренуің керек. Өйткені сен күйеуге шыққан соң, бұл нәрсемен күнделікті айналысатын боласың" деп айтып отырған. Мен клиентімнен "сен, сонда, әкеңе немесе анаңа барып айтпадың ба?" деп сұрағанымда, ол "мен барлық отбасында ағалары мен қарындастары осылай жасайды деп ойлайтынмын" деп жауап берді. Ағалары оған осындай тәрбие көрсеткен. Басқа бір отбасында әкесі өз балаларын зорлайтын, сондықтан балалары да "барлық әкелер осылай істейді" деп ойлаған.

Анна Құдиярова

– Ата-ана тарапынан назардың жетіспеуінен бала педофил құрбанына айналуы мүмкін бе?

– Педофилдер – агрессивті емес адамдар. Педофилдер балаларға жетіспейтін нәрселердің орнын толтыруға тырысады. Ол – ең алдымен, әкесі мен анасы тарапынан назардың жетіспеуі. Мен барлық ата-аналарды айыптай алмаймын, өйткені олардың қолдары бос болмауы мүмкін. Бірақ адамның, баланың жанын ұмытпауы қажет. Өз балаңды педофилдің құрбаны болып кетпейтіндей етіп тәрбиелеу керек. Егер жұмысбасты болып жатсаңыз, ең болмағанда, екі-үш аптада бір рет балаңыздан "маған ештеңе айтқың келмей ме? Осы үш апта ішінде мен сені ренжіткен жоқпын ба?" деп сұрап қойыңызшы. Егер балаңыз, мысалы, "иә, анашым, сен мені жексенбі күні қалаған жеріме алып бармадың" деп бұртиса, оған қуаныңыз. Өйткені бұл, баланың сізге сенетінінің дәлелі, педофил қандай заттар көрсетіп, қызықтырмасын, баланың оның артынан еріп кетіп қалмайтынының кепілі. Себебі оған керек бар нәрсені ата-анасы береді. Ал егер балаңыз көзіңізге тік қарамай тұрса, онда бұл араларыңызда бір нәрсенің дұрыс емес екенін білдіреді. 

– Баланы жыныстық тұрғыда қалай дұрыс тәрбиелеу керек?

– Жыныстық жаққа қызығушылық, әсіресе, 3 жастан 5 жасқа дейінгі балаларда және ары қарай, жасөспірім кезінде ерекше арта түседі. Бұл кезде, бүйрек үсті безінің белсенділігіне байланысты гормоналды процестер қарқынды жүреді. Сондықтан да ата-аналар осы жастағы балаларына назар аударғаны жөн. Оларға жыныстық энергияны сублимациялауға көмектескені өте маңызды. Осындайда бала ермексазбен айналысып, үйірмеге, секцияға қатысып, сублимацияға түсуі керек. Егер ата-ана бала үшін маңызды уақытты өткізіп алса, бала "тұйық" болып кетуі мүмкін. Бұл кейінірек гомосексуализмге, педофилияға бейімділіктен байқалады. 

– Балаға зорлық жасалған жағдайда ата-ана не істеуі қажет?

– Ең бастысы – ешкімге кінә артпау керек. Өкінішке орай, менің тәжірибемде мұндай жағдайлар өте жиі кездеседі. Баланың ересек адам емес екенін түсініңіз. Ең алдымен, оған ниет білдіріп, қандай жағдай болмасын, ұрып-соқпайтыныңызға бала сенімді болуы қажет. Бұл – баланың кінәсі емес, қайғысы. Зорлық көрсетккен адамды міндетті түрде жауапкершілікке тарту керек. Сол кезде ғана бала өзін қорғайтын адамдардың бар екенін түсінеді. Сонымен қатар, жағдайды құпия ұстау да аса маңызды. Баланың аты, жүзі, қандай жағдай болмасын, ешқандай жерде шықпауға тиіс. Өйткені оның өмірі әлі алда.

Ата-аналарға айтарым, өз балаларыңызға мұқият болыңыздар! Олармен жақын және сенімді қарым-қатынас орнатыңыздар. Егер ата-ана баланың бойынан күдік тудыратындай белгілерді байқаса, онда оны міндетті түрде психологқа апарғаны жөн. 

Таңшолпан Ғазизқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір