• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:34:12
Алматы
+35°

72 сағаттық ескерту мерзімі аяқталғаннан кейін америкалық дипломаттар Қытайдың Чэнду қаласындағы консулдығынан кетті.

Өткен аптада Техас штатының Хьюстон қаласындағы Қытай консулдығының жабылуына жауап ретінде Қытай Чэнду қаласындағы Американың консулдығын жабуға бұйрық берген.

Дүйсенбі күні ескертудің соңғы мерзімінен бұрын қызметкерлердің ғимараттан кетіп жатқаны көрінген, тақталар алынып, АҚШ жалауы түсірілген.

Қытайдың сыртқы істер министрлігі ғимаратқа қытайлық қызметкерлер соңғы мерзімнен кейін кіріп, консулдықты "қабылдап алды" деп мәлімдеген.

Соңғы уақытта АҚШ пен Қытай арасында шиеленіс күшейе түсті. Құрама Штат прокурорларының сотқа берген мәліметтері бойынша, Америкадағы қытай зерттеушілері визалық алаяқтығы үшін қамауға алынған. Вашингтон "визалық алаяқтық жасады және әскери байланыстарды жасырды" деп күдіктенген қытай ғалымы Сан-Францискодағы Қытай консулдығына қашып тығылғанын мәлімдеген.

Сәрсенбіде Трамп әкімшілігі Қытайдың Хьюстондағы консулдығын 72 сағат ішінде жабуға бұйрық берген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтонның шешімі Қытайдың зияткерлік меншіктерді "ұрлап жатқандығына" байланысты қабылданғанын мәлімдеген.

Бейжің бұл қадамды "саяси арандатушылық" деп атаған.

Бірақ Трамп Қытай консулдықтарының көбін жабуға бұйрық беретіні "әрқашан мүмкін" екенін мәлімдеген.

Кейінірек Қытай Чэнду қаласында орналасқан АҚШ консулдығын жабуға бұйрық берген. Қытай бұл қадамды АҚШ-қа "қажетті жауап" деп атады. Сенбіде Бейжің Хьюстондағы Қытай консулдығына АҚШ құқық қорғау органдары қызметкерлерінң "мәжбүрлі түрде" басып кіргенін айтып айыптап, оған да тиісті қайтарма әрекет жасайтынын мәлімдеді.

Вашингтон Бейжіңді сауда және коронавирустық пандемияға қатысты бірнеше рет айыптаған, сондай-ақ Қытай Гонконгқа қауіпсіздік туралы даулы жаңа заң қабылдады.

Ал Трамп Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы этникалық қазақтар мен ұйғырлардың қысымға ұшырауына қатысы бар 50-ге жуық қытайлық компанияға санкция салды.

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: АҚШ Қытай консулдық

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір