23 Шілде, 2020 NEWS

Сөз көнерді ме, ел жаңарды ма? (2-бөлім)

Көрнекі сурет

Жалғасы. Басы мына жерде

Тіл біліміндегі «лексика» – грекше «лексикос» – «сөз» дегенді білдіретін, «тілдегі сөздердің жалпы жиынтығы» деген ұғымды білдіреді. Лексикa дегеніміз кей жағдайда жекелеген тілдік тұлғалардың, көркем шығармаларда да сөз саптау мәнерінде қолданылатын сөздер ретінде қолданыста болуы заңды құбылыс.

ҮШБУ

    Үшбу – «осы, осынау» мағынасына ие

Ораза тұт, үшбу айда оқып құран, Қараңғы керде шамың жағып тұрған («Жарапазан»); Тірлікте үшбу хатты тамам қылған, Сөз айттым ықыласпен бұрынғыдан («Мысал-аңыз үлгілері»); Абыраһа мекерлікті көңіліне алып, Білдіріп үшбу сөзді (аз һар) ызғар етті («Абыраһа мен Мұғылаб»); Өзіңе үшбу жұмыс алашақ па еді, Меккелік Құрайыштың кетасы едің («Абыраһа мен Мұғылаб»). Бу, шол, үшбу, тона Үшбу йерде барчамыз қыралы дебзар қылдылар (Әбілғазы баһадүр Түркі шежіресі). Үшбу кеченің ічінде келіб меңға жауаб бер теділер (Әбілғазы баһадүр Түркі шежіресі). Үшбу уақытда көрелнің падшаһлары Щибан хан нәсіліндін емеш бірақ йырық йер тұрұр аның растын йалғаннын тәңрі йахшы білүр (Әбілғазы баһадүр Түркі шежіресі) Мысалы: үшбу пәле, үшбу ер, үшбу күн, үшбу сөз, үшбу түні, үшбу заман, үшбу іс, үшбу йер, үшбу жай, үшбу жол, үшбу уақыт, үшбу қисса, үшбу пәни, т.б.

      Үшбудүр. Біләлға Расул айтты қылып пәрман: - Хабар қып Халықтың бәрін келтіріп сан. Ақырғы өсиетім үшбудүр, - деп, Бұл күнде сан өсиет айта – дүрман (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Пайғамбардың соңғы тілегі»).

       ДҮР

      Дүр/дүррі араб сөзі, «теңіз түбінен алынатын қымбат бағалы асыл тастың бір түрі, інжу, маржан; керемет, зор, атақты» деген мағыналарға ие. Мысалы: Қалдырған су түбінде дүрдің тасын, Түспейді көзге әр нәрсе, болса асыл («Адам екі түрлі»); Әдетің: дүр өлеңге аят жазбақ, Тымшым қып (тамасын қор ғып) біреудің ғайыбын қазбақ («Мәшһүр-Жүсіп пен Ғалы Күзембайұлы айтысқаны») . Дүр сөзіне қатысты тілдік бірліктер көп: дүр өлең, дүр орын, дүр құны, дүр тасы, дүр газет, дүрман,  Баһадүр, үшбудүр

      «дүр» қосымшасы арқылы жасалады:

Сұрады сауал етіп Мұтылабтан: - Мағлұм ет: не жұмысқа келе дүр сен (сан) (М-Ж. Абыраһа мен Мұғылаб); Әркім-ақ ғибрат қылып ойлау керек, Алланың болған дүр деп бірадасы (М-Ж. «Қажыларға»); Мұтылаб патшаға айтты қылып азһар (ызғар), Екі жүз түйелерім келіп дүрлар (М-Ж. Абыраһа мен Мұғылаб).

  • Шарпы

 Шарпы сөзі «жарты» деген мағынаға ие болған: Расулдің жасы шарпы қырыққа келіп, Айтайын пайғамбарлық келгенлерін («Абыраһа мен Мұғылаб»). «Шала-шарпы» деген қазақта сөз бар. Мұндағы шала сөзінің мағынасы белгілі, бірақ шарпы сөзінің мағынасы бұлыңғыр. Шарпы сөзі тува тілінде ««жарты» ұғымын білдіреді, сонда «шала-шарпы» қос сөзінің мағынасы «шала-жарты» болмақ. Шала, шарпы сөздері отқа байланысты айтылады. «Сөздің аласы – жаман, оттың шаласы – жаман» деген қазақта мақал да бар. Жалпы алғанда, «шарпы» сөзі «толық емес, жартылай» деген мағынаны білдіреді.

Әлеуметтік-қоғамдық, саяси атауларды білдіретін сөздер бойынша:

      БАСАЛҚА – ақыл (кеңес), басу сөз айтушы. Қызықты бастау үшін басалқалар, Той соңын атқа аударды тым ұзатпай («Құмаш қоңыр хикаясы». Бабалар сөзі).

     ЗӘҢГІ, ҮКІРДАЙ – шен, билік атауы. Жиылған зәңгі, үкірдай, бай-бағланға, Бір тойда Тотай кепті анталатып («Тотай сал». Бабалар сөзі).

      КЕРЕШІ – келістіруші, араға жүруші, бітістіруші

      СӘРУАР/СӘРУӘР – басшы, көсем (Мұхаммед пайғамбардың атына байланысты қолданылады), бастық, жетекші.  «Мен ендi сол Сәруәрдi iздейiн», - деп,Амандасып олармен кетiп қалды(«Шаһмаран». Бабалар сөзі))

       ІЛГІДАЙ  – лауазым иесі, үкірдайдың орынбасары. Мансапты: бірі үкірдай, бірі ілгідай, Әр түрлі құрметтелді тағамменен («Құмаш қоңыр хикаясы». Бабалар сөзі).

Туыстық атаулар

       ЖАНАП – жақын, жамағайын, туыс. Ғалым тағы сұрағын сабақтады, Тыңдап отыр халифа жанаптары («Ғалым қыз Буадат». Бабалар сөзі).

        БІР ТУМА – бір туған туыс, туысқан. Байбөрі әкесі һәм Құлтай, һәм Шыныбай деген үшеуі бір тума екен («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі).

        Тұрмыстық зат атауларына байланысты ескі сөздерге келсек:

     Шанаш – ешкі терісінен жасаған ас құятын ыдыс. Сен иттің жаның ырза, жолдасың сол.

Ішпей, жемей, шанашқа қойса салып («Ит дүние»).

      Парша/Барша – алтын мен күмісті араластыра отырып тығыз тоқыған жылтырақ жібек мата және сол матадан тігілген қымбат бағалы киім. Парша менен мәулімді, Боз бояқтай жұмсаған, Жорға менен жүйрікті, Тай, құнандай жұмсаған («Тәтидіжоқтау»).

       Мәулім – мата-кездеме атауы. Парша менен мәулімді, Боз бояқтай жұмсаған, Жорға менен жүйрікті, Тай, құнандай жұмсаған («Тәтиді жоқтау»).

        Бөз – арзанқол мата.

        Барша – алтын мен күмістен безелген мата. Баршаны бөздей жырттырған, Жібекті жүндей түттірген («Жоқтау»).

        Қауға – құдықтан су   тартатын теріден істелген ыдыс. Шыңыраудан алып, су ішкен, Шынжырлы қауға тақтырған («Жоқтау»).

         Қамқа – зерлі жіптен тоқылған жібек мата. Астына жорға мінгізіп, Үстіне қамқа кигізіп! («Сайын батыр»).

         Көнек – теріден тігілген шелек. Көнекте тұрған қымызың бар ма?! – деп ұрсады екен (Қалмақ Сарыарқадан ауғанда, тамақ сұрап жылаған балаларына айтқаны).

         Сәрке – iшiмдiк.Бiрiнде сүт, бiрiнде сәрке екен, Адам ұғлы бiледi жамандықты (Шаһмаран).

          Керме – кілем сияқты тоқылып көбіне сәндік үшін керегеге ілінетін, ішіне киім-кешек, ұсақ-түйек заттар салынатын қалта; шымылдықтың желбір шегі; ат байлайтын жер. Жүрегің мен деп соғып елжірепті, Бебеулеп керме асылып тұрсаңыз да («Қараторғай». Бабалар сөзі).

         Адалбақан – киім ілетін ашалы қада ағаш. Асадал – ыдыс-аяқ салып қоятын биiк кең шкаф; буфет. Әйелдер жүрмесін деп мені қарғап, Асадал, адалбақан шапты арнап («Алтын балта». Бабалар сөзі). 

         Көрік – тандыр қақпағы, кесек қақпақ; самаурынның от салатын жері. Қол ара, әйнек кескіш, темір тескіш, Көрік, төс, балға, қысқыш, темір сашау («Алтын балта». Бабалар сөзі).

        Кебеже түйемен көшіп-қону кезінде бала отырғызатын ағаш жәшік тәрізді бұйым. Жүкаяқ, кебеже мен төсек ағаш, Жасады нақ қайыңнан кесек ағаш («Алтын балта». Бабалар сөзі.)

        Қымқап – алтын немесе күмiс жiп аpаластыpып

тоқылған қалың жiбек мата. Келбетіне қарасам, Қымқапты таңлап кигендей («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі).

       Мойынтұрық – аpба, шана, соқа таpтатын өгiздеpдiң мойнына салатын аpнаулы ағаш құpал. Тіс ағаш, мойынтұрық жатақ елге, Үй ағаш көшпелі елге пана керек («Алтын балта». Бабалар сөзі).

       Сырық. Киiз үйдiң киiзiн жөндеуге, түндiктi көтеpiп ашуға аpналған ұзын таяқ; бақан. Жасады құрық, сырық, тоқпақ, қазық, Жол жүрген жолаушыға тартып сыйын («Алтын балта». Бабалар сөзі).

       Тегілдірік – еp-тұpман жабдығы. Атқа салдым тегілдірік терлікті, Қаратауда мен көп сүрдім беклікті («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі)

       Тоғанақ – түйеге артқан жүк. Жатты олар тоғанағын басқа қойып, Сусындап шөліркесе, асқа тойып («Нұрғазарын». Бабалар сөзі)

       Төс – үстiне  темip қойып соғатын ұстаның құpалы. Қол ара, әйнек кескіш, темір тескіш, Көрік, төс, балға, қысқыш, темір сашау («Алтын балта». Бабалар сөзі).

        Шәңгек – малды сойғанда іліп қоятын аспа iлмек ағаш.  Сан етті шанша салар асықса деп, Басына іліп қойды шәңгек қармақ («Алтын балта». Бабалар сөзі.

        Шылдырман – сыбызғы түрі.Алпамыс серкенің сүйектерінен «шылдырман» деген сыбызғы жасады («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі: Жүз томдық.

         Күлә – диуананың бас киімі. Онда қыз, айтқанындай, пердемен бетін жасырып, ханға амалын асырып, басына күлә киіп, астына есек мініп, қоржын салып, қолына аса алып, ханның ордасына ақтап келді («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі).

         Мосы – басы бipiктipiлген үш темip таяқты iлгекке шәугiм шелек iлiп, шай қайнатып, ас пiсipетiн құpал. Және бұ жағына Шала-пұла пісіріп, Мосыдан алып түсіріп, Қоң етін кесіп беріпті («Алпамыс батыр қиссасы». Бабалар сөзі:

         Кіреуке – оқтан, найзадан сақтану үшiн жоpыққа киетiн темip сауыт. Жігіттікте жүруші ең Кіреуке тонды жамылып («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі).

         Мұрындық – түйенiң я өгiздiң екi танауының аpасындағы шемipшегiн тесiп өткiзетiн iстiк ағаш. Мұрындық, ноқта тимеген, Түйешілер мінбеген Тоқсан нарды құлатты («Алпамыс батыр қиссасы». Бабалар сөзі)

         Оқшантай - былғаpыдан тiгiлiп, белдiкке тағып оқ-дәpi, құpал салып жүpетiн қалта; кiсе. Оқшантайын байланып, Мойнына мылтық салады-ай («Алпамыс батыр қиссасы». Бабалар сөзі)

          Терлік – тоқымның астына салатын, қойдың жабағы жүнінен тер сіңіру үшін жасалатын киіздің бір түрі; тершік.  Атқа салдым терлікті, Дұшпанға қылдым ерлікті («Алпамыс батыр қиссасы». Бабалар сөзі).

          Керсең – үлкен шара, тегеш, тегене. Үлкенге керсең қалды да, Ас құйылды тегешке («Қара өлең». М.Ж.).

          Малма – тері илейтін ашытқы, иге салатын теріні асты-үстіне шығарып, араластыру. Қымызға қара саба аңсамайды, Малманың болған үйір шелегіне («Бір үйге». М.Ж.)

          Манат – қымбат, түкті мата. Жеткізген ұшқан құстай қанатым-ай! Күн жауса, су болмайтын манатым-ай! («Ышқыш бап сапары». М.Ж.)

          Мор – киіз үйдің ағашын (сүйегін) балқытатын орын. Мор басқан ұзын ұзақ қағазым бар, Оқитын мезгіл-мезгіл намазым бар («Жәдігөйдің жыры». М.Ж.).

          Саптияқ, саптыаяқ – қымыз құятын ыдыс. Бір саптияқ (саптыаяқ) байланып бардық, келдік, Келген соң аман-есен, жұртты көрдік («Ізбас қажы». М.Ж.)

Түр, түс, сын, сапа атауларына байланысты сөздерге келсек:

          Баран – жылқының түсi; қаpа қоңыp, қаpа кеp. Артынан бір ат шықты Бурыл деді, Көк те емес, баран да емес, күлгін деді («Құмаш қоңыр хикаясы». Бабалар сөзі).

           Бұла – қадірлі, сыйлы.  Заршылық шын болды ма, Жасымнан бұла өскенім. Жасымда өскенім бұлаңдап, Арғымақ аттай сылаңдап («Нұрғазарын». Бабалар сөзі).

           Бөрте – боз аpаласқан көкшіл, қызыл-күpең түс Мінген аты бөрте-ді, Отауды енді өртеді («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі).

           Ырғын – қыpуаp, көп, мол. Көк орман, іші толған шалғын екен, Жел-жеміс, гүл-бәйшешек ырғын екен («Жүніс жетім». Бабалар сөзі.

          Сақы – қолы ашық, мырза, жомарт. Сақының қылған қайыры сел болады,
Решетке – бізге қорған – қайдан болсын?! («Күйеу Мағзұм мен Аруақтар». М.Ж.).

Осы тұста ерекше лингвомәдени бірліктерді атап өтуге болады:

            Бәсіре – Балаларға меншіктеген, арнайы ен салынған мал.  Бәсірең деп жүз серке Бөліп берді өзіне («Алпамыс батыр қиссасы». Бабалар сөзі:

           Керней-сырнай – қазақтың үрмелі музыкалық аспабы.  Керней-сырнай тарттырып, Дағыра дабыл қақтырып, Қырық қақпалы қалаға Тегіс хабар берді енді («Алпамыс батыр қиссасы». Бабалар сөзі).

          Шырға – құсты қолға, аңға түсуге баулығанға қолданылатын аңның жасанды бейнесі. "Былай қыл" деп үйретіп, шырғадай қылып сүйретіп, Салтанаттың рәсімін ел жұртына көргізген («Мұса Шорманұлы». М.Ж.).

          Шүлен – мыpза, даpқан, жомаpт кiсi. Онда Алпамыс айтты: – Саған олай болса мен бір ақыл үйретейін, ертең «ханның шүлен беретұғын тойы бар» деп той қылып, елді шақырып жиыңыз («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі)

         Сірі – адамды тұлып жасап, жас теріге салу. Белгі жоқ, бейіті жоқ Нұрланғанның, Сіріде шіріді ме қайда кетті?! («Аққан сынап». Бабалар сөзі).

         Сауын айту – бір ауылда, елде үлкен ас, үлкен той болатын болса, алдын-ала (бірнеше ай, тіпті бір жыл бұрын) жан-жаққа хабар жіберілуі, адамдарды соған шақырылуы. Ac бердіекі облысқа, сауын айтып, Тік тұрып екі оязнай, он бес болыс («Мұса Шорманұлының асы». М.Ж.)

          Тотия – көзге жағатын дәрі, сүрмелейтін бояу. Табылмас көзге тотия – ем дәрідей, Қолынан әр жақсылық келген кісі («Адам екі түрлі».М.Ж.)

          Сүрме – кірпік, қасты бояйтын қынадан жасалған бояу. Сүрме тартып көзіне, Орнатқан гауһар тісіне («Алпамыс батыр қиссасы». Бабалар сөзі).

           Күйек байлау. Қыркүйек  айында қой мен ешкінің төлдеу уақытын көктем айына келтіру үшін қошқар мен текеге күйек байлайды. Бұл шаруа қырда, өріс басында өткізіледі («Көшпелі болған жұрттың шаруасы» М.Ж.).

Ескі қазақ жазба лексикасының құрамында шет сөздер бар:

         Араб сөздері: хайла (айла), минат (ізет, қайыр; шүкірлік; міндет, борыш), ғасы, асы (күнәһар, шариғатқа қайшы істер жасаған кісі), дәлелет (жол көрсету, дәлелдік, белгі), нәуи/нәби  (әулие, құдірет, жаратушы, елші), хасыл (нәтиже).

        Парсы сөздері: мәсдар  (бастау, қайнар көз), пұшайман (бейшара, сорлы, қайғы, өкініш), нама (хат, жазу), лашкер (әскер, қосын), барһам (аласапыран, аралас), хар (қор), ғар/қар (жаман), бинакаһ (жазықсыз)  

         Иран сөздері: сәруар (басшы, көсем), ауан (ағым, ыңғай, икем), баһра (пайда, олжа, нәтиже), зада (перзент, бала), нияз (өтініш, тілек), шаһбаз

(ер, азамат, батыл)

          Моңғол  сөздері: ылау, boġdа  (қасиетті), еzеn (ием), албаты, ұтық (ру), ұтағат, Тарбағатай, Шәуешек, burһan (будда), ԛulaԛay  (ұры), ԛudal (ұры), мörgü (бас ию).

          Қытай  сөздері: han (хан), waŋ (уаң), ϳaŋϳuŋ (генерал), guŋ (гүң), saŋla (қайранда), tayϳi (тәйжі), мolon (гүлді торқа), uluw (айдаһар), darïn (ұлық), diŋsä (шен маржан)

          Манжу сөздері: зәңгі (шен, билік), үкірдай  (болыс дәрежелі лауазым), ілгідай (лауазым иесі, үкірдайдың орынбасары)

          Орыс  сөздері: порма (форма), сөтке (сутка), запоске (запас), үйез (уезд), сипыр (цифр), сбат (свет), мінөт (минут), панар (фонар), Микайл (Михаил), ысқад /сыбхат (сход), тебетей (тюбетейка).

Осы тұста тіл ғылымының нағыз майталмандарының бірі, ғалым Берікбай Сағындықұлының:      «Түркі халықтарында бұрын-соңды болмаған ұғымдар мен зат атаулары ескерткіштерде араб-парсы сөздерімен беріледі. Мұндай сөздердің көпшілігі діни ұғымдар, ел басқару істеріне, экономикаға, ғылым мен мәдениетке, қоғамдық өмірдің басқа да салаларына байланысты терминдер. Әрине, мұндай сөздер аударуға келмейді. Аударған күнде де негізгі мағынасы бұзылып кетер еді» деген ойын дәлелдей түсеміз [Сағындықов Б. XIV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштегі араб, парсы элементтерінің лексикалогиялық ерекшеліктері туралы // Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары. Тіл-әдебиет сериясы.1976 1 (9)). Лексика көненің көзі болғандықтан, оның тілдік ерекшеліктерінен ескі қазақ тілінің сан түрлі тарихи даму жолдарын тануға болады. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде қолданылмайтын араб және парсы сөздері. Лашкер –Менім ләшкерім екіге бөлінді (Әбілғазы баһадүр Түркі шежіресі). Уәлайат – Уәләиат Шыңғыс ханның Хытай уа қара хытай уа чүрчіт уәлаиатларыны алған зікірі – қазіргі мемлекет орнында қолданылған. Хажымұхамед қолында Хорасандын өзге уәләйат қалмады (Әбілғазы баһадүр Түркі шежіресі).

Мағынасы беймәлім, көмескі сөздер бар, әрине, ол болашақ терең талдауларды күтіп тұрғаны анық. Олар: атиһам, манхикүм, маржамқа, бірһам, тамкүн, һарма, хамыла, лахсызада, ғал, мағбас, хысырыиар, ақырағы, миллад, микам, жікір, ұмқала, жынт, ғыдырым, мәдіға, зарра капат, ұшал, собу қажилит, айыслағыл, дүрисат, майшақ, мүкім, акірам, ақтыш, тақырар, ғизза, милиат, әни, мүни, жакір, найарманлық, рахфибі, мауіл, кінар, кінарсы, фықатаухид, биопа, нәуе, піруай, һұммат, ғындаба, шидида, сайлық, сауан, сахабауыл, сеңгі, абрахымат, һураган, ыстығанат, торта, махик, масауалла, шаиналла, муфтала, кәуіп, хылым, шия, махбоп, ганжу, ғараз, садап,заббани, міламат, ғұздам,шар, умын, тумын, ғадалатлы, алхыр, жаннатіл, маупін, парһам, масна, шәжәрат, хұмайын, хайыр-ықсан, лабұд, шәни, зарра, қытре, мұғызы, зынжыба, фырайыз, жаң-жадал, миқан, ғақайат, пілпіла хатыршау, тафық, рәсүр, мұжауһар, зайығ, зайғы, хайыф, ағыраб, жаһыл, һұсу, хамисақ, әмір-зибал, сақыр, тажа, замабірир, аждар, асхап т.б.

Сонымен қатар осы тұста, өзге тілден енген сөздер дәл сол қалпында алынбай, тіл заңдылығына сай игеріліп жұмсалған сөздерді  көрсетуге болады: формы (форма), запоске (свет), мінөт (минут). Мысалы: Арабта ол секілді құс болмаған, Аяғы шегірткенің формында еді (Абыраһа мен Мұғылаб); Сарыарқаның көде мен бетегесі Шөбің болған (запоске) запасқа, суың – сыра; («Иманжүсіп атынан шығарғаны»); Ана жыл еткен сайлауда Жәпек, Иса, Уезге (үйезге) де Стабалов болмап еді. Үйездің қорқытуы жетіп еді, Қорықпай-ақ енді бұлар өтіп еді («Байдалының Исасына»); Самауыр, қайта-қайта қойды, шайды, Жей алмай азыққа алдық аппақ майды; Самауырын – қайта-қайта қойды шайын, Атқа жем неше мезгіл берді дайын («Ышқыш бап сапары»); Баласына Ғалының тигені үшін, Қызға сегіз ұжмақтың есігі ашық («Шаһарбан мен Хұсайын»); Көктегі періштелер қара киген, Ұжмақтағы қорлар көріп, зар еңіреген («Әбушақыма»); Ұжмаққа Әбушақыма кетті жаны, Жүк болған ол кәпірге ердің қаны («Әбушақыма»); Сипырын бес тиынның бес теңге деп, Кедейлер хат білмеген соры қайнар («Көшпелі болған жұрттың шаруасы»); Хырыстың сбады (светі) болып табылған соң, Біздерде құмарпаздық қалды бір ат («Бір үйге»); Баруға мен осынша ой ойландым, Оқтанып неше мінөт (минут) ыңғайландым («Абақтыдағы Ишанға»). Барлық сөздерді талдай келе, көшпелі өмірдің тағдыр тарихы, халықтың рухани ерекшеліктері көне лексикадан көрініс табатындығын ерекше атап өтуге болады. Қазақтың ескі жaзба лексикасы халық дүниетанымын, мәдениетін сол дәуірдің тыныс-тіршілігін тереңдетіп көрсетеді.

Жалпы алғанда, ескі қaзақ жазба тілі – қазіргі әдеби тіліміздің дамуына жол ашқан үлкен арналардың бірі. Біз естімеген қазақтың көне сөздері өте көп, сондықтан оларды індете зерттеп, мағыналық мазмұнын ашу aрқылы қазақтың  мәдениетін, салт-дәстүрін, танымдық қырларын көрсетуге болады.

Абитжанова Жанар Алтынбековна

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының

аға ғылыми қызметкері, ф. ғ.кандидаты

Ешметова Балжан Батырхановна

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының

ғылыми қызметкері, PhD докторант

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір