23 Шілде, 2020 NEWS

Атырауда ұшақтан шыққан қара түтіннің не екені анықталды

Видеодан скриншот

Атырау әуежайынан аспанға көтеріліп, артынан шұбатылған қою қара түтін қалдырып бара жатқан ұшақ көпшіліктің көңілін алаңдатты. Бұл туралы ktk.kz хабарлады.

Бұған дейін де түрлі-түсті сұйықтық шашып жүрген ұшақтың видеосы әлеуметтік желіде тарап, талай алып-қашпа әңгімеге себеп болған. Атырау тұрғындары бұл жолы да шошып отыр.

Тұрғындардың айтуынша, мұндай ұшақ Атырауда расымен жоқ. Инженерлік-авиация қызметі өкілдері бұл ұшақтар Атырауға транзиттік бағытта ұшып-қонатынын айтты. Кеңес одағы кезінде 1960 жылдары шығарылған «Антонов-12» жүк тасымалдаушы әуе кемесі көршілес елдерде әлі қолданыста жүр. Олар Атыраудағы ірі өндірістік кәсіпорындарға мұнай-газ қондырғыларын тасымалдайды.

Аталған әуе кемелері Атырау әуежайына аптасына екі рет келіп кетеді екен. Ұшақтың өзіндік салмағы 61 тонна, ал жүк көтеру салмағы 21 тонна. Мамандар «бұл тұрғындар үшін аса қауіпті емес» деп, шұбатылған қара жолақтың не екенін түсіндірді.   

– Тұрғындар арасында  үлкен дау туғызып жатқан бейнежазбаларға қатысты айтарымыз бар. Бұл қалыпты жағдай. Кеңестік өндірістің ұшақтары осындай әсер береді. Өйткені ол кезеңде ешкім экологиялық қауіпсіздік туралы бас қатырған жоқ.  Ескі ұшақтардың барлығы қалыпты биіктікке көтерілгенше, жанармайды өте көп тұтынады, күн аса ыстық кезде қозғалтқышқа ауа жетпегендіктен, сондай түтін пайда болады, – деді Атырау халықаралық әуежайы, инженерлік-авиациялық қызметінің басшысы Андрей Ким.

 

Ілмек сөздер: Атырау түтін ұшақ

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір