• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 09:29:36
Алматы
+35°

Қазақстанда кеше цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қызметінен босатылды. Оның қызметін аталған ведомствоға вице-министр болып тағайындалған Бағдат Мусин уақытша атқармақ. Соңғысы бұған дейін президенттің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі болған. Қоғам тарапынан да, президент тарапынан да сынға ұшырап жүрген қазіргі үкімет қайта жасақтала ма?  Қамшы тілшісі осы туралы сарапшылар пікірін сұрады.

Саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров министрлерді бір-біртіндеп орнынан алу арқылы үкіметтің басым көпшілігі ауыстырылуы ықтимал екенін айтты.

– Пандемия кезінде үкімет ашық жұмыс істеу, қоғаммен қоян-қолтық жұмыс істеу, азаматтық қоғаммен диалогқа бару мәселесі жағынан кенде болып қалды. Көптеген шешім кулуарды түрде жасалып жатыр. Жалпы, қоғаммен ешқандай байланыс, диалог жоқ. Сондықтан бүгінгі үкіметтің жұмыс істеу тәсілі мен стильі азаматтық қоғамды да, президентті де қанағаттандырмай отыр. Және жұмысы ақсап қалған министрлер бойынша шешім қабылдау жөнінде ортақ пікірге келген тәрізді. Пандемия басталғанда Қазақстанда цифрландыру саласында шешілмеген мәселе көп екенін белгілі болды. Осы сияқты өзіне жүктелген міндетті атқара алмай отырған министр, әкімдерге қатысты нақты шешім қабылдануы ықтимал. Халық үкіметтің қабылдаған қарарлары мен шешімдеріне сеніммен қарау керек. Ол үшін халық пен үкімет тікелей жұмыс істеуге тиіс. Ал бұл үкімет әзірше қоғам белсенділерімен, азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуге бара алмай отыр. Меніңше, осылай министрлерді бір-біртіндеп орнынан алу арқылы үкіметтің басым көпшілігі ауыстырылуы ықтимал, – дейді саясаттанушы.

"ХАҚ" (Халыққа адал қызмет) қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева "экс-министр Асқар Жұмағалиев жұмысын қай деңгейде атқарғанын пандемия көрсетіп берді" деген пікірде.

– Біздің елде билікте өзінің жұмысы үшін, жұмысының нәтижесі мен қорытындысы үшін жауап берер сәт туғанда әрі қабылданған шешімнің тиімсіздігіне қарай жаза болатынын білгенде ғана барлық шенділер жауапты болып, өнімді жұмыс істейді. Асқар Жұмағалиевті осы кеткеннен мемлекеттік қызметке қайта келмейтіндей етіп кетірді деп үміттенемін. Өйткені Жұмағалиев министр креслосында ұзақ уақыт отырды. Бұл аралықта елді цифрландыруға млрд-таған теңге жұмсалды.

 

Ал карантин білім, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау салаларында, статисталық деректер базасында ешқандайда цифрландырудың жоқ екенін әшкереледі.

  

Соның салдарынан 42500 теңге аларда халық бірыңғай жиынтық төлемді қалай төлерін білмеді, азаматтар "ЦОН"-дардың алдында сағаттап кезекте тұрып, індет жұқтырып алып жатты. Мектептер үш апта онлайн оқытуға өте алмай ақырында zoom мен whatsapp-қа көшіп, білім сапасы бірден төмендеп кетті. Статистика біріктірілмегендіктен, індеттің нақты көрсеткішін біле алмай отырмыз. Ғарыш туралы бірдеңе деудің өзі артық. Бізде ол сала мүлде кенжелеп тұр. Байқоңыр Ресейдің басыбайлы жері сияқты. Бұл бағытта мемлекеттік мүдде қорғалмайды. Әр ауданда науқастың электрондық төлқұжаты бар, телемедицинаға қосылуға мүмкіндік бар делінген. Іс жүзінде оның бірі де жоқ болып шықты. Мұның бәрі тырнақшаның ішінде айтқанда "Жұмағалиев жұмысының жемісі". Ал одан да кең масштабта қарар болсақ, елдің тұтас экономикасы билікке тамыр-таныс арқылы келген адамдардан, меритократия қағидаты мүлде сақталмайтынынан зардап шегіп отыр, – дейді ол.

Тоғжан Қожалиева "үкіметті толық ауыстыру керек, алайда биліктің кадрлық саясатына қарағанда министрлер кабинеті біртіндеп ауысатын сияқты" деп санайды.

– Мамин үкіметі коронавирусқа қарсы күресте шарасыздық танытты. Бұл – бір. Екіншіден, экономикалық дағдарыспен күресе алмайтынын көрсетті. Елді бұл дағдарыстан алып шығудың нақты жолын әлі ұсынбады. Сондықтан Мамин үкіметін толықтай ауыстыру керек. Билікке ары лайланбаған, қолы былғанбаған жаңа адамдар керек. Алайда соңғы уақытта болған кадрлық өзгерістерге қарағанда, үкімет біртіндеп қана өзгеретін сияқты. Онда да ішінара ғана ауысатын түрі бар. Ендігі кезекте жүктелген міндетті орындай алмаған ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов пен қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев орнын босатуы мүмкін, – деді қозғалыс жетекшісі.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір