• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:10:29
Алматы
+35°

Сурет informburo.kz сайтынан алынды

Ақша жұмсауды бала кезінен үйренген адам болашақта табысты бола ала ма? Күнделікті тұрмыста ата-ана балаларына қалай ақша жинау керегін үйрете ме? Осы сауалдарды әртүрлі салада жұмыс істеп жүрген мамандарға қойып көрдік.

Мұратбек Әл-Шардари, интерьер дизайнері:

26 жаста, айлық табысы – 500 000 теңгеден жоғары

– Интерьер дизайнерімін. Мемлекеттік мекемелерге жөндеу жұмыстарын жүргіземін. Студент кезімде қыс, жаз айларында ауылға демалысқа баратынмын. Сонда анам нан пісіретін, ал мен сол нанды базарда сататынмын. Ал әкем "9 ай бойы демалдың ғой" деп құрылысшылардың қатарына қосып қара жұмысқа жіберіп жүрді.

Сондай-ақ 15-16 жасымда әкем Forex сайтынан маған шот ашып, 100 доллар салып берді. Компаниялардың акциясын сатып-алып көрдім. Акцияларды сату кезінде ұтылып қалдым. Алайда әкем "Ақшаны неге құрттың?" деп ұрыспады. Қазір оған аса қатты қызықпаймын. Бірақ қаржылай сауат үшін жақсы сабақ болды.

Ата-анам адал жолмен табыс табуды, еңбек етуден ұялмауды үйретті. Ол кісілер табысымның қадірін білуді ержетіп, үйленсем де әлі үйретіп жүр.

 

Данияр Жігітбек, ІТ маманы:

29 жаста, айлық табысы – 200 000 теңгеден жоғары

пут

– Нақты айлық табысым коммерциялық құпия болып қала берсін. Ата-анам ақша табудан гөрі үнемдеуді көбірек үйреткен сияқты. Әр тиынның есебін білетін едік. Күнде ақша ұстата бермейтін. Тек мейрам, туған күн секілді атаулы күндерде ғана ақша беріп, қыдырып кел дейтін.

Нақты бір тәсіл үйретті дей алмаймын. Ата-анамызға қарап үлгі алып өстік. Олар 2-3 жерде жұмыс істейтін. Еңбекқор болатын. Соның өзі жеткілікті болды.

 

Әнел Амраева, веб және графика дизайнері:

15 жаста, айлық табысы – 40 000 теңге

апап

– Веб және графика дизайнерімін. Айлық табысым клиент тапқаныма байланысты әр айда әртүрлі. Қанша жұмыс істесем, сонша ақша табамын. Бәрі де өз еңбегіме, ізденісіме байланысты. Отбасымызда ақша туралы дастархан басында қысылмай айта аламыз. Әкем кішкентайымыздан копилкаға ақша жинауды үйретті. "Ақша жаман, ақша – қолдың кірі" деген секілді сөздерді мүлде айтпайды.

 

Жазира Сейтсұлтан, бала тәрбиесімен үйде отырған мұғалім:

23 жаста, айлық табысы – 0 теңге

– Ата-анамыз ақшаны үнемдеп жұмсауға тәрбиеледі. Тек керек заттарымызды ғана сатып алатынмын. Ал қалған ақшамды копилкаға салып жинайтынмын. Осыдан 2 жыл бұрын мектепте мұғалім болып істедім. Ол кезде айлығым 80 000 тг болған. Қазір бала күтімімен үйде отырғандықтан ешқандай табысым жоқ.

 

Ұлжан Керімқұлова, қаржы кеңесшісі, жеке кәсіпкер:

53 жаста, айлық табысы – 1 000 000 теңгеден жоғары

– Күнделікті тұрмыста ата-аналар баламен бірге ақша жұмсауы керек. Кей балалар ақша жұмсау процесін ғана ұнатады. Алатын заты қажет пе, жоқ па, мән бермейді. Ал қаржы сауатын ата-анасынан алған бала тек қажет затын ғана сатып алады. Жақында балам екеуміз кітап дүкеніне бардық. Оның қатты ұнататын блокнотын көріп, "ала ғой" дедім. Ол блокноттың әзір керек емесін, басқа қажет нәрсесін алатынын айтты. Анасы бола тұра өзім ұялып қалдым.

Ересектер балаға ақша жинау мен үнемдеуді үйретпес бұрын өздері қаржы сауатын білуі керек. Көп ақша табасың деген батпан құйрық әңгімеге сенбеу керек. Ақша жинау мәдениетін білген жөн. Менің әке-шешем ақша жинамады. Мен де біраз жасқа келгенше ақшаны қалай жұмсау керегін білмедім 12 жыл бұрын шет елдің адамдарынан табыстың 10%-ын жинауды үйрендім. Қазір балаларым да, тіпті туған-туыстарым да мұны әдетке айналдырды. Қаржылық қоры қалыптасқан адам несие, қарызға жоламайды. Қосымша ақша қоры болады.

 

Дайындаған: Құндызай Өтеген

 

 

 

 

 

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: ақша жұмсау

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір