• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 23:11:56
Алматы
+35°

Фото Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды

 
Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай,  Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында «Біз бергеміз» атты еріктілер жылы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шараның шымылдығы  қазақ елінің тарихынан сыр шертетін және жалынды жастардың қарым-қабілетін танытатын бейнеүзіктер көрсетілімінен және заманауи бимен ашылды.

Ашылу салтанатында  ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Зағипа Балиева, Омархан Өксібаев, Ерсұлтан Бектұрғанов, Марат Бопазовтар сөз алып, салтанатты шараның ашылуын құттықтап, қазақ елінің жастарына деген сенімдерін білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін айтты.Бүгін, міне, жер жаннаты Жетісуда көңілден шыққан істің басында жиналып отырмыз. Мен әрқашанда еріктілердің жұмысына ризашылығымды білдіріп келемін. Бүгінде облысымызда 1043 ерікті, 19 еріктілер ұйымы бар. Мен солардың бәріне облыс басшысы ретінде 2 миллионнан астам жергілікті халықтың атынан алғысымды айтқым келеді, – деген облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы еріктілер жылының ашылуымен көпшілікті құттықтап, алдағы уақытта олармен игілікті істі ортақтаса атқаратындығын айрықша атап өтті.

Сонымен қатар өңір басшысы өткен жылдың соңында Алматы қаласы маңында болған ұшақ апатына да еріктілер ең алдымен жетіп, өз қолдарынан келгенше көмегін аямағандығын, сол секілді елдің қуанышына да ортақтасып келе жатқан еріктілер жетерлік екенін тілге тиек етті.

«Теd-talks» форматында өткен жиынға   паралимпиадалық ойындардың қатысушысы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Серік Есматов, айтыскер ақын, тележүргізуші Жандарбек Бұлғақов, «Еріктілер лигасы» Қайырымдылық қоры төрайымының орынбасары Камила Зейналова, облыс әкімінің «Көшбасшы – 2018» Жастар сыйлығының «Үздік ерікті» аталымының жеңімпазы Ержан Дәулетбаев, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, ақын, «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі Мақпал Мыса, облыс әкімінің «Көшбасшы – 2019» Жастар сыйлығының «Үздік ерікті» аталымының жеңімпазы Жазель Дакубаевалар арнайы шақырылған.

Салтанатты шараның соңы эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір