• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 03:04:11
+35°

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

"Сұхбат" айдарының бүгінгі кейіпкері – сценарист, продюсер Жамал Жақсытай. Әлеуметтік желіде "Бақытты Жамал" атымен танылған жас сценаристен Қамшы тілшісі қазіргі қазақ киносы жайлы сұрады.

– Жамал, сценарийді қолына қалам алғанның бәрі жаза ала ма? Сіздің ойыңызша, сценаристің болмысы қандай болуы керек?

– Сценарийді қолына қалам алғанның бәрі жазады деп айта алмаймын. Оған аса бір сөз байлығы керек емес. Керісінше, тіл байлықтың болуы сценарийге кері әсерін тигізуі мүмкін. Поэзия, проза жазып үйреніп қалған адамдарға сценарий жазу қиынға соғады. Себебі ол адам көркем әдебиет стилін қолданылады. Ал сценарийді ауызекі сөйлеу стилінде жазу керек. Менің бұрыннан жазуға икемім бар. Керісінше, осы қабілетімнің болғаны уақыт алады десем болады. Кейде сценарийдегі әдеби сөздерді продюсер қабылдамай жатады. "Жамал, өмірде бұлай сөйлемейді ғой" деп айтатын. Сондай жағдайда мен қайтадан адамдарды бақылап, сценарийді ауызекі сөйлеу стиліне бейімдейтінмін. Алайда жазуға машық болғанның да өзіндік пайдасы бар. Мысалы жазуға икемді адамның қиялы ұшқыр болады. Ол нәрсенің оқиғаларды құрастыруда пайдасы мол. Дегенмен сценарий жазуда ең алдымен сөз байлығы емес, креатив, шығармашылық ойлау маңызды.

 – Сценаристер білімін қалай жетілдіріп отырады?

– Сценаристер әрдайым білімін жетілдіріп отыруы керек. Бізде сценаристерді оқыту жүйесі қалыптаспаған. Тіпті курстар да жоқ. Мен Ресей мамандарынан білімімді жетілдіріп отырамын. Әсіресе А.Молчановтың кітаптарын оқып, А.Гутковский, Д.Лебедова сынды сценаристердің авторлық курстарына қатысамын. Кино көп көремін. Киноны көрермен көзімен емес, сценаристің көзімен көремін. Мәселен, трендте болған "Бумажный дом" сериалы туралы көрермен ретінде көрген достарымның ойы басқа, менің ойым басқа. Сценарист қай жерде ұтымды шешім қабылдағанын байқап отырсаң, киноның өзінен жақсы білім мен тәжірибе алуға болады.

– Отандық фильмдер мен сериалдардың сценарийі көңіліңізден шыға ма? Үздік деп қайсысын атай аласыз?

– Барлығы бірдей көңілімнен шықпайды. Ел мақтап жүрген сериалдардың сюжет ұтқырлығы әзірге ұнамайды. Алайда "Құстар әні" деген сериал ұнады. Сценарист Жәмит Көшербаевтің сценарийлері жақсы шығады. "Шашу" деген сериалға сценарий жазған. Диалог, оқиғалардың құрастырылуы, сюжет ұйқастығы, яғни композициясы өте жақсы. Салыстырмалы түрде Қазақстандағы жақсы сценаристердің бірі осы кісі.

 ва

– Сізді "Тағы да сүй" телесериалының сценаристі ретінде танимыз. Бұл сериал қалай, қанша уақытта жазылды? Жалпы жас сценаристер кино әлеміне қалай келе алады? Өз сценарийіңізді сіз қалай ұсындыңыз?

– "Тағы да сүй" – ең алғаш сценарийін жазған сериалым. Ол романтикаға толы жастарға арналған дорама десек те болады. Бұл сериалдың идеясын 2017 жылдың қыркүйегінде бастадық. 2018 жылдың сәуір айына дейін 4 сценарист жазып шықтық. Көрерменге қызық болды деп ойлаймын. Алайда көп адам көре алмады. Өйткені телеарна мен продакшн тарапынан жарнама дұрыс жасалмады. Тағы бір себеп – халыққа аса танымал актер таңдамадық. Сериалға жас актерлер түскен болатын. Сондықтан көрермені аз болды. Ал YouTube-та 500 мыңдай адам көрген екен, барлығына дерлік ұнаған. Кей көрермендер мені желіден іздеп тауып, жекеме жазып алғысын айтады. Сондай-ақ "Неге өлтірдіңіз?" деген секілді хаттар да көп келеді.

Мен ешқашан сценарист боламын деп ойламадым. Өзімді журналистикадан басқа салада елестетпедім. Алайда 4-курсты бітіріп жатқан уақытта продюсерден ұсыныс түсті. Ол кісі мені әлеуметтік желідегі қияли жазбаларым арқылы танитын. Жазу қабілетімді байқап, сценарий жазып көруге шақырды. Содан бері осы салада жүргеніме 2 жылдай уақыт болды. Бастапқыда сценарист болып бастадым, қазір продюсермін.

– Құпия болмаса, сценаристер қанша табыс табады?

– Өзімнің жеке табысымды айтпай-ақ қояйын. Еліміздегі сценаристер 1 серияға шамамен 30 мың мен 150 мың аралығында алады. Біздегі телесериалдар көбіне 10-12 сериялы болып келеді. Маманның табысы – тәжірибесіне және сценарийдің оңай-қиындығына байланысты.

– "Qazaqstan" ұлттық арнасында жақында көрсетілген "Жаңғырық" телесериалының атқарушы продюсері болдыңыз. Осы телесериалдың түсірілімі жөнінде толығырақ айтып беріңізші?

– "Жаңғырық" сериалы – өте күрделі тематика: театр өмірі жайлы. Бұған дейін елде бұл тақырыпта кино да, сериал да түсірілмеген. Сахна ішінде сахна түсіру өте қиын болды. Мәселен, актерлердің өзі киноға түсіп жатып, тағы бір қойылымды ойнап жатады. Продюсер ретінде мен бұл сериалдың түсіріліміндегі ұйымдастыру жағына жауап беремін. Талдықорғанда жаңа театр ашылды ғой, сонда түсірдік. Басқа қалада түсірген алғашқы жобам болғандықтан маған сәл қиындау болды. Ол жайында Instagram әлеуметтік желісінде бірнеше жазбаларым бар. Сол кезді еске алсам, көңіл-күйім түседі. Әлі жас, тәжірибем жоқ болса да үлкен жобаны алып жүруге тура келді. Дегенмен ол өтіп кеткеннен кейін қарасам, маған үлкен тәжірибе болған екен. Қиындығы мен қызығы қатар жүрген сериал болды.

– Бүгінгі таңда киносүйер қауымға қандай жанр өтімді деп ойлайсыз? Олардың қалауын қанағаттандыратындай сценарийлер жазылып жатыр ма?

– Көрерменнің таңдауына байланысты. Олардың бәрінің талғамы бірдей деп айта алмаймыз. Бірнеше жыл бұрын ешқандай отандық киноөнімдер өтпейтін. Қазір ең құрығанда, комедиялық жанрдағы фильмдер қазақ аудиториясына өтіп жатыр. "Бизнес по-казахский", "Брат или брак" секілді кинолар трендте жүріп жатыр. Бұл қуантады. Осылайша бізде драмалық киноларға сұраныс артатын аудитория қалыптасады деп ойлаймын. Әрине, бірнеше жыл керек. "Боевик", триллер сияқты жанрдағы киноларды трендке әкелу үшін көп уақыт керек. Әзірге комедиямен келе жатырмыз. Біздің комедияларымызды алыс-жақын шетелдер таңдайды. Бұрын ол да жоқ болатын. Сол себепті бәріне уақыт керек. Үздіксіз даму қадам-қадаммен ғой.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 Сұхбаттасқан Құндызай Өтеген

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір