• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 05:52:16
Алматы
+35°

Шымкентте карантин шектеулері 6 шілдеге дейін ұзартылды. Бұл туралы коронавирусқа қарсы шектеу шаралары жөнінде өткен брифингте қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.

– Қаламызда шектеу шарасы 22 маусымға дейін еді. Енді карантин 6 шілдеге дейін созылып отыр. Одан бөлек, кейбір шектеу шаралары енгізіледі. Арнайы топпен қоғамдық көліктер мен қоғамдық орындарды аралап шықтық. Өкінішке қарай, сақтық шаралары дұрыс сақталмаған. Мұның бәрі қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне әкеліп соғады. Осыған байланысты демалыс күндері қаладағы кейбір нысандар өз жұмысын тоқтатады. Яғни, сенбі, жексенбі күндері барлық азаматтар өз отбасымен үйінде отыруы керек. Егер біз осындай шараларды сақтамайтын болсақ, коронавирусты ауыздықтау мүмкін емес. Алдағы 20-21 маусымнан бастап қаладағы ойын-сауық орталықтары, ірі сауда орындары, базарлар, сауда үйлері мен орталықтары, фитнес орталықтары, бассейндер және спорт нысандарының жұмысы тоқтайды. Бұл тек сенбі, жексенбі күндері. Осы орайда көпқабатты тұрғын үйлердің аумағындағы азық-түлік және қаладағы көтерме базар «Жібек жолы» мен «Қазыбек» базары жұмысын істейді, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Ол өз сөзінде, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы тоқтайтынын және тек қана ашық далада тамақтану орны бар санитарлық нормаларды сақтаған орындар ғана өз жұмысын жалғастыратынын атап айтты.

Ал, қоғамдық көлік сенбі, жексенбі күндері толық тоқтайды. Басқа күндері мерзіміне шектеулер енгізіліп, таңғы сағат 07:00-ден 11:00-ге дейін және түстен кейін 17:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін ғана жүреді.

– 22 маусымнан бастап ХҚО және жұмыспен қамту орталығының жұмысына да шектеу қойылады. Олар таңғы сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Оның өзінде онлайн көрсетілмейтін қызметтерді ғана іске асырады. Мұнда келетін азаматтар онлайн кезекке тұруы керек. Сонымен қатар, халық көп жиналатын көшелер, арбаттар, скверлер, спорттық және балаларға арналған алаңшалар, туристік орындар, саябақтардың барлығы жұмысы тоқтатады. Одан бөлек, қаладағы офисте, мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын кәсіпорындардың барлығына жұмысшыларының 80%-на дейін онлайн режимде жұмыс істеуге көшу туралы шешім қабылданған, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Аталған шектеу шаралардың барлығы тұрғындардың денсаулықтарының сақтау үшін жасалып жатқанын атап өтті.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір