• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:56:17
Алматы
+35°

Суретті сенаттың баспасөз қызметі түсірген

Назарбаева сенатқа қайта келуі әбден мүмкін

"Альтернатива" зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботаревтің айтуынша, Дариға Назарбаева өз кандидатурасын ұсына алады. Бірақ ол үшін қолайлы аймақты таңдау қажет.

– Иә, Назарбаева өзіне қолайлы аймақтан кандидатурасын ұсына алады. Мәселен, Алматыдан, я болмаса, балалық шағы өткен Қарағанды облысынан шықса болады. Елорда да қолайлы жер. Жалпы, Назарбаева – өз кандидатурасын анық ұсына алатын адам, – дейді Чеботарев.

Сарапшы кандидатқа мәслихат депутаттарының дауыс беретінін еске салды. Ал Назарбаева сайлауға қатысса, әркім әрқалай ой түюі мүмкін.

– Біреулер оның кандидатурасын "Кітапхана" (Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясы) мақұлдап қойды деп ойлап қалуы мүмкін. Енді біреулер оны спикер қызметінен алып тастағанын еске түсіреді. Осындай жағдайда шешім қабылдау қажет, – деп атап өтті Чеботарев. 

Назарбаеваның барлық ресурсы бар

Саясаттанушы Айдос Сарым да Дариға Назарбаева сайлауға қатыса алады деп санайды. Экс-спикер Nur Otan партиясының атынан, я болмаса, жеке өзі сайлауға түседі.

– Мәслихатта отырған депутаттардың басым бөлігі – Nur Otan  өкілдері. Сол себепті партия осы кандидаттарды қолдайық десе, олар партиялық тәртіпке бағынады. Бірақ алдағы сайлаудың жөні бөлек, оған кез келген адам қатыса алады. Ол үшін партияның өкілі болу міндет емес, – деп атап өтті Сарым.

Оның айтуынша, кандидат өзіне сенімді әрі танымал болса, өз аймағында қажетті дауыстың көлемін жинай алады. Әрине, ол үшін қаржы және ұйымдастыру ресурстары болуы қажет.

– Дариға Назарбаева жеке-дара өз кандидатурасын ұсына алады. Меніңше, оның медиа, қаржы және тағы басқа ресурстары жеткілікті, – дейді Сарым.

Сенатқа қайта баруы екіталай

Ал саяси шолушы Ғазиз Әбішевтің ойынша, экс-сенатор отставкадан кейін сенат сайлауына түспейді.

– Иә, заң бойынша Дариға Назарбаева сенат сайлауына түсе алады. Бірақ ол өз кандидатурасын ұсынады деп ойламаймын. Ол сенат спикері болды. Одан кейін президент жаңа спикерді ұсынды. Сол кезде Дариға Назарбаева ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Ол сенатқа өтуді жоспарласа, прездиенттік квотамен қалатын еді. Егер жеке өзі өтуді ойласа, онда өз отставкасына қатысты пікір білдіретін еді, – деді Әбішев.

Сарапшының айтуынша, сайлау кезінде жеңу үшін қол жинау керек. Одан кейін кандидатураны мәслихат депутаттарының қарауына ұсыну керек. Дариға Назарбаеваның ондай шараларға баруы екіталай.

Сенат депутаттарын қалай сайлайды?

Сенатқа әрбір облыстан және республикалық маңызы бар қаладан екі адам сайланады. Осылайша, жоғары палатаға 34 депутат өтеді. Бұдан бөлек, тағы 15 сенаторды президент тағайындайды.

Депутаттық өкілеттіліктің мерзімі – 6 жыл. Сенаторлардың жартысы үш жыл сайын қайта сайланады.

Сенат депутаттарын құпия дауыс беру арқылы таңдайды. Сайлаушылар – мәслихат депутаттары.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір