• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 20:29:36
Алматы
+35°

10 Маусым, 2020 Сұхбат

Белсіздік ауруын емдеуге көмектесетін көрпеше

Журналист, «Уақыт көрсетеді» жобасының жүргізушісі Нұрсейіт Жылқышыбай белсіздік ауруын емдеп жазатын көрпеше ойлап тапқаны туралы мәлімдеген. Көрпеше қалай жасалды және пайдасы қандай екенін журналистің өзі Қамшы тілшісіне айтып берді.

– Нұрсейіт мырза, көрпеше ойлап табу туралы ой қайдан келді?

– Көрпешенің идеясын айтып жүргеніме екі жылдан астам уақыт болды. Негізгі идея авторы журналист, әріптесім, қазір ұлттық арнада қызмет атқаратын Мақсат Толықбай есімді азамат. Мақсаттың осыны жасаймын деп талаптанып жүргеніне екі жыл болды. Былтыр шығарғысы келгенімен, сәті түспеді. Содан бұл шаруаны өзім жасап көруге бел будым. Осылай, Мақсаттың рұқсатымен қолға алған жайымыз бар. Көрпеше аттың шоқтығы мен пайдалы ағаштан жасалған. Ұзындығы –  40 см, ені –  30 см. Алматы қаласында тігіледі. Осының арқасында бас-аяғы он адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын.

– Көрпені ойлап табарда мамандармен ақылдастыңыз ба? Жалпы медицина саласында біліміңіз бар ма?

– Мен өзім журналистпін. Бала кезімнен бастап журналистикамен қатар жеке кәсіпті алып жүрмін. Қазір мал шаруашылығымен айналысамын. Жиһаз жасайтын цехым бар. Сондықтан кез келген бастамада сала мамандарымен ақылдасып, керекті ақыл-кеңестерін алып, содан кейін нарыққа шығарамыз. Ең бастысы – бұл дүниенің пайдасы болмаса, ешкімге зияны жоқ. Бағасы да қолжетімді. Екінің бірі ала алатындай етіп қойдық. Сала мамандарының арасында өзімнің жақын туыстарым, араластын достарым, оның ішінде медицина саласында қызмет атқарып, қазір зейнетке шыққан кісілер бар. Біз денені шынықтыру үшін жаттығу залдарына барамыз, миымызды шынықтыру үшін кітап оқимыз. Енді қараңыз, дүниеге ұрпақ әкелу үшін жігіттің екінші "жүрегі" мықты болуы керек. Ол үшін күтіну қажет. Бос уақытта атқа жайдақ отырған жөн, ондай мүмкіндік болмаса, осы көрпешені алып пайдалансын. Қалай болғанда да күтініп жүру керек.

– "Аттың шоқтығы мен пайдалы ағаштар" деп қалдыңыз. Ол қандай пайдалы ағаш? Аттың шоқты деп нақты нені айтып тұрсыз?

– Ағаш ретінде кәдімгі қараағаш қолданылады. Оны арнайы станоктардан өткіземіз де аттың шоқтығы іспеттес қылып шығарамыз.

– Көрпеше қалай әсер етеді?

– Ер азаматтардың қуық безі шоқтыққа тигеннен кейін, соған үйкелгеннен кейін екі қуықтың арасындағы без қалпына келеді. Бүгінде атқа жайдақ отырып жатқандар саусақпен санарлық қана. Атқа отырғанда құйрығың бір ойылатын болса, екінші рет оған жақындағың келмейтін. Соны ескеріп, бір көрпешелерді жұмсақ етіп жасауға тырысамыз. Сондықтан қараағаштан бөлек арнайы губка, киіз және тағы да басқа материалды қолданамыз. Оның жайлы болып, сатып алушыға ұнағаны, оны бір алған адам артынан он адам алып келгені – бізге де жақсы ғой.

 Көрпеше

 

– Простатитті емдеуге арналған көрпеше ойлап табуыңызға елдегі ер адамдардың осы сырқатпен көптеп ауруы себеп болғанын айтып жүрсіз. "Қазір елдегі ер адамдардың 60 пайызы простатитке шалдыққан" деген де сіздің сөзіңіз. Бұл қаншалықты дәйекті?

– Сала мамандарының өздерінен сұрап көрсеңіз, бұл статистиканы жоққа шығармайды деген ойдамын. Бұл індет қазіргі таңда 40 жастан асқан ер азаматтардың көпшілігінде кездеседі десек қателеспейміз. Өйткені ерлер уақытының көбі көлікте жүрумен, жұмыс "креслода" отырумен өтеді. Сондықтан екі қуық арасындағы без ісінеді. Соның арты осындай дертке ұрындырады. Кезінде ата-бабаларымыз жаяу көп жүрген, уақытының көбі аттың үстінде өткен. Сол себепті мұндай ауру атымен болған жоқ. Ал қазір сіз атқа мініп жатқан қазақтардың статистикасын алып қараңыз. Жаяу жүретіндер, велосипед тебетіндер аз. Содан-ақ біле беруге болады. Міне, мәселе осыда. Біздің шығарып жатқан өніміміз тұтынушыларға өз пайдасын тигізіп жатыр.

Станокта өңделген қара ағаш

– "Күніне жиырма минуттан көрпе үстіне отырсаңыз, кәдімгідей жақсы өзгеріс байқалады. Ал бір аптадан соң нәтиже көп күттірмейді" депсіз. Көрпешенің көмегімен ауруынан айыққан ер адамдар бар ма?

– Біле білсеңіздер велосипедтің өзін жарты сағаттан артық тебуге болмайды. Жылқыға мінсеңіз де дәл солай. "Бір сағаттан артық отыруға болмайды" деп уролог дәрігерлердің өзі кеңес береді. Бұл жерде жиырма минут отырса жетіп жатыр. Әрине, одан ары қанша уақыт отырса да болады деген сөз дұрыс емес. Себебі әр нәрсенің өз уақыты, өлшемі бар. Бұл антибиотик дәрі емес, сіз дәрі қабылдап ағзаңызды құртпайсыз. Бір апта дегенім, тұтынып жатқан жігіттердің жетпіс пайызға жуығының айтып жатқанынан шыққан. Өнімді сатып алған жігіттер "нәтижесін үш күннен соң берді, төрт күннен соң берді, бір аптадан соң керемет нәтиже көруге болады екен" деп пікірлерімен бөлісіп отырады.

 

– Көрпешені қалай сатып алуға болады?

– Сатумен арнайы екі қыз айналысады. Олар үнемі телефон байланысында. Бір қызметкер Қазақстан бойынша әр өңірлерге почта арқылы таратады. Шұғыл керек дегендерге ұшақ арқылы жібере аламыз. Көрпеше күніне елу данаға дейін сатылып жатыр. Мысалы, кеше 28 дана сатылыпты, оның алдында 32 дана өткен. Соған қарағанда халықтың көңілінен шыққан секілді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Байланыс телефондары

 

Бек Байтас

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір