• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 11:11:46
Алматы
+35°

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы этникалық дүнгендер тергеу амалдары мен келген залалдың орнын толтыру әділ жүрмей жатқанын айтып, үндеу жасады, деп жазады kaztag.kz.

Олардың сөзінше, Қорғайдағы конфликттен бері үш ай өтсе де моральдық шығынды айтпағанда, материалдық шығын орнын толтыру мәселесі шешімін таппаған. Барлық дерлік тұрғындар дүние-мүлкінен айырылғанына қарамастан, компенсациялық төлемдер өтелмеген.

Ауыл тұрғындары жанжал ұйымдастырушылары мен қатысушылардан бөлек, ауылды қорғаған азаматтарды да тергеу органдары айыпталушы есебінде тергеп жатқанын айтуда.

Үндеу жасағандар бірнеше тұрғынның тергеу органында моральдық, психологиялық және физикалық қысым көріп жатқанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, өзі мен отбасын қорғаған азаматтарды да істі қылуға тырысып жатыр.

"Ауылды қорғап, түрлі жарақат алғандарды шақыру қағазынсыз алып кетіп, құшырлана жауапқа алып жатыр. Қайтыс болған Лохаш Лугмардың анасын қорқытқаны сонша, қысымы көтеріліп, дәрігерлер зорға құтқарып қалды. Оның үйіне қандайда бір құжат көрсетпестен масқа таққан 12 адам түнгі 23:30 жетіп келген. Марқұмның анасы 73 жаста. Ал Ясыр Хусезовтың анасы баласы тұтқындалып, азапталған түні қайтыс болды. Балаларды қабірді ашамыз деп қорқытқан соң, олар арыз жазудан бас тартқан" делінген үндеуде.

Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров кез келген үндеу жеке қаралып, назардан тыс қалмайтынын мәлімдеді.

Ал Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев этникалық дүнгендердің шығындарды өтеу туралы таратқан ақпараты жаңсақ екенін айтты.

"Біріншіден, зардап шеккен 39 отбасыға 44 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұдан бөлек асыраушысынан айырылған отбасылардағы балаларға кәмілеттік жасқа толғанға дейін ай сайын 55 мың теңгеден беріледі. Жөндеу жұмыстары демеушілер есебінен жүріп жатыр. Бұл үшін арнайы қор құрылған. Қаражат жеткілікті. Бүгінде 65 нысанның 54-інде жұмыс жүруде. 11 нысанда жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Өйткені нысандарды салуда заң талаптары сақталмаған, әрі ол үйлер "қызыл сызықта" тұрғызылған. Құжаттары да жоқ. Мәселе комиссия қарауында жатыр. Тиісті шаралар кейінірек қабылданады. Барлығы заң шеңберінде болуға тиіс. 103 үйді тұрғындар өздері қалпына келтіріп жатыр. Ол үйлерге терезенің шағылуы сынды ұсақ залал келген. Үй иелері "қаржы тауып берсеңдер, өзіміз жасап аламыз" деген соң демеушілер ақшасынан оларға қаржы бөлініп берілді. Қазір аталған үйлерде құрылыс аяқталды. Қалғандарын тамыздың соңына дейін бітіреміз" деді Ержан Жылқыбаев.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қордай конфликті

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір