• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:17:05
Алматы
+35°

Президент Қ.Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жуырдағы отырысында мемлекеттік тіл мәселесінде Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, тіл үйретуде негізінен оқу орнындағы жастарға көбірек мән беру керектігін айтты. Осы ретте Қамшы тілшісі мемлекеттік тілдің жай-күйі, оның қолданысын кеңейту жолдары туралы ізденіп көрді.

Қазақстанда қанша оқушы мемлекеттік тілде оқиды?

Статистика комитетінің сайтында оқыту тілі бойынша жалпы білім беретін мектептер мен олардағы оқушылардың саны туралы 2008-2018 жылдар аралығын қамтитын деректер келдірілген.

2018 жылғы мәліметке сәйкес, елде барлығы 7393 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның ішінде 3797 мектепте оқу қазақ тілінде, 1312 мектепте орыс тілінде, 12 мектепте өзбек, 11 мектепте ұйғыр, 1 мектепте тәжік тілінде жүреді. 5 мектепте оқушылар өзге тілдерге оқытылады. Ал аралас мектептердің саны – 2255.

Он жыл бұрын, 2008 жылы Қазақстанда 5807 мектеп болған. Оның 3836-сы қазақ тілінде, 1885-і орыс тілінде, 63-і өзбек, 15-і ұйғыр, 2-еуі тәжік, 6-ауы өзге тілдерде оқытатын білім мекемесі. 2147 мектепте оқу аралас тілде күндізгі бөлімде жүрсе, 51 мектепте оқу аралас тілде кешкі бөлімде жүрген.

Жалпы білім беретін 7393 мектепте 3 млн 186 мың 234 оқушы бар. Оның ішінде 1 млн 394 мың 192 оқушы қазақ тілінде, 395 мың 562 оқушы орыс тілінде, 8608 бала өзбекше, 6110 бала ұйғырша, 534 оқушы тәжік тілінде, 1184 оқушы басқа тілдерде оқытылады. 1 млн 380 мың 44 оқушы аралас мектептерде білім алады. Оның ішінде 691 мың 727 оқушы қазақ тілінде, 599 мың 775 оқушы орыс тілінде, 74 мың 783 бала өзбек, 9776 бала ұйғыр, 3347 оқушы тәжік, 614 оқушы ағылшын, 22 оқушы француз тілінде оқиды.

2008 жылы 2 млн 568 мың 085 оқушы болған. Оның 1 млн 549 мың 484-і қазақ 918 мың 267-і орыс, 80 мыңы өзбек, 14 мың 995-і ұйғыр, 3503-і тәжік, 1835-і басқа тілдерде оқыған.

"Қазақ тілін меңгергендер 90 пайызға жетті"

Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік тіл мәселесі бойынша қол жеткізілген нәтижелер туралы Қамшы порталына төмендегідей ақпаратты ұсынды.

Бағдарламаның нысаналы индикаторларының бірі – мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 2019 жылы 90 пайызға жеткізу болатын.

 

Комитет келтірген дерек бойынша, 2019 жылғы әлеуметтік зерттеу нәтижесі мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 90 пайызды құрағанын көрсеткен.

«Алайда бұл қазақстандықтардың 90 пайызы еркін жазып, сөйлей алатын деңгейге жетті дегенді білдірмейді. Яғни бұл аталған зерттеу нәтижелері республика тұрғындарының басым көпшілігі мемлекеттік тілді өз дәрежесінде еркін меңгергенін, жаза алатынын, кәсіби лексиканы меңгергенін, қалған бөлігі еркін сөйлегенімен жаза алмайтынын, ал кейбірі тек қана түсіндіре алатын деңгейде екенін көрсетті» делінген Тіл саясаты комитетінің ресми жауабында.

 

Мемлекеттік тілді В-1 деңгейінде (орта деңгей) меңгерген мектеп түлектерінің үлесі 2019 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша 100 пайызға (132829 түлек) жеткен.

"Тілді білетіндердің санынан бұрын, оның қолданылуы маңызды"

Қазақстандағы тілдік жағдайды түсіндіру мәселесі бойынша елдің солтүстік облыстарының тұрғындарымен 180 кездесу өткізген саясаткер, Ұлт тағдыры ұйымының төрағасы Дос Көшім қазақ тілін білетіндердің санынан бұрын, оның қолданылуы маңызды екенін айтады. «Қазақ тілін халықтың 100 пайызы білуі мүмкін, бірақ қолданбаса одан не пайда?» деген ол тілді қолдану үшін оған қажеттілік тудыру керек деп санайды.

– Меніңше, мемлекеттік тіл қолданысын кеңейтудің екі жолы бар. 

Алғашқысы қажеттілік жасау. Яғни адамдарды қазақша сөйлеуге мәжбүрлеу керек. Ол үшін алдымен заңда тілге қажеттілік тудыратын баптар болуы қажет.

 

Біздің заңда «қажеттілігіне қарай мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі де қолданылады» делінген. Бұл – қостілділік заңы. Тіліміздің өлі болып отырған басты себептерінің бірі осы.

 

Екінші мәселе, халықтың өзі қажеттілік жасайды.

 

Балтық жағалауы елдеріндегідей халық түгелдей мемлекеттік тілде сөйлеуі қажет те, тілді білмейтіндер «ақ қарға» болып қалады. Олар я тілді үйренеді, я кетеді. Бірақ қазақтар, қазақтілділер ондайды жасай алмайды. Өйткені Қазақстан орыстандыру саясаты ең өтіп кеткен республика. Біз өзімізді Грузиямен, Латвиямен салыстыра алмаймыз. Қазақтар тіл мәселесін олар сияқты көтере алмайды. Сондықтан бар үмітім заң тұрғыда қажеттілік тудыруда, – дейді саясаткер.

«Конституциядан 7-баптың 2-тармағын алып тастау керек»

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін ақын, жазушылардың бір тобы да көтеріп жүр. 2017 жылы 26 ақпанда 118 ақын-жазушы Қазақүні порталы арқылы президентке ашық хат жолдады. Онда ҚР конституциясынан 7-баптың 2-тармағын (Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады) алып тастау, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаудың қажеттілігі туралы айтылған.

Ашық хатқа қол қою әлі ле жалғасуда. Бүгінге дейін оған 112 мың 623 адам қол қойған.

Ашық хат авторлары конституциядағы 7-баптың 2-тармағы кеңестік кезде қабылданған заңның шеңберінен шыға алмай қалған деп есептейді.

«Тілдер туралы алғашқы заң қабылданған 1989 жылы Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан әлі шықпаған кезі, «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» еді. Заңның аты да «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңы делінген... Әрі осы заңдағы «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады» деген бапты қабылдау кезінде халықтың пайыздық салмағы қатарлас еді. Яғни қазақтар 1989 жылы 39,7 пайыз, орыстар 37,8 пайыз болатын. Сондықтан ол кезде бұл заңдылық болып қабылданды. Кейін 1995 жылы Конституция қабылдарда Қазақстан Республикасы осы «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңына сүйеніп, осы кеңестік кезең талаптары шеңберінен  шыға алмай,  «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген 7-баптың 2-тармағын қабылдап, орыс тілін тіпті, шектен тыс күшейтіп жіберді деуге болады… Кейін де, 1997 жылғы «ҚР Тіл туралы заңымыз» да осы ескі сүрлеумен, Кеңес империясы кезіндегі талаппен кетті.

Ал қазір Тәуелсіздікке ширек ғасырдан асқанда, қазақтардың саны кемінде 70 пайыздан асып кеткендіктен, бұл орыс тілі туралы талап демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып отыр» делінген ашық хатта.

«Қажеттілік болмай, қазақ тілі ешқашан дамымайды»

Жазушы, зейнеттегі полицей Құрманбай Еспенбетов «қазақ тілі қолданысын кеңейтудің жалғыз жолы – мемлекеттегі іс-қағаз өндірісін түгелдей қазақшаға көшіру» деп санайды.

– Өмірдің өзі қажеттілікке қарай дамып отырады. Алғашқы адамдар аң аулау үшін түрлі еңбек құралдарын ойлап тапты. Жолды қысқарту үшін жылқыны қолға үйретті, арба жасады. Қараңғыда отырмау үшін электр шамын ойлай тапты, тағысын тағы дегендей. Кеңес үкіметінде нан тауып жеу үшін елдің бәрі орысша үйренді. Жаппай сөйлеп кетпесе де, түсінетін, керегін сұрай алатын. Карьера жасағысы келетіндер орысшаны ана тілінен артық үйреніп алды. Елден кем болмасын деп, өздері секілді тілден қиналмасын деп балаларын орыс мектептеріне беріп, енді қазақша сөйлете алмай жүргені. Тура осы секілді қазақ тіліне де қажеттілік тудыру керек.

 

Ол үшін елдегі іс-қағаздар өндірісін толықтай қазақшаға көшіру қажет деп есептеймін. Сонда айналдырған бірнеше жылда тіл мәселесі өзінен-өзі-ақ шешіледі.

 

Қосымша бағдарлама қабылдап, қыруар ақша бөлудің қажеті болмайды, – дейді жазушы.

Құрманбай Еспенбетов іс-қағаздардың қостілділігінен көптеген қиындықтар туып жүргенін айтты.

– Менің құқыққорғау саласында, әскери қызметте істейтін таныстарым осы іс-қағаздардың қостілділігінен әбден мезі болған.

 

Жоғарыдағылар қазақша жазсаң, орысшаға аудар, орысша жазсаң, қазақшаға аудар деп қағазбастылықты қолдан ұйымдастыратын көрінеді.

 

Бұлай басты қатырмай, не қазақша, әйтпесе тіпті орысша жазайық. Әйтеуі мемлекетте бір ғана тіл болуы керек қой. Біздің жағдайымызда ол әлбетте қазақ тілі, – дейді жазушы.

 

«Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін жаңа заң жасап шығарудың қажеті жоқ»

2017 жылы «Air Astana» компаниясына тиесілі ұшақта бортсеріктің қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап етіп, компанияны сотқа беріп, жеңіп шыққан азамат, түрколог Оғыз Доған «қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін жаңа заң жасап шығарудың қажеті жоқ» деп санайды. Оның сөзінше, қолданыстағы заңдардың іске асырылуы қадағаланса, мәселе оп-оңай шешімін табады.

– Қазақстанда мемлекеттік қызметке тұрарда, кейбір қоғамдық жұмыстарға араласарда қазақ тілін білуді міндеттейтін норма бар. Мұндай норма тіпті коммерциялық компанияларда да кездеседі. Мәселен, «Air Astana» компаниясымен болған дауда, қазақша бірауыз сөз білмейтін бортсеріктің жеке іс құжаттарында қазақша білетіні туралы сертификат барын көрдім. Яғни біз бар нәрсені ұқсата алмай отырмыз.

 

Жұмысқа қабылдарда қызметкердің мемлекеттік тілді шынымен білетіні қадағаланса, онда қазақшаға шорқақ азаматтар тілді өзі үшін меңгеріп алар еді.

 

Сол арқылы тіл төңірегіндегі кез келген түйіткіл күн тәртібінен түсер еді, – дейді түрколог.

Оғыз Доған «супермаркет, дүкен, үй кіреберісі және ас мәзірі секілді көрнекі ақпарат жазылатын барлық жерге қазақша нұсқаның болуы қолданыстағы заң негізінде талап етілсе, мәселе 1 апта ішінде-ақ шешілер еді» деген пікірде.

Түрколог қазақ тілінде сөйлегісі келетін бірақ акценті барларға күлмей, керісінше оларды қолдап отыру керектігін айтты.

– Халықты «сатқын», «мәңгүрт» деп кемсітуге болмайды. Қазақша сөйлейтін азаматтардың аузынан «сатқындар», «орысқұлдар» дегенді жиі естимін.

 

Бір адамға қырық рет «мәңгүртсің» деп айтса, ол шынымен сондай болып кетеді. Орыстілді азаматтар арасында қазақша сөйлегісі келетіндеп көп. Олар сөйлегісі келіп жатса, біз акценті үшін күлеміз, мазақ етеміз. Бір депутат тілін бұрап қазақша сөйлеуге тырысып еді, бәріміз жатып кеп күлдік. Ертең ол екінші рет сөйлемей қояды ғой.

 

Бұлай болмайды. Мәселені ондай жолмен шеше алмаймыз, – дейді Оғыз Доған.

Тіл саясаты комитетінің дерегінше, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 2019 жылы 80 пайызға жуықтап, БАҚ-тағы қазақтілді контентке сұраныс арта түскен.

«Қазақша контент қазақ тілінің танымалдылығын арттырады»

Британиялық жазушы Жоан Роулиңнің "Хәрри Поттер" жинағын аударуға ресми рұхсат алып, серияға кіретін екінші кітапты «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» деген атаумен шығарып үлгерген «Steppe & WORLD Publishing» баспасының жетекшісі Раиса Сайран Қадір «қазақ тілінде контент жасаудың келешегі зор» деп есептейді.

– Біздің баспа әлемге әйгілі Хәрри Поттер сериясын автордың ресми рұхсатымен қазақшаға аударып, балаларға ұсынды. Кітап оқырман тарапынан жоғары баға алып жатыр. Соған қарағанда қазақша контент «өлген» жоқ деп сеніммен айта аламыз. Оны «тірілтудің» мүмкіндігі өте көп. Бұрын адамдардың қазақша сөйлегенде біртүрлі түсініксіз сөйлейтінін байқайтынмын. Сөйтсем, олардың дені орысша ойлап, қазақша сөйлейді екен. Олардың ойларының орысшаға бейіл болуы сол тілдегі контентті көп тұтынғаннан ба деп олаймын. Тағы бір байқағаным, адам көзқарасына тұтынатын тілдің ықпалы үлкен болады екен. Мәселен, біз Хәрри Поттер сериясын түпнұсқадан аудардық. Ағылшын тілінде бас кейіпкер аты Хәрри. Біздікілер оны орыс тілі арқылы Гарри деп естіп үйреніп қалған. Басында қабылдай алмағандар болды. Кейін үйренді. Осылай қазақша контентті көбейтсек, тіл қолданысы кеңейіп, оның танымалдылығы арта түспек, – дейді Раиса Сайран Қадір.

Баспа жетекшісі қазақша контент жасауда тұрақтылық өте маңызды екенін айтты.

– Қазақша жақсы бастамалар жасап, артынша өнім халық арасында кең таралмағандықтан, тұтынушылардың аздығынан жобаны тоқтатып қойған жағдайларды білем. Ал тіл мәртебесін көтергіміз келсе, жұмыс тұрақты жүруге тиіс. Қазақша бастаса, ақырына дейін бару керек. Instagram желісінде көптеген блогерлер қазақша білгенімен орыс тілінде контент жасайтынын байқап жүрмін. Олар коммерция жағын ойлайтын шығар. Бірақ олардың аудиториясы сол орысша түсінетін қолданушылармен шектеліп қалатын сияқты. Олар қазақша контент жасаса, қазақ тілді немесе ауылдық жерде тұратын көптеген жаңа оқырманды жинар еді деп ойлаймын. Тағы бір маңызды нәрсе, қазақша контент сапалы сондай-ақ түсінікті, тілі жеңіл болуы керек. Тіл жеңіл айтылып, жеңіл жазылған кезде ағылшынша айтқанда «сооl» яғни күшті тілге, сәнге айналады. Қазақша сөйлегісі келетіндердің қазақ тілі күрделі дейтінін естимін. Біз сол тілдің жеңіл болуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, – деп атап өтті баспагер.

«Біз күнделікті өмірде қазақ тілінің пайдасына таңдау жасай бермейміз»

Продюсер, жүргізуші, «Галактика сақшылары», «Кек алушылар 2», «Жұлдызды соғыстар: күштің оянуы», «Күрескер бір: Жұлдызды соғыстар хикаясы» фильмдерін қазақша дубляждауда режиссер ретінде қатысқан Тимур Балымбетовтың пікірінше, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, танымалдылығын арттыруда әр қазақстандықтың атсалысуы аса маңызды.

– Біз күнделікті өмірде қазақ тілінің пайдасына таңдау жасай бермейміз. Әр адам өзінен бастауы керек. Бұл пафос болып естілуі мүмкін, бірақ шындық.

 

Мысалы, киноға барғанда фильм қазақша және орысша нұсқада көрсетіліп жатса, біз орысшасына кіреміз. Өйткені біз фильмді қазақша дубляжбен көруге үйренбегенбіз.

 

Қазақшаға дубляждалған фильмдер көп емес, ары кетсе жылына 5 картина аударылатын шығар. Бірақ әр картинада үлкен еңбек атқарылып, керемет жұмыс жасалады. Ал өзіміздің қазақтарымыз соны менсінбейді, көрмейді. Өзіміздің тілге қатысты жасайтын осындай алалаушылығымыз қазақ тілінің дамуына, оның жастар тіліне айналуына кедергі келтіріп жатыр, – дейді ол.

Продюсер «тіл жанды нәрсе болғандықтан заман ыңғайына қарай бейімделіп, жаңа сөздермен толығып отыруға тиіс» деп санайды. Оның айтуынша, тіл жеңіл болғанда, әрі онымен сөйлеп тұрған адам кез келген тақырыпта ойын еркін жеткізе алғанда қолдануға ыңғайлы болады.

Тимур Балымбетов ол үшін қазақ тілінде пайдалы, қызықты, заманауи, әзілге құрылған контент саны артуы қажеттігін атап өтті.

– Қазақстанда орта, үлкен буынға арналған әзіл-сықақ театрлары, түрлі бағдарламалар бар. Ал жастарға «КВН» мен оның айналасындағы бір-екі жоба бар, сонымен бітеді.

 

Ал жастардың бәрі интернетте. Оларға арналған контент шұғыл шығуы керек. Және болып жатқан актуал мәселелерге жауап беруі қажет.

 

Қазақша контент аз болғандықтан, ол жердегі бәсекелестік те төмен екенін айта кеткен жөн болар. Бұның бір жақсы жағы, сапалы, қызықты контент шықса, оқырманын жылдам табады. Әрі сол саланың ең мықты маманы болуға мүмкіндік мол. Ал контент тақырыбы әралуан болғаны дұрыс. Бізде youtube-та «Қалаулым», саяси өсек-аяңдар, түрлі дау-дамайлар трендтте тұрады. «Қоғамымыз ананы қабылдамайды», «мынаны көрмейді» деп сөгіп үйреніп қалғанбыз. Бірақ ұсынатынымыз да жоқ. Сондықтан тек қана шоу-бизнес емес, әлеуметтік, мәдени тақырыптарды да, ғылым тақырыбын да қатар дамытуымыз керек. Осы арқылы өзіңді мазалаған сұраққа қазақша жауап табуға жол ашылады. Бұл керек нәрсені қазақша контенттен іздеу әдетін қалыптастырады. Ал бұл өте маңызды, – дейді продюсер.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір