• USD 411.54
  • EUR 458.13
  • RUB 5.84
  • CNY 57.64

24 Мамыр, 2020 NEWS

Елордада көше саудасына және үйге қонаққа шақыруға тыйым салынды

Көрнекі сурет

Елордада карантин аяқталғанға дейін серуендеу кемесінің жұмысына, көше саудасының кез келген түріне, отбасылық еске алу, әдет-ғұрып және өзге де іс-шаралар өткізуге, кейтеринг және мерекелерді ұйымдастыру қызметін көрсетуге тыйым салынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пірәиеваның қаулысында көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаулыда айтылғандай, жобамен 50 адам отыратын орны бар дәмхана мен мейрамханалардың жұмысына рұқсат етілген, бірақ ұжымдық іс-шаралар өткізуге және банкет пен салтанатты залдардың жұмысына тыйым салынады.

"Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен карантиндік режимді сақтай отырып, білім беру орталықтарының, әртүрлі сала мамандарын даярлау курстарының, семинар сабақтарының, ересектерге арналған үйірмелердің қызметіне рұқсат етілсін. Тек жеке сабақтар болуы керек немесе топтағы адам саны бесеуден аспауы шарт" делінген құжатта.

Сондай-ақ, серуендеу кемесінің жұмыс істеуіне, көше саудасының кез келген түріне тыйым салынған.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Нұр-Cұлтан қаласындағы департаменті қалада коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі қосымша шара қабылдады.

"Қала тұрғындарына карантин аяқталғанға дейін 2 және одан да көп адамның бірлесіп серуендеуі кезінде міндетті түрде маска кию және 2 метрден кем емес әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, үйінен еркін шығуға рұқсат етіледі. Аула, саябақ, алаң, сквер, жағалауда серуендегенде масканы міндетті түрде кию керек, 3 адамнан артық топтасы жүрмеуі керек. Бұл бір отбасы мүшелеріне қатысы жоқ. Сондай-ақ саяжай учаскесіне (қала сыртындағы үйлерге) бару үшін қаладан кіруге/шығуға рұқсат етіледі" делінген қаулыда.

Сондай-ақ, қоғамдық орында, қоғамдық көлікте және рұқсат етілген объектілерге барған кезде маска, қолғапты киіп жүру және антисептик пайдалану талаптарын қатаң сақтау қажет. Үйге қонақ шақыру, болмаса табиғат аясында мерекелік шара өткізуге болмайды.

"Отбасылық еске алу, әдет-ғұрып және өзге де іс-шаралар өткізуге, кейтерингтік қызметтер көрсетуге және мерекелерді ұйымдастыру жөнінде қызметтер көрсетуге тыйым салынады" делінген құжатта.

Кәсіпкерлер мен ұйымдарға қызметкерлерінің, келушілердің карантин талаптары, шектеу шараларын сақтауын қатаң бақылауы міндеттелген.

Ілмек сөздер: карантин

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір