• USD 411.54
  • EUR 458.13
  • RUB 5.84
  • CNY 57.64

15 Мамыр, 2020 NEWS

Дүлей күшті бағындырған өнер немесе Қазақ дипломатиясы жайлы бірер сөз

Көрнекі сурет

Кез келген елдің дипломатиясы оның ішкі саясатының жалғасы. Бұндағы басты міндеттер елдің және өзі орналасқан аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету, жақынды-алысты мемлекеттермен қарым-қатынастарда шиеленістердің алдын алып өзара тиімді ықпалдастықты құру, айналып келгенде сырт күштердің ықпалын ұлттың бейбіт те үдемелі дамуына икемдеуге келіп саяды. Екінші жағынан саясат діттеген мақсатың алдыңнан шыға салатын қиял-ғажайыптар алаңы емес, тек туындыған мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана алуды білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның дипломатиясы қандай нәтиже берді?

Уақыт өткен сайын сыртқы саясатта анадай ағаттықтар жіберілді, мынадай әттеген-айлар орын алды деген сыңайда пікірлер айтылып жатады. Онысы көп жайдайда дұрыс та шағар. Себебі халықаралық бәсекелестік ахуалында, әсіресе жекелеген күш иелері бекітілген ойын ережелерін бұзуға дайын тұрғанда, тек олжаға кенелу мүмкін емес. АҚШ-тың көрнекті саяси қайраткері Генри Киссинджер: “Дипломатия – бұл ең алдымен дүлей күшті бағындырудың өнері”,- дегені бар. Қазақ дипломатиясын сөз еткенде осы ұстаным өзін ақтап келе жатқанын аңғарамыз.

Айтылғанға көз жеткізу үшін өткен жолымыздың кей тұстарын шолып өтсек:

1991 жылы Кеңес Одағы күйреп оның орнына ғаламдық сахнаға жаңа 15 егеменді мемлекет шықты. Бірақ заңдық тұрғыда жарияланған бұл шешімнің іс жүзіне асуы үшін көптеген қатерлі асулардан аман өту керек еді. Кәдімгі отбасы айрылысқанның өзі қаншалықты ауыр тиетіндігі баршаға мәлім. Ал енді жер шарының 1/6 алып жатқан империя бөлшектенсе, оның салдарын болжаудың өзі қиынның қиыны. 1980-жылдар аяғында Югославия Федерациясы ыдырағанда оның құрамындағы алты республика бір-бірімен соғысып, арты жүз мыңдаған адамның өмірін жалмады, миллиондаған адам босқынға айналды, тұтастай қалалардың тас-талқаны шықты.

Бұрынғы КСРО халықтарын да осыған ұқсас тәуекелдер күтіп тұрды. Еске түсіре кетсек тағдырлы 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беловежде Ресей, Беларусь және Украина басшылары кездесіп Кеңес Одағының таратылатынын және “Славян үшітігін” құратынын мәлімдеді. Бұған қарымта 13 желтоқсанда Орталық Азия республикалырының бес президенті Ашғабадта жиналып Аймақтық конфедерация жасақтау мәселесін талқыға салды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі осы оқиғаларды былай еске алады: “Ол кезде біз расында да КСРО аумағында бір-біріне қарсы славяндық-христиандық және түркі-мұсылман бірлестігінің пайда болуы алдында тұрдық. Қатерлі үрдісті болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тура келді”.Аталған теке-тіреске 21 желтоқсанда нүкте қойылды. Сол күні Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматы декларациясы қабылданып оған сәйкес Тәуелсіз мемлекеттер достастығы өмірге келді. Оған пост-советтік 12 республика мүше болды, прибалтикалық Литва, Латвия, Эстонияны санамағанда. Содан бері ТМД-ға қатысты көптеген сын айтылып келеді. Десе де аталған ұйымның бұрынғы КСРО аумағын кең ауқымды соғыстан сақтап қалу мен өркениетті ажырасудағы маңызын мойындау керек.

Осылайша мінсіз болмаса да, КСРО-ның ортақ меншігін бейбіт түрде бөлісуге, көршілермен жаңа дәуірдің талабына сай байланыстарды орнатуға жол ашылды. Әйтсе де алда өзіміздің ішкі өміріміздегі болсын, сыртқы саясаттағы болсын жауапкершілігі мол сынақтар күтіп тұрды. Сөз болып отырған 1990 жылдардың басында Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында Израиль басшысы Шимон Перестің мына сөзі еске түседі: “Сіздің орныңызда болсам, мен күндердің бір күні ұйқыдан оянғанда алдымен оң көзімді ашып Ресейді, содан барып сол көзімді ашып Қытайды көргенде, уа Жаратқан ие, бұл маған не қылғаның деп ах ұрар едім”. Ол кезде ұлтарақтай ғана жер иесі – Израиль он шақты араб елімен соғыс ахуалында отырғанын ескерсе, Перестің әлгі теңеуі еліміздің геосаяси тұрғыдан қаншалықты ауыр жағдайға душар болғанын түсінік береді.

Алайда ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер бірі империялық саясаттан арылмаған, екіншісі күшіне енді еніп келе жатқан қос алыптың сесімен шектеліп қалмады. ТМД кеңістігінің түкпір-түкпірінде Молдовадағы Приднестровьеде, Әзірбайжан мен Армения арасында Таулы Қарабақ үшін қарулы қақтығыстар үдеп жатты. Осындай қауіп-қатерлер Орталық Азияда да кеңінен етек жайды: Тәжікстанда азаматтық соғыс, Қырғыз мен Өзбек арасында Ферғана аңғарында ұрыс-керіс, Ауғаныстандағы шиеленіс – осының бәрі Қазақстанда да алаңдаушылық туғызды.

Орын алған тәуекелдерге қарсы тұру мақсатында 1992 жылдың мамыр айында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі құрылды. Оған Қазақстанмен қатар Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан, Грузия, Тәжікстан, Әзірбайжан елдері қосылды. Ұйым аясында арнайы ұжымдық жасақтар құрылды. Қайтадан үлкен саясатта мінсіз ешнәрсе болмайды. Басқаларын былай қойғанда Біріккен Ұлттар Ұйымының атына да түрлі уәждер айтылып жатады. Сол сияқты тұсауы кесілгеннен бері Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі де жиі сынға ұшырады. Орын алған келіспеушіліктер түрлі кезеңдерде Әзербайжан, Грузия, Украина, Өзбекстан сияқты елдердің ұйымнан біресе шығып, біресе кіруімен ерекшеленді. Дей тұрғанмен, Тәжікстандағы қантөгісті тоқтату, Тәжік-Ауған шекарасының қорғанысын күшейту, ақпаратпен алмасу, әскери мамандарды дайындау мен жаттығулар өткізу арқылы тәжірибе жинау секілді оң шараларды атап өткен орынды.

Ұзын сөздің қысқасы – заманында Қазақстанның бастамасымен құрылған ТМД, Ұжымдық кауіпсіздік кеңесі, бұнымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымы, НАТО аясындағы “Бейбітшілік үшін серіктестік бағдарламасы”, басқа да көпжақты форматтар негізінен өзін ақтады.

Жоғарыда саясат қиял-ғажайып емес, мүмкіндіктер алаңы екені сөз болды. Бұл дегеніміз әлемдегі сан алуан факторлармен санасып, оларды таразылап барып өз пайдаңа асыруды алға тартады. Керісінше халықаралық қатынастарда менмендікке бой алдыру әдетте сәтсіз аяқталып жатады. Мысал ретінде жаппай қырып-жою қаруын сақтап қалмақ болған Солтүстік Кореяның, қоршаған әлемнің мүдделерін елемей бірбеткейлік танытқан Либияның, даулы мәселелерді күшке сүйеніп шешпек болған Ресейдің басына түскен қиыншылықтар айтылғанға дәлел. Ал енді келісімшілдікке дайындық пен істі шектен шығармай оңтайлы шешу әсте әлсіздікті білдірмейді. Қайта бұл әдіс басым түскен күштің осал тұстарын өзіне қарсы пайдаланып, оны дегеніңе көндіруге келіп саяды. Табиғатта аталған қабілетті еменге ұқсатуға болады. Қатты дауыл тұрғанда қатып қалған зәулім ағаштардың өзі иілмей келіп ақыры түп-тамырымен құлап жатқанда емен майысып барып өз орнына қайтып оралады.

Сайып келгенде кез келген саясат нәтижесіне қарай бағалануы тиіс. Соның бірі ғана көрінісі – Мәскеудің қысымына қарамастан ол үшін сезімтал Қырым, Абхазия, Оңтүстік Осетия, Приднестровье сынды түйткілдер бойынша Қазақстан өз тұғырынан айнымай отырғаны.

Ендігі бір өзекті тақырып мемлекеттік шекараны бекіту турасында. Ал енді сол шекараны көршілермен халықаралық келісім-шарт арқылы бекіту – тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды кепілі. Тарихқа көз жүгіртсе әлемдегі шиеленістердің, соғыс атаулының басым бөлігіне осы шекаралық даулар түрткі болған. Әлі күнге шейін әлемнің ондаған мемлекеттері, арасында ТМД мүшелері де табылады, аталған түйткілдерді тарқата алмай, қауіп-қатерге ұрынып келеді.

Сәті түсіп Қазақстан дипломатиясы бұл түйткілді 2000 жыдардың басында толығымен жапты. Ал тиісті келісімдер қатарында ең алғаш рет 1994 жылдың 26 сәуірде Қытаймен арада құжатқа қол қойылды. Бұл жас Қазақ республикасының үлкен жетістігі болды десек артық айтпағандық. Мәселе тіпті әлеуеті зор Кеңес одағы тісі батпаған дауға нүкте қоюда иә ондай келісімге ТМД елдері арасында Қазақстан ең бірінші боп қол жеткізгенінде ғана емес. Соңынан біздің елдің үлгісімен басқа елдер, оның ішінде Ресей де жүрді. Мәселе басқада: Бұрынғы Франция президенті Франсуа Миттеранның айтқаны бар: "Шекараны талқылау соғысты талқылаумен тең". Ал енді осындай ерекше күрделі де сезімтал проблеманы Қытай сияқты алып көршімен тең дәрежеде, өз ұпайын жоғалтпай шешіп ізгі көршілестік пен ынтымақстыққа жол ашу – зор жетістік.

Айта кетерлік жайт, сол 1994 жылға дейінгі кезеңде қытайлық карталарда Шығыс Қазақстанның Балхаш көліне дейінгі жерлері Аспанасты империяның тарихи меншігі ретінде белгіленіп келген болатын. Ал шекара жайлы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен уағдаластықтан кейін сол кездегі Қытай басшысы Цзян Цзэмин: "Бұдан былай аталған карталар түзетіліп екі арадағы шекара мызғымастығы мәңгілік сақталады" деп ашық мәлімдеді. Рас, келіссөздер жүріп жатқанда соншама асығудың қажеті не, он-жиырма жыл кідіре тұрайық деген сыңайда сыни пікірлер айтылды. Бірақ сол сөздерге еріп жыл сайын емес, күн сайын күшейіп келе жатқан айдаһармен шекара мәселесін кейінге шегерсе арты не болар еді? Әлемнің екінші алыбына айналған Қытайдың жаңа басшыларының дәмесі қандай болар еді? Меніңше, айтпаса да түсінікті.

Өткен жолы қытайлық бір сайттың шекара жайлы дөрекі мәлімдеме жасауы жаңағыдай ауру амбициялар неге әкелері жайлы түсінік береді. Ал енді келісімге қол қойылғаннан соң және ол Біріккен Ұлттар Ұйымында тіркеліп халықаралық заң мәртебесін алғаннан кейін ықтимал арандатулардың жолы кесілді. Әлгі басы дауға қалған сайт бойынша Қазақ сыртқы істер министрлігі Қытай тарапына арнайы наразылық нотасын жолдағаны, соның негізінде ресми Пекин атышулы жариялынымды өшіртуге мәжбүр болғаны сөзімізді қауттайды. Ендеше Қытаймен, бертін келе Ресеймен, Орталық Азиядағы көршілермен арада шекара мәселесінің дер кезінде әрі біржолата шешімін тапқаны – отандық дипломатияның сөзсіз жеңісі.

Күнделікті өмір ағымында дипломаттардың жұмысы көзге онша байқала бермейді. Бұқаралық санада елдер арасындағы игі көршілестік пен ынтамақтастық өздігінен болып жатқандай сезіледі. Жоғары деңгейдегі сапарлар мен екі не көпжақты келісімшарттардан бастап іскер топтар мен қатардағы азаматтардың байланыстары да үйреншікті тәжірибе көрінеді. Шын мәнісінде, аталған үрдістерге жан бітіріп, ел мен елді, халық пен халықты жақындастырып, даулы жағдайларды тарқатып отырған дипломатия. Таяуда ғана Өзбекстан жағынан келген тасқын су Қазақстанның оңтүстігінде бірқатар елді мекенді басып кеткенде осыған куә болдық. Қызуқандылық пен айқайға салынбай мәселенің өзара түсіністік пен достастық рухында шешім тапқаны бұған дәлел.

Экономиканың алға басып, елдегі өмір сапасаның өсуі де көп ретте өзара сенім мен табысқа негізделген халықаралық ынтамақтастықпен тығыз байланыста: мейлі ол елдер арасындағы сауда болсын, технологиялармен алмасу болсын немесе шетелдік инвестицияларды елдің дамуы мақсатында тарту болсын. Айтпақшы, соңғы көрсеткіштер бойынша Қазақстан ТМД кеңістігінде жетекші орында келе жатыр. Оның өзі бір меже. Басқа мәселе – тұрақтылық пен бейбіт заман сақталған сайын Қазақтың да әл-ауқаты мен іштей ұйымшылдығы арта түсетіні. Аталған құдірет сәті келгенде ұлт ретінде өз ұпайымызды түгендеуге септігін тигізетіні тағы бар.

Қалай болғанда Уақыт бізге жақ. Тек осы құнды мүмкіндікті өркөкіректікке бой ұсынбай тиімді пайдалана білсек абзал. Бұл да сауатты саясаттың бір кіренісі, тек ол бөлек әңгіме.

Расул Жумалы, саясаттанушы 

Ілмек сөздер: Қазақ дипломатиясы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір