• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 06:21:36
Алматы
+35°

– Айдос Әміроллаұлы, 1990 жылы қабылданған Қазақ КСР Президенті туралы заңды Қазақстандағы Президенттік басқару институтының бастауы деп қабылдауға негіз бар ма?

– Бұл заңның қабылдануы Қазақстанның тарихындағы үлкен белестің бірі. Себебі бұл кеңес дәуірінде қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздік жолына нық басқан қадамы. Естеріңізде болса, кеңестік басқару жүйесі бойынша біздің республикадағы бүкіл тыныс-тіршілікті анықтап, бағыт беретін коммунистік партия болды. Оған қоса, Министрлер кабинеті, Жоғарғы кеңес секілді құрылымдар жұмыс істеді. Мұндай кезде шешім қабылдаудың өзі күрделі еді. Көп нәрсе формалды дүниелерге байланып қалатын. Әсіресе, 1984-1985 жылдары басталған әлеуметтік ахуалдың қалыптасуы, экономикалық дағдарыс, әкімшілік жүйенің әлсіреп, жаңа нарықтық бағыттың пайда болуына жол ашты. Сауда-саттық, алыпсатарлық күш алып, жаппай тапшылық орын ала бастады. Дүкен сөрелері босап, қурап, азық-түлік және басқа да тауарлар тапшылығы туындады. Осындай қат-қабат мәселе жағдайында шешім қабылдау тіптен қиындап кетті. Осы кезде қоғам да, басқару жүйесі де биліктің күшті болуын талап етті, қажеттілік туды. Яғни, бұл кеңестік дәуірдің соңғы кезеңінде заман талабына орай жасалған қадам болды. Сол кезеңді көрген, басқару жүйесінде қызмет еткен адамдар әлі ортамызда жүр. Олар бұл мәселені жақсы біледі. Кейбір мекемелер, әскери органдар, теміржол секілді стратегиялық салалар Қазақстанға бағынбай, тікелей орталықтың, Мәскеудің бағынысында болды. Президенттік биліктің енгізілуі осы салалардың Қазақстанның меншігіне өтуіне мүмкіндік берді. Осылайша, экономикалық, шаруашылық мәселелерді енді орталыққа жалтақтамай өзіміз шешетін күнге жеттік. Осының өзі айналып келгенде Қазақстанның субъектілігін арттырды.

 

– 1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Семей ядролық полигонын жабу туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл ел тәуелсіздігі жарияланбай тұрғанда қабылданған шешімнің бірі ғой?

– Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік лауазымға ие болысымен шұғыл шешімдер қабылдай бастады. Семей полигонын жабу, Аралды құтқару үшін арнайы «Арал» қорын құру секілді үлкен жұмыстардың басталуына мұрындық болып, тікелей қолдау көрсетті. Тіпті, елімізді 30 жылдай асырап келген мұнай өнеркәсібінің республика меншігіне өтуіне күш салды. 1991 жылдың басында Атыраудағы Теңіз мұнай кеніші ашылып, оған америкалық компаниялар келді. Яғни, мұнай кенішінде қалыптасқан күрделі жағдайды пайдаланып, Президент Америкалық бизнесмендерді негізгі шартты Мәскеумен емес, Қазақстан Республикасымен жасауға көндірді. Осылайша, дербес қазақ мұнай-газ саласы пайда болды. Бұл келісімдер Қазақстанның әлемдік аренаға шығуына айрықша мүмкіндік бергені анық.

Ең бастысы, бұл саяси шешімдердің тиімділігі қордаланған мәселелерді жылдам шешуге мүмкіндік берді. Екіншіден, бұлардың барлығы Тәуелсіздікке қарай басқан батыл қадам. Осы оқиғалардан кейін Қазақстанның Егемендік туралы декларациясы қабылданды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздігімізді жарияладық. Бір сөзбен айтар болсақ, президенттік билік ел Тәуелсіздігінің алғышарты, бастауы болды.

– 1993 жылы қабылданған Конституцияда Президент өкілеттігі біршама кеңейтілді. Дегенмен Жоғарғы Кеңес пен Республика Президентінің шешім қабылдауда бірдей құқықтары болды. Кейбір сарапшылар бұл екі басқару институтының жұмысында қарама-қайшылық туғызғанын айтады. Кейіннен 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстанның Конституциясы Президент мәртебесі мен өкілеттігін айтарлықтай күшейтті. Бұл қадам жас мемлекет үшін қандай тиімді нәтиже берді?

– Әрине, тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде ол құрылымдардың Жоғарғы кеңестің өзіндік сипаты, салмағы, тіпті өзіндік аудиториясы болды. Оны ешкім жоққа шығара алмасы анық. Десек те, басты мәселе өмірдің өзінен, заман тынысынан туындайды. 90-жылдардың басында Кеңестік одақ құрамынан шыққан барлық республикада ахуал қиын еді. Халықтың күнделікті ішіп-жейтін тамағы, қолданатын бұйымдары тапшы болды. Дүкендер бос тұратын. Тіпті, адамдар нан мен сүттің өзін сатып алуға таңғы төрт-бестен бастап кезекке тұруға мәжбүр болды. Кейбір аса қажетті азық түрлері адам басына тек карточкамен берілді. Елестетіп көріңізші, қарапайым ет, қант, май сияқты дүниелерді алу үшін дүкенге шұбылып, бес алты адам болып баратынбыз! Бұл қалыптасқан кеңестік жүйенің құрдымға кетіп, жаңа нарықтық жүйеге көшпей тұрғандағы жағдай еді. Осы кезде күнделікті жыдам шешім қабылдау қажеті туды. Ал Кеңес одағы тұсында қалыптасқан басқару жүйелері, кадрлар мұндай жаңа талаптарға дайын болмады. Осы орайда, бір мысал келтіре кетейін. Мына қазіргі коронавирус пандемиясы тараған кезде көрші Қырғыз мемлекетінің Парламентінде депутаттар шұғыл шешім қабылдаудың орнына коронавирустың атауына қатысты дауласып кетті, бір депутаттар оны «тәж» вирусы деп атайық деп, екіншілер оған келіспей бірнеше күн уақыт өткізіп алды. Міне, дәл осындай күрделі жағдайларда бірден шешім қабылдап, тиісті заңдарды дереу іске қосу қажет. Бір жағынан ол кездегі Жоғарғы кеңес қазіргі Парламент құрылымындай емес, әр сословиялық топтардан, квотамен жасақталған әр саладан жинақталған тұлғалардан тұрды. Әрқайсысының өзінің атқаратын жұмысы, көздеген діттеген мақсаты, мүддесі болды. 1989 жылғы санақ бойынша жергілікті ұлт, қазақ халқының саны республика халқының 39% ғана құрады. Демек, Жоғарғы кеңес мүшелерінің құрамы да әртүрлі. Тіпті, сол кезеңде Жоғарғы кеңес депутаттары мемлекетімізді қалай атаймыз деген де дау туғанын білеміз. Алғашқы Конституцияны қабылдауға бір жарым жылдай уақытымыз кетті. Ал мұндай саябыр әрекет, ұзақ талқылау, кереғар пікірлер жас мемлекет үшін, геосаяси тұрғыда іргесі бекіп, қауіпсіздігі жолға қойылмаған ел үшін күрделі мәселе еді. Нарықтық қатынасты реттейтін жаңашыл заңдарды қабылдап, қоғамға енгізу қажеттілігі көбейді. Баршаға мәлім ол болашақтың үрдісін қалап, жаңа мемлекет қалыптастырып жатқан кез. Сол себепті, Жоғарғы кеңес таратылып, билік бірыңғай Президенттік басқаруға өту қажет болды. Осындайда айта кету керек, біздің сол кездегі саяси элитада да бұл шешімді саналы түрде дұрыс қабылдап, түсінді. Мәскеудегіндей парламентті тарату үшін танкімен оқ атқан жоқпыз, барлық қадам елдің болашағы, келешегі үшін бірізділікпен жасалды. Оның тиімді шешім болғанын тарихтың өзі дәлелдеп берді.

– Президенттік басқару жүйесінде жеке тұлғаның, яғни Президенттің жеке басының қасиеттері де үлкен рөл ойнайды. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тұлғалық қабілет-қарымы арқасында қол жеткізген еліміз үшін маңызды қадамдар деп нені бөліп айтар едіңіз?

– Менің жеке пікірім, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың үлкен саяси тұлғасын, әділ бағасын болашақ тарих айқындайды. Дәл қазір ол кісінің масштабын, форматын нақты түсіне қойған жоқпыз. Өйткені, бүгінгі күйбең тіршілік, бүгінгі эмоция, қазіргі экономикалық қиындықтар обьективті тұрғыда ойлауға мүмкіндік бере қоймасы анық. Дегенмен да баршамыз білетін жайттарды атап өтсем, ол Қазақстанның геосаяси тұрғыдағы орнықты ұстанымын нығайтқаны, Ресеймен, Қытаймен шекараны соғыссыз, талассыз, бейбіт жолмен шегендеп бергені. Ресей Федерациясымен арадағы кезінде кеңестік жүйеден қалған көп дүниені бөлісуде Горбаечев пен Ельцинмен тіл табысуы, саяси шешімдер қабылдаудағы елдік мүдде тұрғысынан айла, әдістер қолданғанын жақсы білеміз. Бытырап, шашылып жатқан қоғамды біріктіріп, бір жолға жинауы үлкен көшбасшылықтың белгісі. Екінші мәселе ел ішіндегі мәселе. Кейде біз өзіміздің ішімізде қол жеткізген табыстарға аса мән бермейміз, байқай қоймаймыз. Мәселен, қазір көп айтылатын әңгіменің бірі Тәуелсіздік жылдары демографиямыз өспеді, өзбектер озып кетті дейміз. Бірақ бұл сөзіміз өтірік қой. Ежелден келе жатқан өлшеммен алсақ, халық санының өскені – елдегі дамудың белгісін білдіреді. 1989 жылы Кеңес Одағының соңғы халық санағы бойынша Қазақстанда 6 миллион қазақ болды. Бұл сол кездегі халық санының 39%. Яғни, өз қолымымыз өз аузымызға жетпей жатқан заман еді. «Ойбай, соғыс болмасын, тыныш отырайық, елді сақтайық, қазақ көбейгенше шыдайық» деп сақтықпен отыратын кез. Шешендер, казактар көтерілісі шықты, жағдай ушығып тұрды. Осы кезде халықтар достығы деп Ассамблея секілді ұйымдар құрып, бұзықтық танытқысы келгендерді алдап ұстап, қазақтың санын өсіруі үлкен саясат. Қазір қазақтың саны 13 миллионнан асып, 14 миллионға тақап қалды. Демек, 1989 жылғы 6 миллионнан неше есе өстік? Бұл аз жеңіс емес. Инвестиция тарту деген маңызды саясат бар. Елімізде қалыптасқан бизнес-климаттың, кезінде қабылданған тиімді шешімдердің арқасында елімізге өте көп қаражат келді. Әрине, «анандай болса бұлай болар еді, мынандай жасаса осындай болар еді» деп қиялдауға, армандауға да құқығымыз бар. Бірақ, Қазақстанның тарихы біреу ғана ол қазіргі жеткен жетістігіміз. Ең басты мәселе осы тарихтан сабақ алып, кеткен кемшілікті түзету, жетістігімізді бағалау.

– Қазір қоғамда бізге Президенттік басқару жүйесінен Парламенттік жүйеге өту керек деген пікірлер де жиі айтылады. Бұл тақырыпқа сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Егер қазіргі жағдайды есепке алсақ, еліміздің аймақтық мәселесінің күрделілігін, жан-жағымыздағы көрші мемлекеттердегі ахуалды ескере қарасақ, бізге мықты Президенттік басқару жүйесі керек. Өңірлердегі жағдай тұрақты емес. Әр өңірдің менталдық ерекшелігі, әлеуеметтік мәселесі бар. Сондықтан, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін мықты Президенттік билік қажет. Әсіресе қазір керек. Себебі, біз дәл қазір күрделі реформаларды, радикалды реформаларды өткізуге мәжбүр елміз. Ал, қазір парламенттік республика болатын болсақ, әр жақ өзіне тартатын парламенттік басқару болса бұл реформаның біреуі де жасалмай қалуы мүмкін. Бір мысал келтірейін. Қазір әлемдік індетке байланысты төтенше жағдай жариялап, карантинде отыруға мәжбүр болдық. Ал енді елестетіп көріңізші егер былтырға Президент сайлауында қазіргі Мемлекет басшысының орнына басқа адам, мүлдем басқа топтар келді дейік, жағдайымыз қандай болар еді? Төтенше жағдайға дайын болар ма едік? Қолынан іс келетіндер билік құрылымынан кетіп жаста, қайта жасақталып, жиналып жатсақ, жағдайымыз қалай болар еді? Бұл қарапайым ғана мысал, десе де салмағы үлкен. Әрине, дау-дамай, пікірталас қажет. Бірақ шешім қабылданған соң оны іске асыратын білікті басшылық та керек. Сондықтан бізге күшті Президенттік билік, ақылды,парасатты Парламент қажет. Дәл қазір үкімет күні түні жұмыс істеп жатыр. Шынын айту керек, үкімет мүшелерінің дәл осылай жұмыс істемегіне көп болды. Қазіргідей сәт сайын сынақ, сәт сайын күрделі жағдай туындаған кезде адамның миы да ерекше белсенді жұмыс істеп кетеді. Менің ойымша, қазіргі карантиндік жағдай үкіметті солай сергек жұмыс істеуге, мәселені шешуде түбегейлі қадамдар жасауына мәжбүрлеп отыр. Мұндайда тығырықтан шығатын жолдар да тез табылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Бауыржан БАЗАР

aikyn.kz

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір