• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:45:56
Алматы
+35°

13 Сәуір, 2020 Тарих

Қажырлы қаламгер (Басы)

Зейнолла Сәніктің көптомдық шығармалар жинағы туралы ой-толғаныс

Qamshy.kz

Жақында жазушы, зерттеуші, тарихшы, этнограф, фольклоршы Зейнолла Сәнік ағамыздың көптомдық шығармалар жинағы қолыма тиді. Он бес том. Түгел оқып шықтым. Қатты риза болдым. Қаламгер ағамыз саналы ғұмырында қажырлы еңбек етіпті, артына ауыз толтырып айтарлықтай көл-көсір мұра қалдырыпты. Қазірде талантты суреткердің осындай ерен де еселі еңбегін біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан ел-жұрт, оқырман қауым біле жүрсін деген ізгі ниетпен осы көптомдық шығармалар жинағы туралы ойымызды ортаға салғанды жөн көрдік.

Ең алғаш Зейнолла ағамен тоқсаныншы жылдардың басында сырттай таныстым. Зерделі зерттеушінің «Қаракерей Қабанбай»  атты тұшымды еңбегі Алматыдағы «Жазушы» баспасынан (1991 жылы) басылып шыққан болатын. Ол кезде мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің студенті болатынмын. Кеңес заманындағы тиымдарға қарамастан, ата-баба тарихына қызығушылығым өте күшті еді. «Ханның бәрі – қанішер, батырдың бәрі – қарақшы» деп оқытқан біздің кеңестік тарихшылар мен зерттеушілердің еңбектеріне ішім жыли қоймайтын. Олардың өтіріктеріне сенбейтінмін. Ал «Қарақерей Қабанбай» кітабы маған ерекше әсер етті. Бала кезден білгім келген тарихи шындыққа көзімді жеткізді.  Алдымнан сара жол ашылғандай болды. Ол кезде бұндай фундаменталды еңбектер жоқтың қасы. Батыр бабамыз туралы толымды еңбекті қызыға да құмарта оқып шықтым.

Көңіл көкжиегімді кеңейтті, танымымды ұштады, түсінігімді молайтты. Туған тарихқа, хандар мен батырларға деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Жазушының білім-білігіне, ізденімпаздығана, зерттеушілігіне, ойын қанық қып жеткізе алатынына, айшықты тіліне риза болғаным әлі есімде. Себебі аталмыш кітаптан Қабанбай батыр туралы өзімді толғандырған сұрақтардың бәріне жауап алдым. Батыр бабамыз туралы осы уақытқа дейін не айтылып, не жазылған, соның бәрі қамтылған. Даңқты батырдың өзі ғана емес-ау, туып-өскен ортасы,  балалық шағы, ел бастаған  ерлік жорықтары, көзсіз батырлықтары, жекпе-жектері мен қол бастап шыққан шайқастары, соғыс тактикалары, аңыз-әңгімелер мен өлең-жырлар,  тіпті ата-тегі мен ұрпақтары, қазақ-қалмақ арасы, сол кезеңнің тыныс-тіршілігі, тарихи тұлғалар мен оқиғаларға дейін толық зерттеліп-зерделенген. Мені ерекше сезімге бөлеген жайт, Қабанбайдың «Дарабоз» атанып, хан ұранына айналуы туралы жазбалар еді. Бұнда баяндалатын тарихи оқиғалар біздің ауылдың аумағында өткенін оқып-біліп, бойымды мақтаныш сезімі билеген. Өзім туып-өскен Қызыл ту кеңшарының іргесіндегі Қоңырәулие үңгірі маңында болған қиян-кескі шайқаста Қабанбай батыр қалмақтың атақты Арқауыл батырымен жекпе-жекке шығып, оны жайратып салады. Сол сол-ақ екен,  жаудың меселі қайтып, жеңілгендерін мойындайды. Міне, осы шайқастағы ерен ерлігі үшін Абылай хан Қабанбай батырға «Дарабоз» деген ат беріп, «Хан Қабанбай» деп хан ұранына айналдырған екен. Кітаптағы: «Қоңырәулие бекінісін алу жолында қаза тапқан әр жүздің адамдарын, яғни арғын, найман, керей руларының адамдарын дара-дара бөлек жерлеп, өліктердің басына ескерткіш-құлпытас орнатыпты, ол тастарға найманның шөміш таңбасын, арғынның көз таңбасын, керейдің ашамай таңбасын айырым-айырым ойып орнатыпты» деген жолдарды оқып, «өзі сонау Қытай елінде тұратын қаламгер осының бәрін қайдан білді екен» деп таңдай қаққаным әлі есімде. Өйткені Қоңырәулие үңгірі мен оның жанындағы қорымды біз бала кезден көріп-біліп, тамашалап өскенбіз, жақсы білетінбіз. Жасырып-жабатыны жоқ, тек осындай дүниені дүбірлеткен тарихи оқиғалардың дәл осы маңда өткенінен хабарсыз едік.

Сондай-ақ Қабанбай бабамызбен бірге Абылай ханның ел бастаған көсемдігі мен Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Барақ, Баймұрат, Ақбантай, Малайсары, Наурызбай, Еспенбет, Қасабай, Жантай, Шағалақ сынды батырлардың қол бастаған ерліктері туралы да алғаш осы кітаптан оқып білген едім.

«Сергелдең» романында жазушы міне осы Қабанбай батырдың бауыры Тұматай бидің ұрпақтары туралы баяндайды. Шығармадағы оқиға желісіне ата-анасынан ерте айырылып, жастай жетім қалған Бәшке, Төлебай және Әлкембай атты ағайынды үш жігіттің бастан кешкен тар жол, тайғақ кешулері арқау болған. Ең алдымен олардың ата-аналарынан айрылғаннан кейінгі көрген қорлықтары, қиянаттары, қиындықтары, Қырбек сияқты залымдардың алдауына түсіп, жазықсыздан-жазықсыз мойындарына мал ілініп, сондай айла-шарғымен өздерін құлақ кесті құлдарына айналдырмақшы болған зорлықшыл Жұмақан зәңгіден қашып, Құлыстай, Барлық, Тарбағатайдан амалсыз ауып, туған жер, құтты қоныстарын тастап, қорған болар, бауырларына басар нағашы жұрттарын іздеп жолға шыққандары  баяндалған. Жол азабы, алдарынан кездескен қиындықтар, мехнат-машаһаты көп күндер мен ұйқысыз өткізген түндер әбден қажытып-қалжыратса да, келер күннен үміттерін үзбеген ағайындылар ақыры діттеген жерлеріне жетіп, нағашыларымен табысып, ел қатарына қосылып, өздерінің талаптары мен қарым-қабілеттерінің арқасында ел қатарына қосылып, тіпті  байлық пен билікке қолдары жетіп, үрім-бұтақ өргізіп, бақуатты ғұмыр кешіп, бақытты өмір өткізеді.

Аталмыш шығармададағы үш жетімнің бастарынан кешкен қиындықтарды, талайлы-тауқыметтерін суреттеу арқылы сол өңірдегі барша қазақтың қилы тағдырын ашып көрсеткен.  Қаламгер Бәшке, Әлкембай және Төлебайдың ата-бабалары мен кейінгі ұрпақтарының тағдыр-талайын да қаламынан тыс қалдырмаған. Бұл романды сол жақтағы қазақтардың тарихи көркем шежіресі десе де болады. Сол бір қиын-қыстау кезеңдегі оқиғаларды құрғақ қана баяндап қоймай, тарихи тұлғалардың күйініші мен сүйінішін, қызығы мен қайғысын, қуанышы мен уайым-мұңын,  жан тебіреністері мен күйзелістерін, іс-әрекеттерімен қатар суреттеп, асқан сезімталдықпен кестелеген.

Төлебай бидің кісілік тұлғасы, ғибраттқа толы ғұмыры, өнегелі іс-әрекеті, билік жүргізген уақыты мен ортасы, сол кезеңдегі тарихи оқиғалар, қанды қырғындар мен күйзелген халықтың жандарын шүберекке түйіп бассауғалап жат елге – Пәкстан, Үндістан, Түркия елдеріне босулары қайыстай өріліп, жібектей тарқатылады. Тұтас бір дәуір шындығы мен кер заманның кескін-кейпі қаз-қалпында, айна-қатесіз, шынайы һәм көркем суреттелген.

Романды толқымай оқу мүмкін емес, сол бір тар кезеңнің сүреңсіз суреттері оқырман қауымды бей-жай қалдырмасы анық. Сол зар замандағы тарихи оқиғалар бірінен кейін бірі тізбектеліп, көз алдыңыздан қазақ көші сияқты қопарыла көшіп өткендей болады. Сол кезеңнің тынысын сезінесіз, ішінде өзіңіз де бірге өмір сүріп жүргендей күй кешесіз.  Жаныңыз күйзеліп, жүрегіңіз ауырады. Еріксіз көзіңізге жас, көмейіңізге өксік тығылады.

Зейнолла Сәнік ағамыздың тағы бір толымды еңбегі – «Басбай» тарихи романы. Бұнда да сол шеттегі қазақтың тағдыр-талайы, тыныс-тіршілігі, салт-санасы, жөн-жоралғылары, тарихи оқиғалар суреттеледі. Жазушының ел мен жер тарихын жетік білетініне қайран қаласың. Кейіпкерлерінің жеке бастарын ғана емес, ата-бабасы мен қоршаған ортасына дейін толық қамтып көрсететіні тәнті етеді. Бас кейіпкер – Басбай бидің ата-бабалары мен үрім-бұтағы жөнінде де кең мағұлмат аласыз. Романда Мәмбет елінің Барлықты құтты қоныс еткенін, оларға бұрынырақта Әділбек батыр, Отыншы билер билік жүргізіп, төрелік айтқанын, олардан кейін Қабанбай батырдың шөбересі Сүлеймен мен Бапы болыстар бас ие болғанын,  міне, ендігі кезекте сол Сүлейменнің Қанағаты мен Бапының немерелері – Әлімғазы мен Басбайдың дәуірі басталғанын көркем тілмен кестелеп жазады. Автордың қаламгерлік, суреткерлік шеберлігіне қоса зерттеушілік қарым-қабілетіне де риза боласыз.

Қытай қазақтарының арасында Тарбағатай окургінің Бас уәлиі болып, ұзақ жыл ел басқарған Басбай Шолақұлы Бапинді білмейтін адам кемде-кем.  1940-1945 жылдары Қытайдағы ұлт-азаттық күресі мен Жапонияға қарсы күресті белсенді қолдаған ірі отаншыл қайраткер. Ел бастаған көсемдігі, сөз бастаған шешендігімен бірге, жоқ-жітік пен жарлы-жақыбайларға, кембағалдарға шын көңілімен жәрдемдесетін қолы ашық, жомарт жан екендігі туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Дәулеті тасып, ырысы молайған шағында жомарттығымен аты шығып, өз заманының «Атымтай жомарты» атанған, қоғамның белсенді, қадірлі азаматына айналып, түрлі қайырымдылық шараларын жасаумен айналысқанын осы шығармадан анық білеміз. Маңайындағы халықтың кем-кетігін бүтіндеп ғана қоймай, елдің, мемлекеттің ауыртпалығын жеңілдетуге атсалысқан айтулы қоғам қайраткері. Сол кездегі халықтың сөзімен айтқанда, ол «халықтың көзін де, көңілін де нұрландырған Басбай» болатын. Болыс, би, аймақ уәлиі болып, аттан түспей жүрсе де, ешуақытта адамдық қадір-қасиетін жоғалтпаған, өз биігінен ешқашан аласармаған, қарапайымдылығымен елге жаққан ардақты тұлға. Өз қарамағындағы халыққа жайлы болып, қолынан келген көмегін аямай, қаржылай қарасып тұрған. Шәуешекке Асар электр станциясын салдырып, қала халқын жарықпен қамтамасыз еткен. Жұрттың Еміл өзенінен әрлі-берлі қиналмай өтіп-жүруі үшін өз қаражатымен ұзындығы – сексен жеті метр, кеңдігі – алты метр үлкен көпір салдырған. Көпір күрең сырмен сырланып, қос жақтауына оюлы шарбақтар қойылып, екі басына доғаша иілген маңдайшалық орнатылып, оған «Басбай шоң көпірі» деп жазып қойыпты.  Сол өңірді мекендеген қазақтар Емілдің балығы мен қамыс-шиін Шәуешекке аталмыш көпір арқылы апарып, сауданың көрігін қыздырып,   жан бағыпты.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өзі шетелде тұрып жатса да, қан кешіп жатқан қандастарына арнап бес жүз атты ер-тұрманымен жібергені де ерлікпен пара-пар игілікті іс емес пе?! Ал соның алдында ғана Жапониямен соғысып жатқан Қытай үкіметіне арнап екі жүз атты көмекке жібергенін де әлі күнге дейін сол жақтағы ел мақтанышпен тамсана отырып айтады. Бұл-бұл ма, Басбай болыстың жомарттығын айдай әлемге паш етіп, абыройын асырған елеулі оқиға, елуінші жылдардың басында Кеңес одағы және Қытай елінің араласуымен Корея түбегінде тұтанған соғысқа көмек ретінде әскери ұшақ сыйлауы еді. Оған төрт мың қой, жүз жылқы, жүз сиыр, жүз түйе, жүз сары алтын атаған екен. 

Міне, осының өзінен-ақ Басбай байдың қандай адам болғанын анық аңғаруға болатын шығар. Аталмыш шығармада осы тарихи оқиғалардың бәрі асқан шеберлікпен, көркем тілмен әдемі кестеленген. Басбай байдың көркем бейнесі оның осындай игі істері мен елге жасаған жақсылықтары арқылы тайға таңба басқандай анық бейнеленген. Ол осынша байлыққа мұрагерлікпен ие болмаған, маңдай тері, табан етпен жеткен. Оны да осы шығармадан оқып-білуге болады. Шынын айтқанда бұл роман Басбай байдың қандай адам болғанын, оның қайырымды жан екенін, адамдық асыл қасиеттерін, кісілік келбетін, болмыс-бітімін жан-жақты ашып көрсеткен. Ел ішіндегі қисық-қыңырды түзету, пәле-жалаға ұшырап, бастарына іс түскендерге көмектесу, әлдіден зәбір көріп, жапа шеккен әлсізді қолдап-қуаттау Басбай байдың басты адамдық һәм азаматтық борышы болғанға ұқсайды. Оны осы шығармадағы Қареке зәңгінің атын үркітіп, жерге омақаса құлатып кетті деп Қармыс атты қараға орынсыз айып тағылып, жала жабылып, Түйеші үкірдай оған қатаң үкім кеспекші болғанда, Басбай бай араға түсіп:

– Ашығын айтайық көпшілік, мыналарыңыз айып салуға татымайды. Жығылғанын атының басына ие бола алмаған зәңгі өзінен көрмей, көшкен елден көретіні несі?! Атқа міне алмасы бар, асауға мініп не қылады? Егер көш иесін айыпкер деп жығып берсеңіздер, мәмбет пен дөртуылдың игіжақсыларына ертеңгі күні күлкіге қаласыңдар. Ондай болғанда қазақ даласының жалбыр тонды шалы да, жалбаңдаған баласы да, кедейдің көші, кем-кетіктің жүрісі... бәрі де айыпкер болып шыға келмей ме?! – деп, Қармыстың еш айыбы жоқ екенін дәлелдеп, жазадан құтқарып жібергені тәрізді тарихи оқиғалардан анық байқайсыз. Сондай-ақ өзі соры қайнап жүрген сормаңдай кедей-кепшікті сорлатқан Ілһам байға ақырып:

–  О, әкеңнің аузын... қу Ілһам! Өй, сенің елді жегенің аз ба деймін, ей, сен Шағантоғай елінің қанын тас кенеше сорған қудың өзі емеспісің деймін. Өй, осы кедейді зарлатқанда қаншалық марқадам табам дейсің. Өй, Еміл бойының елін сорған қара сүлік! – деп, оның зорлықшыл қылығын бетіне басып, кедейдің ақысын алып бергенін де оқырман қауым осы шығармадан оқып-біле алады. Бұндай мысалдарды келтіре берсең, сөз ұзара береді. Міне осы екі оқиғаның өзінен-ақ Басбай байдың қандай әділ, әділетсүйгіш адам болғанын анық аңғаруға болатын шығар.

Романда тек Басбай байдың басынан кешкендері, ғибратқа толы ғұмыры, пенделік мақсат-мұраты, азаматтық арман-аңсары ғана емес, ел мен жер жайы,  өлкенің кешегісі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі, сол дәуірдің шындығы мен замана келбеті тұтас көрініс тапқан. Бөкенші Омар, Жатқанбай билер, Мамырбек, Жалбағай, Таңғыт, Түйеші үкірдайлар, Қанағат, Қыдырмолла, Зейнолла, Әлімғазы болыстар,  Төкен, Мұқаш, Бәйтіш, Сымайыл зәңгілер, Амбы мекемесінің өкілдері – Сәмбілей, Демежан мырзалар, Әсет, Кәдрихан ақындар, Қайрақбай күйші, Әмірсан, Мырауыт байлар, Қали, Мәжен, Иса, Итемір, Әлікей, Оқабай қажылар, Ешен қазірет секілді көптеген тарихи тұлғалардың көркем бейнелері сәтті сомдалған. Сенімді, нанымды. Жазушы кейіпкерлері біркелкі кескін-кейіпте емес, әртүрлі қырынан көрінеді. Әр кейіпкердің өзіне тән болмыс-бітімі, мінез-құлқы, қимыл-қозғалысы, сөйлеген сөздері, тіпті киген киімдеріне дейін бір-біріне еш ұқсамайды, санқилы, әртүрлі образдар галереясын жасаған.

Зейнолла Сәніктің көркем шығармаларынан анық байқағаным, ағамыз нағыз сөз зергері екен. Суреткерлік қуаты, қаламгерлік таланты, жазушылық қарым-қабілеті өте жоғары, өрелі ойлар айтып, сөзбен сурет салады. «Сергелдеңдегі» Бәшке, Әлкембай және Төлебай бидің және «Басбайдағы» Басбай байдың өмір жолдарын, қиындық пен қуаныштары қатар қайшыласқан ғұмырларын, күрделі тағдыр-талайларын суреттеу арқылы Қытайдағы қандастарымыздың сол кезеңдегі өмірін, бастарына түскен қиындықтарын, жазықсыздан жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағандарын, жапа шеккендерін, азап тартқандарын, қырылғанын, машаһат пен мехнатты тағдыр-талайларын, қуанышты күндері мен мерейлі сәттері аз болғанын шынайылықпен, асқан шеберлікпен өрнектеген.  Туындыда алуан мінезді, әртүрлі тағдырлы кейіпкерлер характері сомдалып, болмысы ашылады. Қат-қабат тартыс, қым-қиғаш қақтығыстар, әртүрлі мінез бен болмыс-бітімдегі кейіпкерлер сенімді суреттелген. Бұл көркем шығармаларда баяндалатын тарихи оқиғалардан сол өңірдегі халықтың бастарына түскен ауыртпалықтың зіл-батпандай ауыр екенін сезінесіз, тыныс-тіршілігін ұғасыз, тарихын білесіз, арман-аңсарын түсінесіз, ішкі запыранын түйсінесіз, қайғы-қасіретін көресіз, уайым-мұңын қосыла шертесіз. Туындыларды оқып отырып сондағы кейіпкерлермен бірге күн кешесіз, алдынан шыққан қиындықтармен бірге күрескіңіз келеді, күңіренесіз, уайым-мұңның құшағына енесіз, қайғы-қасіретке батасыз, азап  шегесіз, жаныңыз ауырады, жүрегіңіз сыздайды, көңіліңіз түседі... Міне, бұл сырбаз суреткер Зейнолла Сәнік қаламының құдіреті.

Жазушы «Басбай туралы әңгіме-жырлар»  деректі шығармасында осы тақырыпты одан әрі індете зерттеп, жан-жақты зерделеп, толықтыра түскен. Оқырман қауым бұл зерттеуде байдың ата тегі, өмір сүрген ортасы, өмірбаяны, тұрмыс әдеттері, нақыл сөздері мен қызықтары, істеген қайырлы да берекелі істері, Басбай бай туралы танымал тұлғалардың айтқан естеліктері,  ел аузындағы аңыз әңгімелер, жыр-дастандар, отбасылық жағдайы толық қамтылған.   Кітаптарын оқып отырғанда қарымды қаламгердің білім-білігіне, кешегі өткен тарихты терең білетініне, қазақтың ата-тек шежіресіне жетіктігіне, сол дәуірдің тынысын қапысыз сезе алатынына, сезініп қана қоймай, оқырман қауымға айнытпай жеткізе алатынына еріксіз тәнті болып, қайран қаласыз. Тарихи тұлғалар туралы шығармаларын кеңінен шолып, кемеліне келтіріп толғайтынына риза боласың. «Сүлеймен би» деректі хикаятына XIX ғасырдың орта шені мен XX ғасырдың бас кезінде ғұмыр кешкен Сүлеймен Әділбекұлының қоғамдық өмірі арқау болған. Автор аталмыш тарихи шығармасын «Сүлеймен би Әділбекұлы (1841 – 1905) – Қабанбай батырдың төртінші ұрпағы. Ол өз заманында әділ билігі, табымды шешендігімен қазақ даласына даңқы шыққан әйгілі тұлғалардың бірі. Тіпті Арқа мен Шығыс өңірдегі қазақ билерінің кеңесінде бірнеше рет төбебасы болып сайланып, тұтас қазақ билері қадір тұтатын ірі тұлғаға айналған адам» деп бастап, оқырман қауымды атақты бидің ата-тегімен, өмір соқпақтары һәм туып-өскен ортасымен, халыққа жасаған жақсылықтарымен, игі істерімен, сол кезеңдегі тарихи оқиғалармен, ел жайымен толық таныстырып өтеді. Сондай-ақ Найман шал, Төлегетай баба, Қаракерей абыз, Байыс және Байжігіт билер, Әлі әулие, Әділбек және Қален батырлар, Жалбағай, Түйеші, Шәй, Темірбек, Нұртаза үкірдайлар, Қанағат болыс секілді тарихи тұлғалар туралы толымды толғамдар, қызықты деректер мен мол мағұлматтар бар. Бұл кітаптан әр оқырман өз іздегенін  табады, өз керегін алады. Себебі бір қазақты Қазақстандағы немесе шеттегі қазақ деп бөліп-жаруға әсте болмайды. Шет жайлап, қиыр қонған қандастардың тарихы да қазақ халқына ортақ тарих, ортақ қуаныш, ортақ қайғы-қасірет, қазақ халқының, қазақ тарихының ешқашан еншісі бөлінбес, құрамдас бір бөлшегі. Ендеше Қытайдағы қазақтардың кешегі өткені мен бүгінгісін хатқа түсіріп, бұл жақтағы ағайындармен таныстырған қаламгерге қандай мақтау айтсақ та жарасады. Бұл кітаптардың мәнділігі де, маңыздылығы да осында. Әйтпесе, Төлебай мен Сүлеймен би, Басбай бай сияқты ірі тарихи тұлғаларды оқығын-тоқыған азаматтар болмаса, қарапайым халықтың біле бермесі де ақиқат. Міне осы олқылықтың орнын толтырып, қазақ тарихының толықтай зерттеліп-зерделеніп, жазылуы үшін де шеттегі қазақтардың тарихын да естен шығаруға, есептен сызып тастауға болмайды. Олай болмаған жағдайда, қазақ тарихы жартыкеш, бір дүниесі кем тарих болып қалмақ.

«Тұғырыл хан. Қайрақбай. Демежан» атты тарихи эсселерінде де қазақ халқының арғы-бергі тарихынан сыр шертіп, жыр толғайды. «Тұғырыл хан» эссесінде автор Тұғырыл ханның тарихтағы орнына, кемеңгерлігі мен көрегендігіне, оның Есүкей мен оның ұлы Шыңғыс ханмен қарым-қатынасы, бағы асып, мейманасы асып, дәуірлеп тұрған кезінде оны қолтығынан демеп, қолдағаны, тіпті «анда әке» мен «анда бала» болып серттескендері, бірақ кейіннен күшейіп алған соң Шыңғыс хан оның бәрін ұмытып, «анда әкесіне» қарсы шауып, тас-талқанын шығарғаны туралы жазбаларды оқығанда еріксіз ойға батасың, қабағыңа креуке мұң ұялайды. Адам баласының билік пен байлық үшін, яғни нағыз азаматтық пен сатқындық сыналар сәтте бірге туғанын да жамандыққа қиып жіберетініне қынжыласың, өзегіңді өкініш оты өртейді. Көп нәрсені түсінесің, түйсінесің... Бірақ, одан не пайда? Өтер іс өтті, болар іс болды, бояуы сіңді. Тарих доңғалағы өз ырғағымен дөңгелей берді: «Тәңіріден суат алдың, Тұғырылдан қуат алдың, керейден бақсы алдың...» деген сөздер Шыңғыс ханды ғана емес, осы тарихты басынан өткерген барлық адамды, тіпті әулиенің өзін де ой иіріміне түсіріп, диірменнің тасындай айналдырады. – Қайран, Тұғырыл, – деді ол керей елінің сол бір дәурендеген шағын есіне алып, – заманның мұндай боларын кім ойлаған? Батырға біткен мінез алды-артын ойлатпай, ажалын ақыры өзінің «анда баласынан» келтіргенін қарамаймысың! Сенің кісілігің биік, ерлігің елдігіңе лайық жан едің ғой. Сол ерлігің мен елдігіңді көрсетсем деп жүріп, жұртта қалған Есүкейдің жетім балаларын ел қатарына қостың, өзіңдегі барды осыған төктің, тәңірдің Көкше әулиесін де осыған бұйырдың... Ақыры бақ пен дәулет өзіңнен тайып, мына Темучиннің басына қонды, осылай болатын да жөні бар» деп тәпсірлейді қаламгер Көкше әулиенің аузымен өз шығармасында қатаң үкім шығарып: «Осылайша VІ ғасырдың бас шенінде дүниеге келген Керейт ханы Азия төсінде алты ғасыр бойына дәурендеп, XIII  ғасырдың бас шенінде Монғол империясының күшімен біржола жойылды.»

Тұғырыл ханды қолдап-қуаттап таққа отырғызған Есүкей еді, ал оның ұлы Шыңғыс оны қан қаптырды. Ал Тұғырыл таққа талас кезінде өзінің бауырлары Тайтемір тәйжі мен Бұқатемірді өлтірген еді. Міне, тақ пен даңқ үшін билеушілер өзге түгіл, өзінің туған аға-бауырына да аяушылық жасамайды екен.  Автор билеушілердің осалдығы мен тақтың құдіреттілігін тап осындай кереғар тарихи оқиғалар арқылы ашып, мейлінше сенімді суреттеген. 

Зейнолла ағамыздың «Қайрақбай» атты тарихи эссесіндегі жазбаларға қарағанда, Қайрақбай Шалекенұлы – қазақ күй өнерінің майталманы, әйгілі сазгер, қоғам қайраткері, би, болыс болған, арғы-бергі бет қазақтары бірдей мойындайтын ірі тұлғалардың бірі. Шығармада Қайрақбай күйшінің балалық шағы, өскен ортасы, бала биден төбе биге дейінгі жүріп өткен ғұмырлық жолы, қара қылды қақ жара айтқан биліктері, күйлері мен олардың шығу тарихы жөнінде толық мағұлмат берілген.

Зерттеушінің айтуына қарағанда, күйшінің жүз қырықтан аса күйі бар екен. Осыншама мол мұра қалдырған өнер қайраткерін біз неге білмейміз? Осынау ұшан-теңіз еңбегін ескеріп, атын неге ардақтамаймыз? Міне, осы сегіз қырлы, бір сырлы Қайрақбай күйшіні қазаққа алғаш таныстырған да, өмірі мен өнерін жалпақ жұртқа жария еткен де Зейнолла ағамыз болатын.

Қытай қазақтарының арасынан суырылып шығып, жалаң қолымен қатыгездік пен әділетсіздікке қасқая қарсы шыққан Демежан Кешубайұлының ерлік істері туралы алғаш дарынды суреткер, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» атты тарихи романынан оқып-білген едік. Бұл шығармада қоғам қайраткері Демежанның көркем бейнесі керемет айшықталып, тарихи оқиғалар тізбегі асқан шеберлікпен суреттелген. Қайсар қаламгер Қабдеш Жұмаділов асқақ рухты күрескердің көркем бейнесін жасаса, тарихтың асқан білгірі Зейнолла ағамыз «Демежан» атты деректі эссесінде оның өмірдегі шынайы бейнесін келістіре кескіндеп берген: «Демежан батыр Кешубайұлы өз заманының биік тұлғаларының бірі әрі ірі қоғам қайраткері. Ол айға шапқан арыстан тәрізді феодалдық өктемдікке, ескі қоғамдағы ұлттық езгіге ерлікпен қарсы шығып, туған халқының теңдігі, қалың бұқараның төл мүддесі үшін арымай-талмай күрескен, әрі сол жолда шыбын жанын қиған қайсар қаһарман» деген сипаттама бере келіп, оның өмір жолы, туып-өскен ортасы, үкірдай болып, ел билегені, халыққа жасаған жақсылықтары, ел қамы үшін еткен ерен еңбегі, қажырлы қызметі, Мәнчин патшалығына қарсы күресі, ерлігі мен кісілігі, сол қасиетті жолда басын бәйгеге тіккені, Мәтен бастаған залымдардың қаскүнемдігі мен опасыздығы, сатқындардың арызы мен жапқан жаласынан ұсталып, жазаға тартылуы, дарға асылуы және батырдың ұрпақтары туралы кеңінен толғанады. Демежан басшылық қызметте жүрсе де, елге қалай қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп, ғибратты ғұмыр кешкен батыр тұлғалы азамат. Оның өмірі мен ерлік істері бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Бұл шығарманың мән-маңызы да осында.

Көптомдықтағы «Шалқыма. Әңгіме-новеллалар» тартымды, қызықты әрі қысқа да нұсқа, оқуға жеңіл. Жанға жайлы, жүрекке жылы тиеді. «Отан деп соққан жүрек» деген шалқыманың атының өзі айтып тұрғандай, Отан, туған ел мен кіндік қан тамған жер, өскен өлке туралы жүректен шыққан толғаныс, жан тебіреніс. Оны толқымай, тебіренбей оқымау мүмкін емес. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деп тегін айтпаған ғой. Себебі, жұмыр басты әр пендеге Отаннан, туған ел мен кіндік қаны тамған жерден артық не бар?! Туған елдің алқауында, кіндік қаны тамған жерді басып жүрген шын бақытты. Бұл да бір Құдайдың берген үлкен сыйы. Соны көпшілігіміз бағалай аламыз ба? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп қазақ жайдан-жай айтты дейсіз бе?! Ол заңдылық та сияқты. Өйткені сіз сол бақытқа иесіз. Туған елдің алқауында бақытты ғұмыр кешіп жатырсыз, туған жердің тау-тасын емін еркін аралап жүрсіз. Ал атамекеніңді, Отаныңды, туған ел мен жеріңді шетте жүрсең сағынасың, қадірін білесің, құдірет-күшін сезінесің, бағалайсың. Туған елге жетуге, туған жерге туыңды тігуге асығасың. Атажұрт, Отан, туған ел мен жер туралы қалам тербемеген қаламгер кемде-кем шығар: «Туған жер жыр арқауы, ән әуені, ой толғауы, күй ырғағы болғаны сияқты адам қайратының қажымас қайнар көзі, күш-жігердің күре тамыры, мақсат-мұраттың мәртебелі мұнарасы, шалқыған шабыттың шалқар теңізі іспетті. Ар-ұжданды азамат кезі келгенде туған елі, отаны үшін ешнәрседен тайынбай, өзінің ыстық қан, ғазез жанын қиюға хақылы. Отан азаттығы кезінде, кейін Отанды гүлдендіру күресінде талай-талай ел құрметіне бөленген ержүрек азаматтардың соңғы ұрпақ үшін өшпес өнеге қалдырғандығы бәрімізге аян. Осындай отаншылдық  күрес пен еңбектің ерен биігінен көрініп, көптің көңіл төрінен орын алып, жұрт арасында жыр-дастан болып жүрген абзал азаматтар бұл күнде аз емес» деп өзі айтып өткендей, айтулы сөз зергері Зейнолла Сәнік те міне осындай Отаны үшін ерен еңбек еткен, көзі тірісінде қолынан қаламын тастамай, туған елі мен жерін жырлап өткен тау тұлғалы тұлға, кейінгі өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге қалдырған ар-ұжданды азамат.

Мақаланың жалғасын мына жерден оқуға болады.

Думан Рамазан,

Жазушы-журналист

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Зейнолла Сәнік

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір