• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 07:28:16
Алматы
+35°
ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімі бойынша Алматыда қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етпейтін барлық кәсіпорындар мен ұйымдар үшін жұмыссыз режим 13 сәуірге дейін ұзартылған. Мұндай шара аясында төмендегідей шектеулер жалғаса береді.
 
Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл режим адамдар мен жеке көліктің қала ішінде қажеттіліксіз жүріп-тұруына тыйым салуды көздейді. Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті алуға тұрғылықты жерге жақын орналасқан дүкендер мен дәріханаға шығуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, үй жануарларын серуендетуге рұқсат бар.

65 жастан асқан тұрғындарға далаға шығуға болмайды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар қалада ересектерсіз жүруіне рұқсат жоқ.

Азық-түлік, дәрі-дәрмек және бірінші кезектегі қажетті заттарды жеткізу қызметтері 9.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.

Бұл ретте барлық ұйымдар, кәсіпорындар мен қалалық қызметтер жұмысқа тартқан қызметкерлерінің санитарлық жағынан қорғалуын күшейтілген режимде қамтамасыз етуі тиіс.

Төтенше жағдай режимін бұзғаны және көшеде себепсіз жүргені үшін ескерту, 26 510 тг көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке бас бостандығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қарастырылғанын атап өткен жөн.

Меншік нысанына қарамастан ұйымдар мен кәсіпорындардың басшылары көрінеу жалған ақпарат бергені үшін, сондай-ақ қызметкерлерге анықтама бергені үшін және өндірістік немесе қызметтік қажеттіліктен туындамаған қызметкерлердің қозғалуы туралы деректер бергені үшін қылмыстық жауапқа тартылады.

Шектеу қалалық басқару органдарына, азық-түлік, медициналық нысандарға, қаланың үздіксіз тыныс-тіршілігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтер мен БАҚ-қа қолданылмайды.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметі бойынша, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап 336 адам ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 113-і сот шешімімен әкімшілік қамауға алынса, қалғандарына айыппұл салынды.

Ағымдағы жылдың 5 сәуіріндегі мәліметтер бойынша, Алматыда COVID-2019 жұқтырудың 115 оқиғасы зертханалық түрде расталды. Ағымдағы жылдың 5 сәуірінде сағат 20.00-дегі жағдай бойынша қалада коронавирустық инфекцияны жұқтыру ошағының 33 аймағы бар. Инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты ошақтың 14 аймағынан шектеу шаралары алынып тасталды.

Суық тию белгілері пайда болған жағдайда 103-ке қоңырау шалыңыз. Анықтама үшін 1406 call-орталық және 1308 нөмірі бойынша Open Almaty қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді.
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір