• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 06:29:41
Алматы
+35°

10 Наурыз, 2020 Барлық аймақтар

Атырау Қазақстанды әлі асырап тұр

Бүгін де әдеттегідей үкімет отырысы өтті. Мұнайдың мұңы, доллардың доңайбаты, теңгенің теріс айналған телпегі де отырыстың өзекті тақырыбына айналды. Соның ішінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтқан дәлелді бір жайт ойландырмай қоймады бізді.

Фото: ашық ақпарат көздерінен

Мәселен, аталған жиында ҚР Ұлттық экономика министрі Қазақстанның ең көп инвестиция салынып жатқан өңірін атап қалды. Аузынан жазып-жазбай. Салдарын біліп-білмей.
 
Оның айтуынша, осы жылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстан экономикасына 1,5 трлн теңге инвестиция салыныпты. Нәтижесінде ел экономикасына энерция беруі қомақты демеуқаржының жартысы мұнайлы өңір – Атырау облысына тартылған екен. 
 
Әуелі Руслан Дәленовтың дәйек сөзін қаз-қалпында берсек: 
«Осы жылғы қаңтар-ақпан айларында экономикаға 1,5 трлн теңге инвестицияланды. Салынған инвестициялардың жартысы Атырау облысына тиесілі», - дейді ол Үкімет отырысында.
 
Айна-қетесіз "салынған инвестициялардың жартысы Атырау облысына тиесілі" деп тұр. Яғни, бұндай болғанда "мұнай астанасы" әлі де экономикалық тұрғыда "сауын сиыр" қызметін мінсіз атқарып келеді деген сөз.
 
Бұндай болғанда, экономикасы "әртараптанып" жатыр, өңірлер "өркендеп" барады делінген "хаос" Қазақстанның кезекті бір шындығы ашылып қалды деген сөз. 
 
Былайша айтқанда, Атырау әлі Тәуелсіз Қазақстанды асырап, "локомотив" деген лақап атынан айнымауда. Ауылшаруашылығы бойынша алдыңғы орынға шықты деген Алматы облысы да, Көмір өндірісінен көсегесі көгеріп келеді деген Қарағанды да, артық байлығы – астауынан асып астығы қар астында қалуда делінген солтүстік облыстар да инвесторға "қызықсыз" деген сөз бұл. 
 
Неге қызықсыз болмасын дейсіз кейіп: қазба байлығын кәріс пен үндіс, уранын орыс күнделікті "обед" үшін кертіп жеп отырғанда. Алтыны жекенің жамбасында жатқанда...
 
"Қызықсыз" демекші, өткен айдың соңында әлемдік ақпарат дерегі бойынша бизнес климатта Қазақстанның инвесторлар үшін "тартымы" азайып бара жатқаны айтылған болатын. Оған елдегі экономикалық ахуал түйткілдері мен Қытайдағы коронавирустың да "салқыны" әсер еткені айтылған.
 
Демек, елдегі бизнес климат түбегейлі жақсармай шетелдік инвестицияның Атыраудың дайын "табағына" үймелегені-үймелеген де, жалпақ Қазақстанның солардың "сарқытына" телміргені телмірген дерсіз.
Қозыбай Құрман

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір