• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:41:12
Алматы
+35°

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы өзгергеніне байланысты қоғамдық пікір әрқилы. Бір тарап кеңес мүшелігінде болған азаматтар өздерінің миссиясын толықтай орындап, қоғамның қажетін қамтамасыз етіп отыр десе, екінші тарап ұлттық кеңестің елге ешқандай пайдасы болмаған, болмайды да деген пікірді алға тартады. "Қамшы" тілшісі бірнеше сарапшымен сөйлесіп, Ұлттық кеңестегі өзгерістер туралы қоғам белсенділерінің пікірін сұрады. 

Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Самат Нұртаза Ұлттық кеңеске деген көзқарасы оң екенін және орган жұмысына көңілі толатынын атап өтті. 

– Кеңес құрамының өзгеруі ешқандай да таңғалатын жағдай емес. Ұлттық кеңес құрамы аяқ астынан өзгерген жоқ, ол алдын ала жоспарланған. Ратация болуы керек екенін президент те айтты. Ұлттық кеңес сырт көзбен маған ұнайды. Себебі қоғамның әр саласына кірісіп, көмектесіп, өзгерістер енгізіп жатыр. Кеңесте ел сыйлайтын тұлғалар отыр. Сондықтан да мен бұны толықтай қолдаймын. Ұлттық кеңестегілер өздерінің миссиясын орындады. Олар өздерінің шығу себептерін әлеуметтік желідегі парақшаларында жазып жатыр. Мысалы, Арман Шораев ағамыз өзінің фейсбук парақшасында "Мен Мұхтар Жәкішевтің шығаруын талап еттім, шығардым, мақсатыма жеттім, енді органнан шығуға болады" деп айтты. Бұдан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Егер саяси астары болса да, айтарлықтай акцент қоятындай маңызды емес, маңыздысы – мен сыйлайтын адамдар кеңестің құрамында отыр. Жаңа құрамға қабылданғандардың кейбірін білемін. Ел танитын сыйлы, белсенді азаматтар. Сондықтан да жаңа құрамнан үлкен нәтиже күтемін. Жалпы жаңа, ескі құрам деп бөлмей-ақ қояйын. Ол ауыса береді, ауысса да нәтижесін беріп отырады, – дейді Нұртаза.  

"Демпартия" құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі, қоғам белсендісі Жанболат Мамай "Ұлттық кеңес құрамынан бір адамды алып тастап, екінші адамдарды қойғаннан ешқандай өзгеріс болмайды" деген пікірде.  

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – өлі туған жоба. Оның қоғамда ешқандай да рөлі жоқ. Өткен жылдың желтоқсан айында ұлттық кеңес төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған реформалардың барлығы көзбояушылық екені сол кезде-ақ көрінген. Мысалы, олар митингілер туралы жаңа заң жобасын қабылдаймыз деді, бірақ ол заң бұрынғыдан да бетер шектеуді күшейтетін заң болып шықты. Кейінгі саяси партиялар бойынша жариялаған заң жобасын қарап отырсақ, түкке тұрмайтын өзгерістер орын алып жатыр. Сондықтан да Ұлттық кеңес құрамынан бір адамды алып тастап, екінші адамды қойғаннан ешқандай өзгеріс болмайды. Менің ойымша, жобаның болашағы жоқ, – дейді ол.

Мамай бұл өзгерістен ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоғын атап айтты. 

– Бұдан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Жалпы бұл орган қоғамға қажетті шешімді қабылдай да, шығара да алмайды. Қазіргі күнге дейін атқарылған жұмысқа берер бағам – нөл. Мен ұлттық кеңес құрылған кезден-ақ бұл органның болашығы жоғын және ол тек қана консультативтік орган екенін айтқан болатынмын. Біршама уақыт жұмыс істегенін көріп отырмыз, бірде-бір нәтиже жоқ. Орган өзі-ақ бірте-бірте жұмысы тоқтап, ыдырап кететін сияқты. Жалпы ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бізге қажеті емес, –  дейді Мамай. 

Саясаттанушы Дос Көшім өзгеріске байланысты былай деп пікір білдірді.

– Ұлттық кеңестің құрамына көңілім толады деп айта алмаймын. Бұл таңдау – биліктікі. Билік осы құрамды сенім комиссиясына сай ой-пікірін білдіре алады деп алған шығар. Ұлттық кеңеске қатысушылар өздері белгілі бір себептермен кетуі де мүмкін. Мәселен, денсаулығына байланысты немесе кейбіреулері ұлттық кеңеске келген уақытта ойына алған мақсат-мүдделерін көрмеген шығар. Оларды ешкім байлап отыра алмайды, мүшеліктен кетуі – қалыпты нәрсе. Ауысу міндетті түрде болып тұрады. Егер де орган құрамы өзгере беретін болса, "Ұлттық кеңес" болып табылмайды, қатардағы комитет болып қалады. Бір топ адам болып кеңестен кету – саяси қадам сияқты. Оны да көрейік. Жалпы олар топ болып кеткен болса, өздерінің себептерін түсіндіруі қажет, – деп атап өтті Дос Көшім.

Ал оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалиннің айтуынша, кеңес қоғамға түкке керегі жоқ, алдамшы, бейне бір ойынның бөлшегі.

– Ұлттық кеңес – Назарбаевтың қуыршағы Тоқаев келгеннен кейін құрылған орган. Бұл деген ештеңеге тұрмайтын, халықты алдаусыратып, "осындай кеңес бар және белгілі бір мәселелер талқыға салынып жатыр" деп айту үшін ғана құрылған орган. Біздің қоғамға бұл орган керек емес, бұл – алдымшы бейне бір кеңес болып айтылған уәжге құлақ асып, мәселелерді талқылап, бір тірлік жасап жатқан сияқты түр көрсететін ойын, басқа түкте емес. Құрылғанда-ақ көзбояушылық екені айқын болды. Солай екенін іс жүзінде көрсетті. Қазіргі күнге дейін бітірген түгі жоқ. Аты бар да, заты жоқ! , – дейді ол.

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір