• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 12:19:48
Алматы
+35°

Министрліктен 11 млрд теңге бөлінген "Қасым хан" туралы көркем фильмнің түсіру жұмыстары тоқтап тұр. Бұны бастапқы сценарий авторы Смағұл Елубай растады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy дерегін негізге алып.

Онда жазушы әуелі аталған фильм тағдырының қалай шешілгенін айтып берген: 

«Фильм тоқтатылды, консервацияда тұр. Қаржылық мәселелері тексеріліп жатыр. Ары қарай не болатынын білмеймін. Осы даудан соң министрмен кездесу болды. Бірақ ол одан да жоғары деңгейде шешілді ғой. Ол үлкен кісілерге айтып көрейін деді. Айтылды. Сосын тоқтатылды. Фильм халыққа керек. Мен бір жылдай жұмыс істеген сценарий тұр, дайын. Бірақ жоба мүлдем жабылған жоқ. Уақытша тоқтатылып тұр. Менің ойымша, бәрі дұрыс шешіледі. Себебі қаржысы бөлінген, жабылмауы керек деп ойлаймын. Консервациядан алынуын күтіп отырмыз», - дейді Смағұл Елубай.

Қаламгер бұдан бөлек Министрлік өкілдері бұл мәселеге қатысты алдағы күндері жауап беретінін де жеткізеді. Сонымен бірге, тәжірибелі түрік режиссерінің көпсериялы кино түсіруіне неге қарсы болғанын ашып түсіндіреді.

«Гюнай жоба тоқтатылған соң кетіп қалды. Мен онымен бір-ақ рет, ең алғаш келген кезде кездесіп, талқылауда  бірге болғанбыз. Бірақ кейін біз оның көп серия түсіруіне қарсы болдық қой. Оның себебі 30-40 жыл Қасым хан мен Мұхамед Шайбани қазақ-өзбек болып соғысады. Мен жазған сценарийде бұл жағы жасырын көрсетілген еді. Енді әлгі сериалда оны жасыра алмайтыны белгілі. Экрандағы төбелес өмірдегі төбелеске ұласып кетуі мүмкін. Тоқату керек деп қарсы болғаным сондықтан. Араласып отырған дос халықпен соғысты насихаттауға болмайды. Егер бір сериясын түсірсек, бір-ақ рет соғыс көрсетіледі. Негізгі акцент Мұхамед Шайбанидің өзі мен Қасым ханға жасалады. Қалған жерінде сылап-сипап өтіп кетеміз. Оның ақырында өзбектер жеңіліп кетті, Сығанақты тастап, олар Бұқара, Самарқанға ауып кетті», - дейді жазушы.

Ең қызығы, Смағұл Елубай бір сериялы прокатқа арналған «Қасым хан» туындысына Министрлік бөлген қаржыдан аз ақша кетеді деп есептейді. Оның айтуынша, өзі ұсынған жобаға 2 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат жеткілікті. 

Еске сала кетейік, Смағұл  Елубай «Батыр Баян» (1992), «Кек» (2004), «Аңшы бала» (2012), «Алмас қылыш» (2016), «Қазақ хандығы» телесериалы (2016), «Алтын тақ» (2019) сияқты бірнеше туынды сценарийлерінің авторы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір