• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:02:41
Алматы
+35°

26 Ақпан, 2020 Аймақтар

"Мына төсектерді Ғалымжан екеуің өз үйлеріңе алып кетіңдер": Амандық Баталов тағы да орынбасарына шүйлікті

Үнемі "кабинеттегі" қатты айқайы республикаға жетіп жататын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тағы ашуға мінді. Бұл жолы Талдықорған қаласының Қаратал шағынауданында салынып жатқан жатақхана құрылысындағы олқылық-ақ оны "оталдырды".

Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметінен

Құрылыстың түсіне дейін өз "фильтрінен" өткізетін Баталов әуелі нысанның сырт келбетінің қоңыр-сарғыш реңді болуы керектігінен бастады сын-ескертпені. Сосын бір аралықта: "Аквапарк абаттандыру кезінде жатақхана территориясына кіре ме? Жоспарда бар ма?", – деп сұрады.

Ең сорақысы, облыс әкімі қойған сауалға құрылысқа жауапты қос бірдей шенді – облыс әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов пен Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров та кібіртіктеп жауап бере алған жоқ.

Баталов орынбарасына ескерту жасап тұр

Өздері салып отырған құрылыстың қуысы тұрыпты, құжатын толық білмейтін шенеуніктерге аймақ басшысы шарт кетті сосын:

– Мен саған жобаға кіре ме, жоқ па деп сұрап тұрмын. Иә, жоқ деп адамды неге шатастырып тұрсыңдар? Ешқайсыларың да жағдайдың парқын білмейсіңдер. Сараптамаға өткізген жобалық-сметалық құжаттарда бұл шекара бар ма деп сұрап тұрмын. Мардымды жауап бере алмай, үнсіз тұрасың. Істің мән-жайын біл. Сен барлығын білуің керексің ғой. Осында тұрған барлығың жатақхана құрылысымен айналысып жүрсіңдер. Жиналыста осы туралы саған және қала әкіміне 10 рет айттым. Күнделікті тексеріп, бақылап жүріңдер, – деді ол.

Әрине, облыс басшысы бұндай сөзді құрылыс саласына жауапты орынбасары Ләззат Махатұлына қаратып айтты. Ал аңдаусыз сын өтінде қалған орынбасары болса, өзінің екі аптадай жұмыста болмағанын айтып ақталды.

Бұдан соң облыс әкімі студенттерге арналған бөлмелерді аралады. Арбиған екі қабатты темір төсектерді көрген ол тағы да "морт" кетті: 

– Мынау не сұмдық? Мына төсектерді Ғалымжан екеуің өз үйлеріңе алып кетіңдер. Мен қарамасам, өмір бойы осылай жұмыс істейсіңдер ме? Келесі келгенде мұндай темір төсектерді көрмейтін болайын. Барлығына бірдей бір кісілік ағаш төсек қойыңдар. Сыймайды емес, 3 төсек сыйдыруға болады ғой. Ертең осылай өткізе салсақ, балалар ағаш төсекке кім, теміріне кім жатады деп таласып қалғаны керек пе? Ойланбайсыңдар ма?, – деді А. Баталов.

Жатақханадағы төсектер

Осылайша төсеніштен төбедегі ою-өрнекке дейін тексеріп, еш жұмысқа көңілі толмаған облыс әкімі:

– Түк те ұнамады. Толып жатқан бей-берекет шаруа. Мынандай ғимарат тұрғызып тұрып, осылай жұмыс жасау деген... Өз қолыммен сызып, көрсетіп берген дүниелерді ғана дұрыс жасаған. Мынандай нысанды қалай тұрғызуға болады? Жандарың ашымайды. Барлық кемшілікті түзетіп, тез ауыстырыңдар, – деп, апта сайын өзі тексеретінін жеткізді.

Атап өтейік, биыл ашылатын 96 бөлмелі жатақхана студенттердің алаңсыз білім алуы үшін қолға алынған. Жоба құны – 2289,947 млн.теңге.

 

 

Әрі қарай оқыңыз: "Менің кім екенімді бәрі біледі": Баталов өз абыройын түсіргісі келетіндерге сәлем айтты

Қозыбай Құрман

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір