• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 06:49:04
Алматы
+35°

25 ақпан күні түске таман Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында қамауда отырған қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қайтыс болғаны хабарланды. Ресми ақпаратқа сай, белсенді жүрек талмасынан көз жұмған. Кешке қарай марқұмның қорғаушысы Бауыржан Азанов facebook парақшасына кездейсоқ мәйітханаға келіп, Дулат Ағаділ мәйітін ашып жатқанына куә болғанын жазды. Қамшы тілшісіне пікір білдірген заңгер тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен сот-медициналық сараптама жасалатынын мәлім етті.

Қорғаушының айтуынша, мәйітті ашу жұмыстары ертең 10:00-де жалғасады.

– Сот-медициналық сараптамаға тәуелсіз сарапшылар қатысатын болды. Біз – марқұмның туыстары, достары, қорғаушылар болып екі тәуелсіз сарапшыны таптық. Тергеу амалдарына аталған сарапшыларды қатыстыру туралы өтінішімді қанағаттандырды. Енді айтқандарында тұрып, сарапшыларды қатыстырады деп үміттеніп отырмыз, – дейді заңгер.

Заңгер Дулат Ағаділ ұсталған кезде мас болды дегенге күмәнмен қарайтынын айтты.

– Дулат Ағаділді ұстаған кездегі бейнежазбаны көрдім. Оның әрекеттері мас адамдікіне ұқсамайды. Әлбетте мен маман емеспін, бірақ мәйітті  ашу кезінде спирт иісін сезбедім. Оның үстіне мен ішімдік, есірткі тұтынатын адамды әрекетіне қарап, бірден біле қоямын. Маған адамның алкогольдік сусындарды ішетінін не іспейтінін анықтау қиын емес. Меніңше, ол видеода мас емес. Дулат тергеу изоляторына түскенде оның жай-күйі қандай болғанын білгім келіп, ол мас болса, соны растайтын құжатты, Дулат Ағаділдің қолы қойылған құжатты көрсетулерін сұрадым. Оның мастығын растайтын құжатты маған көрсеткен жоқ, – дейді Бауыржан Азанов.

Заңгер Абзал Құспан да тәуелсіз сарапшылар көмегіне жүгіну қажеттігін атап өтті.

– Дулат Ағаділдің қазасы – отбасы үшін ғана емес, қоғам үшін үлкен қаза. Сіздер арқылы туған-туыстарына қайғырып көңіл айтқым келеді. Тас батқан жеріне ауыр ғой. Жақындары жылап, жоқтап жатыр. Жерлеу рәсіміне дайындалуда дегендей. Жетісін, қырқын ұйымдастыру керек. Бірақ осындай ауыр жағдайға қарамастан, заңдық мүмкіндіктерді қарастыру қажет. Міндетті түрде жәбірленушілердің құқығы қорғалуға тиіс. Оны елордада жүргізе алатын азаматтардың бірі – Бауыржан Азанов. Сондай сенімді, қоғамға белгілі құқыққорғаушылар мәселені бақылауына алып, тәуелсіз сарапшыларды тартуға тиіс, – деді ол.

Абзал Құспанның сөзінше, Қазақстанда сот-медициналық сараптамалардың барлығына бірдей сене беруге болмайды.

– Егер Қазақстанның сот-медициналық сараптамасына сенетін болсақ, онда Заманбек Нұрқаділов өзін үш рет жүрек тұсынан, бір рет басынан атып өлген. Бұл – Қазақстанның сот-медициналық сараптамасының шығарғаны. Сондықтан сот-медициналық сараптамаға тәуелсіз мамандар қатысуы керек. Мен солар қатысқан сараптама қорытындысына, тәуелсіз сарапшылар айтса ғана сенемін. Ал Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі істер департаментінің ресми мәлімдемесіне өз басым сенбеймін, – деген заңгер марқұм туралы ұсталған сәтте мас болыпты деген ақпараттар анықталуы керек екенін атап өтті.

– Процедураға сай Дулат Ағаділдің мас күйде болғаны ол тергеу изоляторына қамалмай тұрып анықталуы керек. Изоляторға түскен азаматтың денсаулығы санитарлық бөлім қызметкерлері тарапынан міндетті түрде тексеріледі. Соның қорытындысын, сонда не жазылғанына қарау керек. Ол құжатта Дулат Ағаділдің қолы болуы қажет, – дейді құқыққорғаушы.

Заңгер Абзал Құспан марқұмның құқыққорғаушысы Бауыржан Азанов "маған көрсетпеді" деген құжатты айтып отыр.

Дулат Ағаділ көзі тірісінде билікке қарсы наразылық жиындар мен митингілерде белсенділігімен көзге түсіп, әлеуметтік желіде Қазақстан билігін жиі сынаған. Өткен жылы бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылған.2019 жылғы  қарашаның ортасында әкімшілік қамауда отырған Целиноград аудандық тергеу изоляторынан қашып шығып, кейін ол әрекетінің себебін "заңсыз қудалауға қарсылығым" деп түсіндірген. Полиция екі күн бойы іздеген белсенді 15 қарашада өзі бас прокуратура алдына келген. Кейін ол "сот қаулысын орындамағаны үшін" тағы 6 тәулікке сотталған.

Қоғам белсендісінің тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмғаны оның жақтастарын бейжай қалдырмады. Бүгін түске қарай Ағаділдің қаза болғанын естіген белсенділер Қазақстанның бірнеше қаласында қарсылық жиынын өткізді. Олар Ағаділ "жүрек талмасынан қайтыс болды" деген ресми ақпаратқа сенбейтіндерін айтып, оның өліміне билік пен құзырлы органдарды кінәлады.

♦  Оқи отырыңыз: Дулат Ағаділдің анасы: Азановқа еш ренжімеймін, тек мазаламаса екен (видео)

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір