• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 20:08:00
Алматы
+35°

Халықаралық орталықтардың мәліметінше жыл сайын темекіден әлем бойынша 7 миллион адам өлімге душар болады екен. Ал олардың 900 мыңы шылым тартпайтын, тек темекі түтінімен демалғандарының салдарынан бақилық болады. Бұл деректерді еліміздің Қазақ онкология институтының мамандары да растап отыр. Аталмыш институттың бас директоры Диляра Қайдарованың айтуынша, қатерлі ісік дертіне әкелетін бірден-бір себеп темекіге тәуелділік екен. Оның сөзінше, қазір Қазақстанда өкпе қатерлі ісігі алдыңғы сапта тұр.

– Мәселен біз өкпе қатерлі ісігін ерте анықтауға көп көңіл бөліп отырмыз. Себебі елімізде ғана емес, бүкіл әлемде де осы өкпе обырынан болатын өлім-жітім бірінші орында тұр. Әрине, бұған халықтың темекіні көп тұтынуы, экологиялық факторлар және ауылдық жерлерде көгілдір газдың болмауы себеп болып отыр, – деді Қазақ ұлттық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра ҚАЙДАРОВА.

Қазір бұл мәселеге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қатты назар аудара бастады. Себебі әлем бойынша 7 миллион адамның темекі індетінен көз жұмуы бұл өте үлкен трагедия екені даусыз.

Әлемде 1 миллиардтан астам шылымқорлардың 80%-ға жуығы темекі шегумен байланысты аурушаңдық пен өлім-жітімнің ең ауыр ауыртпашылығы тиесілі табыс деңгейі төмен және орташа елдерде өмір сүреді. Әлемде өлім-жітімнің басқа кез келген себептеріне қарағанда, жүрек-қантамыр ауруларынан көп адам қаза табады, ал темекі шегу мен темекі түтінін қайта жұтудың әсерінен жүрек ауруларынан болатын өлім-жітім дерегінің шамамен 12%-ы тиесілі. Темекі шегу жоғары қан қысымынан кейінгі жүрек-қантамыр ауруларының екінші себебі болып табылады.

2018 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен оның серіктестері темекі шегумен байланысты денсаулыққа төнетін қауіп-қатер мен темекі тұтыну деңгейін төмендету бойынша тиімді саяси шараларға назар аударту мақсатында Дүниежүзілік темекісіз күнді «Темекі және жүрек аурулары» ұранымен  өткізеді. Осған орай Қазақстанда да «Біз темекісіз Қазақстанды қолдаймыз» атты шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бұл өте қолдайтын іс,  дейді еліміздің бас онкологи Диляра Қайдарова.

Жалпы, мақсаты мен міндетіне жүгінсек, «Біз темекісіз Қазақстанды қолдаймыз» ұлттық бағдарламасының міндеті:

 шылымқорлықпен күрес бойынша қарқынды науқан;

халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін ақпараттық өрісті құру;

темекіден бас тартуға көмек көрсету;

 темекі түтінінен азат ортаны қамтамасыз ету;

 денсаулықты сақтау мен нығайтуға қоғамдық жағымды пікірді қалыптастыру;

бұқаралық ақпарат құралдарына бағдарламаларды жариялау;

балалар мен жасөспірімдер арасында темекі шегудің алдын алу;

халықтың нысаналы топтарын скринингтік тексеріп-қарау шеңберінде шылымқорларды анықтау мен әрі қарай профилактикалық Денсаулық мектептерінде темекі бұйымдарын тұтынудан бас тартуға қолдау көрсету.

Қазақстанның мұндай ұлттық бағдарламын қолға алып отырғанына қатысты әлеуметтанушы маман Аймара Тілеукина былай дейді:

Республикалық деңгейде мұндай ұлттық бағдарламалардың қолға алынуын өз басым қолдаймын. Алдағы уақытта бұл бағдарламаларды өңірлерде, алыс ауылды-аймақтарда орындалуын қадағалау керек. Аудандық, ауылдық Денсаулық сақтау басқармалары, МСАК ұйымдары, салалық қызметтер, облыстар мен Астана, Алматы қалаларының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары, облыстар мен Астана, Алматы қалаларының ҚДСК департаменттерінің қызметкерлері бірлесе отырып жұмыс жасаса, бұл өз нәтижесін беретін бағдарлама. Мұндай бағдарламаларын ұлт денсаулығы үшін қажет. Осындай бағдарламалардың нәтижесінде 2018 жылдан бері еліміздегі шылымқорлардың саны 30 пайызға азайғаны белгілі болып отыр. Сондықтан аталмыш бағдарламалар өміршең болуы керек,   деді әлеуметтанушы.

Маманның пайымынша, әсіресе балаларға мектеп жасынан  «Өкпе», «Жүрек» дегеніміз не, адам қандай ауамен демалуы керек екендігі туралы ақпаратты молынан  беру керек.

Балалармен «өкпе аурулары» дегеніміз не, неге темекі шегу жаман әдет және адамды ауруға шалдықтыруы мүмкін екендігі туралы әңгімелесу аса маңызды. Жүрек – өте маңызды мүше. Біздің жүрегіміз қанды бүкіл денеге сорғы секілді айдау үшін күндіз-түні жұмыс істейді. Адам өмір сүріп, өсіп және дамуы үшін жүрек қанды бастан аяққа дейін айдауға көмектеседі. Жүрек сау және мықты болуы керек. Адам тыныс алмай өмір сүре ала ма? Дұрыс тыныс алу үшін өкпе сау, таза және мықты болуы керек» деген жайттарды үнемі айтып отыру керек. Міне, біз қазір қолға алып отырған «Темекісіз Қазақстан» ұлттық бағдарламасында осы жайттардың арнайы бөлімдері қамтылған. Сондықтан өз басым осы бағдарламаларды сауатты орындау керек деп есептеймін,  дейді әлеуметтанушы маман Аймара Тілеукина.

Жалпы, қазірде елімізде темекімен күрес жобасына байланысты қоғамдық орындарда темекі шегуге, темекі тұқылын көшеге тастауға заңмен тыйым салынған,

Темекі өнімдерін тұтынудың алдын алу және шектеу жөніндегі шаралар ҚР "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV Кодексінде белгіленген.

Бұл заң, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында, темекі өнімдеріне шектеу мен қолданысын азайтуға бағытталған.

Бұл ретте заңгер Айдын Жәкешбаев:

 «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 159-бабының 5-бөлігіне сәйкес темекі өнімдеріне тыйым салынған орындарды да нақтылап қойдық. Мысалы, білім беру ұйымдарында, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамдардың демалуына арналған ұйымдарда; денсаулық сақтау ұйымдарында; қоғамдық тамақтану орындарында; кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, көру және көрме залдарында, спорт ареналарында және көпшіліктің демалуына арналған басқа да жабық ғимараттарда, соның ішінде түнгі клубтарда, дискотекаларда; мұражайларда, кітапханаларда және лекторийлерде; поездар мен теңіз және өзен көлігі кемелерінде белгіленбеген жерлерде, бұдан басқа тағы бірқатар орындарда темекі шегуге болмайды. Біз мұндай шараларды халықаралық тәжірибеге сүйене отырып алдық. Қоғамдық орындарда темекі шеккендерге 3 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған. Бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанған жағдайда 6 АЕК айыппұл салынады. Мұның өзі қоғамда темекіге белгілі бір шектеу қоя алатындығымызды білдіріп отыр. Сондықтан мұндай шараларды қолдау керек, деді.

Жалпы, деректерге жүгінсек, Қазақстан халқы қазірде темекі өнімдерін сатып алуға жыл сайын 1 млрд доллардан астам қаржы жұмсаса, тек қана темекі шегуден халқымыздың ағзасына түскен ауыртпалықты емдеуге жыл сайын 5 млрд доллар көлемінде қаржы кетеді.

Бұл ретте заңгер Айдын Жакешбаев:

– Елімізге енетін темекі өнімдерінің 90 пайызы сырттан келетіндіктен, бұл жерде тек пайданы шетелдік компаниялар ғана көріп отыр. Пайдасын еселей түсуді көздейтін сол компаниялардың Қазақстанға шылым сатудан көретін жыл сайынғы пайдасы 200 млн долларды құрайды. Сондықтан онколог мамандар ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінде 20-25 жастағы азаматтар темекінің құрбанына айналуда.

Осыған орай онкологтар:

Темекі өнімдерін дүкендерде сатуға қатаң тыйым салу керек. Бұл ретте, тек арнайы лицензиясы бар темекі сататын шағын дүңгіршектер ашқанымыз жөн. Әсіресе қалалық жерлерде бұл жүйені мықтап қолға алуға мүмкіндік мол. Ал ауылдық окургтерде дүкендер онсыз да санаулы ғана. Ауылдық жерлерге бұл әдісті дүкен ішінен арнайы лицензиясы бар бұрыштама ашу арқылы жүзеге асыруға болады. Темекі өнімдерін сатушы компанияларға салынатын салық бес есеге көбейтілгені абзал. Өйткені жыл сайын Қазақстанның темекі нарығына 30 миллиард дана шылым түседі. Ал шетелдік компаниялардың төлеп жатқан салықтары мардымсыз, тапқан пайдалары шашетектен. Сондықтан осыған орай темекінің әр данасына салық салынғаны жөн. Сонда елге түсетін кіріс еселене түседі.  деген ұсыныстарды да алға тартты.

Тізбелей берсек, темекіге тәуелділікті төмендету хақында айтылар ұсыныстар жетіп-артылады. Бір басымдық беріп айта кетерлігі, бүгінде дені сау ұрпақ өрбіткісі келетін елдер темекімен күресті біртіндеп шешіп-ақ келеді.

Сондықтан бізге де темекімен күрес ұлт денсаулығының кепілі екенін ұғынатын кезең әлдеқашан жетті. Осы орайда мемлекеттік, ұлттық бағдарламалдарды қолдау азаматтық парызымыз,  дейді бізбен пікірлескен мамандар.

Қарлығаш Зарыққанқызы

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір