• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
03 Сәуір, 16:41:08
Шыңжаңдық дүнген: Дереу қазақтардан кешірім сұраңдар! (аудио)

17 Ақпан, 2020 Саясат

Абзал Құспан: Митингіге қатысты реформаның аты – хабарлау, іс жүзінде – рұхсат сұрау

Фото: Тимур Батыршин / РИА Новости

Президент Қ.Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң әзірлеуді тапсырған. Осыған орай "Ашық Үкімет" сайтында "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасының тұжырымдамасы жарияланды. Онымен танысқан әр азамат өз ұсынысы мен талап-тілегін қалдыра алады. Қамшы тілшісіне пікір білдірген заңгердің бірі митинг, бейбіт жиналыс туралы заңның болуының өзі адам құқығын шектеу десе, келесі заңгер бір қайнауы ішіндегі бұл заң жобасы жетілдіруді қажет етеді дегенді айтты.

Құқықтанушы Руслан Түсіпбеков "азаматтардың бейбіт түрде жиналу құқығы ешкімнен рұхсат сұрамастан жүзеге асырылуы тиіс" дейді.

– Заң деген әуелі адам құқығын шектеу. Азаматтардың бейбіт түрде жиналуы үшін ешқандай шектеу болмауы керек. Қанша адам, қандай мақсатпен, қай жерде, қай уақытта жиналатынын өзі білуі тиіс. Батыс елдерінде мұндай заң жоқ. Пікірін білдіру құқығы адамның табиғи құқықтарына жатады. Мемлекет адамның табиғи құқығын жүзеге асыруға рұхсат береді деудің өзі күлкілі, – деді Руслан Түсіпбеков.

Құқыққорғаушы, заңгер Абзал Құспан кез келген заңды жоба кезінде талқылаудың, әсіресе қазақ тілді ортада талқылаудың маңызына тоқталды.

– Тәуелсіздік алғаннан бері өткен митингілерге назар аударсақ, қатысушылардың шамамен 90 пайызы қазақ тілді екенін көруге болады. Митингілерге шыққандар қазақша сөйлеп, талаптарын қазақша қойып жүр. Санкцияланғаны бар, санкцияланбағаны бар, Жаңаөзендегі оқиға болсын, жер митингілері болсын негізінен алаңға шыққан – қазақ тілді орта. Соңғы 30 жылда қазақ тілді ортаның саяси белсенділігі арта түсті. Сәйкесінше, митингілерді реттейтін заң жобасын қазақ тілді орта кеңінен талқылауы қажет. Өйткені ертең осы заңмен реттелетін болады, осы заңмен соттайтын болады. Сондықтан қазақ тілді орта жобаны талқылауда енжарлық танытпағаны дұрыс, – деді заңгер.

Абзал Құспанның айтуынша, заң жобасы Қазақстандағы азаматтық, қылмыстық заңнама сияқты өте қиын тілде жазылған. Заңның түсініксіздігінен елде қарапайым азаматтар оны жіті біле бермейді. Сәйкесінше, заңдағы шикі тұстардан бейхабар. Мұны сот процестерінде үкімет, билік өз пайдасына жиі пайдаланып кетеді.

Заңгер заң жобасының бірнеше шикі тұсы барын атап өтті.

– Заң жобасына сәйкес, 250 адамға дейін қатысатын бейбіт жиындар мен митингілерді ұйымдастыруда жергілікті атқарушы органдарды хабарландыру тәртібі көзделген. Митинг қатысушылары одан көп болса, рұхсат сұралуы керек. Ал алда-жалда митингіге қатысатындар 251 адам болып кетсе, онда митингіні ұйымдастырған тұлға жауапкершілікке тартылады. Егер осылай екі мәрте жауапкершілікке тартылатын болса, ол адам бейбіт жиын, митингі ұйымдастыру құқығынан айырылады. Бұл – қолдан жасалған шектеу. Адам құқығын аяқасты ету. Демократиялық көріністерден алыстау. Мұны аталмыш заң жобасының үлкен кемшілігі дер едім. Сондай-ақ хабарландыру үрдісінде қанағаттандыру, қанағаттандырмау мәселесі қаралмауы керек. Заң жобасындағы екі бірдей бапта хабарландыруды қарау тәртібі көзделген. Бұл баптар хабарландыру тәртібінің маңызын жойып отыр. Сонда митингіге қатысты реформаның аты – хабарлау, іс жүзінде – рұхсат сұрау болайын деп тұр, – дейді ол.

Құқыққорғаушының сөзінше, митингі өткізу туралы хабарландыру бұрынғыдай 10 жұмыс күні бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлануы тиіс. Бірақ хабарланған митингіге билік кез келген уақытта тыйым сала алады.

– Билік хабарланған митингіге оп-оңай тыйым сала алады. Оның себебі сантүрлі болуы мүмкін. Мәселен, "азаматтардың өміріне қауіп төніп тұр" деп хабарланған митингіні болдырмай қою билік үшін түк емес, – деді құқыққорғаушы.

Абзал Құспан заң жобасында митинг өткізетін орындар қаланың сыртында емес, орталығында болсын деген талап ескерілмегенін айтты.

– Қандайда бір адам митингіге айдалаға айқайлау үшін шықпайды ғой. Ол билікке наразылығын, талап-тілегін бетпе-бет айту үшін, билікке қаншалықты наразы екенін білдіру үшін шығады. Және оған мүмкіндік берілуі тиіс. Азаматтар мазалаған мәселелерін сол салаға жауапты нақты ведомство ғимаратының алдына барып білдіруі керек. Қойған талабы бойынша тиісті тұлғадан жауап ала алуы міндетті. Халықаралық заңнама бойынша солай. Біздің заңда мұндай мүмкіндіктің болмауы ескі заңның сарқыншағы дер едім, – деп атап өтті заңгер.

Құқыққорғаушы пікірінше, заң жобасында журналистердің митингі кезінде өзін қалай ұстау керек, қандай құқықтары, қандай міндеттері бары туралы тұстар артық.

– Өйткені журналистер қызметі БАҚ туралы заңмен реттелген. Егер аталмыш заң журналистер қызметін реттейтін болса, онда полиция қызметкерлерінің қызметі де реттелуі тиіс. Жоқ, олар өйтпейді. Тек журналистердің міндетін белгілеп қойған. Негізі бұл заң шығару үрдісіне қайшы дүние, – дейді құқыққорғаушы.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір