• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
18 Ақпан, 04:09:57
Шыңжаңдық дүнген: Дереу қазақтардан кешірім сұраңдар! (аудио)

13 Ақпан, 2020 Әлеумет

Есірткіге қарсы күрес ел ертеңі үшін қажет

Қазірде БҰҰ заңсыз есірткі айналымына баса назар аударып отыр. Осыған орай Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы есірткіге қарсы халықаралық конференцияларды жиі-жиі ұйымдастырады. Бүгінде әлем назарын аударып отырған заңсыз есірткі бизнесі кім-кімді де болсын алаңдатпай қоймайды. Осыған орай Қазақстан да  есірткіге қарсы күрес ел ертең үшін керек екенін жақсы біледі.

«Қазақстанның есірткі, соның ішінде синтетикалық есірткіге қарсы күрес салдарын БҰҰ тиісінше жоғары бағалап отырады. Біздің елімізде есірткі заттарының пайда болуына қатысты белсенді жұмыс істеу жағы сауатты жолға қойылған», – дейді сала мамандары.

Бұл ретте бізге пікір білдірген ҰҚК баспасөз хатшысы «2019 жылы ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті синтетикалық есірткі құралдарының заңсыз айналымының 13 фактісінің жолын кесті, заңсыз айналымнан 8 келі артық психотроптық зат және 786 литр химиялық қоспа алынды. Жүйкеге әсер ететін есірткі затын дайындайтын екі жасырын зертхананың әрекеті тоқтатылды. Есірткі бизнесімен айналысқаны үшін 11 адам ұсталып, қылмыстық жауаптылыққа тартылды», – деп мәлім етті.

«ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті өткен аптада синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхананың қылмысын әшкереледі. 2020 жылғы 4 ақпанда жедел-іздестіру іс-шараларын іске асыру барысында аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткіні құпия орынға қалдыру сәтінде есірткі зертханасын ұйымдастыруға және оның жұмыс істеуіне қатысы бар Алматы қаласының "А" деген тұрғыны ұсталды», – дейді ҰҚК баспасөз хатшысы. «Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу нәтижесінде шамамен 5 келі синтетикалық есірткі, 1 келі және 260 литрге жуық химиялық қоспа табылып, алынды, олар сот-химиялық сараптамаға жолданды. Жүйкеге әсер ететін дайын өнім интернет-ресурстар арқылы және байланыссыз тәсілмен құпия орынға салу жолымен таратылғаны анықталды. ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғады. Ұсталған адам тергеу изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда», – дейді ҰҚК бізге жіберген хабарламасында.

Жалпы, сала мамандарының айтуынша, есірткіні жою мақсатын көздейтін Қазақстанның тәжірибесін халықаралық күштердің біразы қолдап отыр. Сондықтан біздің мемлекетіміз  есірткіге қарсы күресті тереңдете беруі қажет. Мәселен, біздің тиісті органдар осы уақытқа дейін есірткімен күресте «Мак», «Допинг», «Нарко-щит», «Притон» тәрізді ірі-ірі операциялар жүргізген. Осы арқылы бірнеше заңсыздықтың жолын кескен.

Бұл ретте заңгер Марғұлан Асқарұлының айтуынша, Қазақстанның ұстанып отырған жоспары дұрыс. Алдағы уақытта министрліктің, тиісті инстанциялардың ұсынып отырған жоспарын насихаттауға БАҚ өкілдері де белсене араласса, – дегенді алға тартты маман.

«Теледидардан есірткінің есті алар, адамды айуанға айналдырар, адамзатқа тигізер қасіретін, отбасына әкелер қайғысын әртүрлі формада үзбей көрсетіп отырса, дұрыс болар еді деп ойлаймын. Қоғамға кесел болып жабысқан нашақорлық дертіне, ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін жолға тосқауыл қою жолында мемлекеттік билік орындары, құқық қорғау органдарына бөлек БАҚ өкілдері мен медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ата-аналар бірігіп күресуі қажет. Меніңше, нашақорлар – ауру адамдар, сондықтан оларды емдеу керек. Ал есірткіні таратушыларға жазаның ең ауыр түрін қолданған жөн», – дейді заңгер. Марғұлан Асқарұлы.

Нашақорлар – әрі ауру адамдар, әрі қылмыскерлер деген маман, «егер әрбір сырқат адамды жазалап, қоғамнан аластатар болсақ, одан біздің мемлекетіміздің өркендеуіне ешқандай пайда келмейді. Ешкім нашақор болып тумайды, оның осындай жағдайға душар болуына маңайындағы араласатын таныстарының және есірткіге бой алдырған немесе есірткіні пайда көзіне айналдырған адамның  ықпалы әсер етеді. Сондықтан алдымен есірткіні таратушыларға қарсы күресті күшейту керек. Есірткі саудасымен және ұйымдасқан қылмыспен күресу дүниежүзінің барлық елдері үшін өткір мәселе болып отыр. Заңсыз есірткі айналымына және есірткіге тәуелділерге қарсы жүргізіліп жатқан шаралар бізде әлсіз емес. Десек те осы атқарылып жатқан жұмыстарды министрлік, акпарат комитеті, құзырлы органдар одан әрі тереңдете берген абзал», – дейді Марғұлан Асқарұлы.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, Еуразия жолдарының қиылысында орналасқан Қазақстанның геосаяси жағдайы есірткі тасымалдау үшін транзиттік дәліз ретінде халықаралық есірткі синдикаттары мен ұйымдасқан қылмыстық топтар үшін Ауғанстаннан Ресейге, одан кейін Еуропаға есірткі заттарын орасан зор мөлшерде контрабандалық жолмен тасымалдауға қолайлы екені жасырын емес. Аса ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды заңсыз айналымға шығарып, жанталаса қимылдап жатқан халықаралық есірткі синдикаттары мен ұйымдасқан қылмыстық топтар заңсыз тасымалдау кезінде, еліміздің тұрғындарын «жол бойы» зақымдап улау салдарынан, республикамызда есірткіге тәуелді азаматтар саны айтарлықтай көбейіп отыр.

Осыған байлынысты «Есірткісіз Қазақстан» деген атаумен талай шаралар да ұйымдастырылды. Бұл ретте мамандардың айтар ойы да бар.

«Елімізде есірткі заттарын дайындау, сақтау, тасымалдау және сату әрекеттеріне тыйым салынған. Алайда, ерекше қобалжу тудыратын мәселе жоғарыда атап көрсетілген жағдайлардың әсерінен есірткіге тәуелді тұлғалардың арасында кәмелет жасына толмаған жеткіншектердің жайы. Міне, біз біріншіден осы жайттардың тереңдеп кетпеуіне барынша назар аударуымыз керек. Ол үшін мектептерде, қоғамдық орындарда баланың санасына жетерліктей етіп, насихат жүргізілуі қажет. Екіншіден, есірткі бизнесі, кез келген ұйымдасқан қылмыс секілді шектеуі жоқ және ұлт талғамайды. Есірткі қолдануға әсіресе құмарлық адам өмірі мен қоғам үшін шын мәнінде қауіп төндіреді. Сондықтан да осы халықаралық сипатқа ие болып отырған нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күреc және оның алдын алу мәселесі біздің облыс көлемінде де басты мәселелердің бірі болғандықтан, жалпы республика көлеміндегі насихат артуы керек», – дейді нарколог маман Сапар Нұрменшиев.

Маманның айтуынша, біз келешекте мынадай жайттарға басымдық бергеніміз абзал:

Ең алдымен уәкілетті мемлекеттік органдармен нашақорлыққа қарсы қоғамдық корғаныс қабілетін әлеуметтік иммунитетті (наркоиммунитетті) қалыптастыруды қамтамасыз ету қажет. Бұл үшін қазіргі жүргізіліп отырған мемлекеттік әлеуметтік саясатымыз дұрыс. Енді осының насихатын күшейту керек.

Есірткі пайдаланатын адамдардың өз денсаулығына көзқарасын өзгерту, олардың санасына адам денсаулығы өзі үшін де, тұтастай қоғам үшін де құндылық болып табылатындығы туралы идеяны түсіндіріп, жеткізу – маңызды психологиялық алғышарты болып табылатын салауатты өмір салтын жүргізуге ұмтылысты ынталандыратын бағдарламаларды әзірлеу және енгізу. Өйткені, адамның өз денсаулығына көзқарасының өзгеруі басқа да алдын алу және емдік бағдарламалардың іске асырылуын жеңілдетеді. Азаматтардың құқықтық сауаттарын арттыру арқылы өз еркімен немесе көндіру арқылы оңалу үшін жағдай туғызу.

Баспасөз беттері және электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа есірткінің зияны туралы кең көлемде ақпарат бере отырып, есірткі пайдалануға және нашақорлыққа қарсы насихаттау жұмыстарын күшейту;

Уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алуға және оны емдеуге мамандандырылған медициналық мекемелердің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту; нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрестегі ынтымақтастықты дамыту сияқты халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеу қажет.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір