• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 10:58:23
Алматы
+35°

Президент Жамбыл облысы Қордай ауданындағы қазақ-дүнген қақтығысына байланысты Ақордада шұғыл жиын өткізді. Ол оқиғаға қатысты үкімет комиссиясы құрылатынын мәлім етті. 

"Құрметті қазақстандықтар! Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды. Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды", - деді президент. 

Сонымен қатар Тоқаев қаза болғандардың отбасы мен туыстарына көңіл айтты. 

"Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін.

Қазір полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алды. Осыған орай, мен Үкімет комиссиясын құруды тапсырдым. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев төрағалық етеді. Үкімет комиссиясы болған оқиғаның себебін анықтайды.
Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады. Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді", - деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Жиын кезінде президент бұл оқиғаны өз пайдасына асыратын арандатушылар қатаң жазаланатынын айттып, ескерту жасады. 

"Қадірлі отандастар! Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі. Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан, біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз.
Бұл еліміздегі барша азаматтарға ортақ тілек деп санаймын. Азаматтарды жалған қауесеттерге бой алдырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысында құқық қорғау органдарына көмек беруге шақырамын. Мемлекеттік органдар туындаған мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды", - деп сөзін аяқтады Тоқаев. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір